Көшпенділер додада олжа салған жыл
Өтіп бара жатқан Ұлу жылы Астанада мәдениет пен өнер саласында 19 мыңнан астам іс-шара өтті. Атап айтқанда, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Астанадағы Мәскеу және Ташкент күндері, Қазақстандағы Тәжікстан күндері, Астанадағы Индонезия астанасы Нусантара күні, TEATP ALL III халықаралық театр фестивалі, «Театрлы Еуразия» халықаралық фестивалі және т.б. көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Бұларды 2,3 млн астам көрермен тамашалады. 2024 жылғы елордадағы басты мәдени оқиғаларды тарқатайық.
«Театр барысы» турнирі
28 ақпанда Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында актерлер арасында қазақ күресінен театрлар арасында II республикалық «Театр барысы» турнирі өтті. Оның мақсаты – еліміздің театрларында ұлттық спортты дамытып, қазақ күресін кеңінен дәріптеу, сондай-ақ Қазақстанның театр кеңістігіндегі актерлердің өнер мен спорттағы шығармашылық әрі әріптестік байланысын нығайту. Жарыста еліміздің 17 өңірінен 53 театр және кино актері 5 салмақ бойынша белдесті.
Қазақстандық мәдениет апталығы
Елордада 3-8 шілде аралығында қазақстандық мәдениет апталығы өтті. Оның аясында Есіл өзенінің жағасында бірқатар тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды. Астаналықтар мен қала қонақтарына ұлттық ойындардан түрлі интерактивтер, жарыстар дайындалды. Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасымен бірлесіп «Қазақша лайк» ойыны өткізілді. Сондай-ақ «Менің атым Қожа» және басқа да кинофильмдер көрсетілді.
Ұлттық атмосфераға ену мақсатында ұйымдастырушылар этноауыл құрды. Жағалауда ұлттық киімдер мен өнер көрмесі кезінде «Алтыбақан» мен киіз үй орнатылды. Қонақтар Қазақстанның бай мәдени мұрасын, тазы иттер мен бүркіттерді тамашалады. Есіл өзенінің жағасында ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды. «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі қатысушылардың барлығына мерекелік көңіл күй сыйлады.
«Театрлы Еуразия» және ТЕАТР АLL халықаралық театр фестивальдері
Елорда күнін мерекелеу аясында 5-7 шілде аралығында «Театрлы Еуразия» халықаралық театр фестивалі өтті. Орталық саябақта өткен фестивальда Қазақстан, Ресей, Польша, Эстония және басқа да елдердің театрландырылған көше қойылымдары ұсынылды. Мұнда «АспектР», «СоЛу», «Черный квадрат», «Мимикрия», «Vokrug», «Королевский жираф» театрлары, Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры, Мұрат Мұтырғанов театры және басқа да ұжымдар өнер көрсетті. Қонақтар мен қала тұрғындары әртістер мен басқа театрлардың шерулерін тамашалады.
Ал 28 қазан мен 3 қараша аралығында көрнекті жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанованың драматургиясына арналған ТЕАТР АLL III халықаралық театр фестивалі ұйымдастырылды. Астана төрінде биыл үшінші мәрте өткен халықаралық фестивальге ел театрларымен қатар Әзербайжан, Қырғызстан өнер ұжымдары қатысты.
Театр фестивалінің шеңберінде шеберлік сабақтары мен шығармашылық кездесулер, отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, қаламгердің «Жарық дүние» атты шығармашылық кеші өтті.
ÓzgeEpic алғашқы ірі шығармашылық хабы
Астанада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, қала әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен ÓzgeEpic атты алғашқы ірі шығармашылық хаб ашылды. Креативті хаб бәсекеге қабілетті заманауи өнерді дамытуға, қоғамның мәдени санасын арттыруға және дарынды әрі интеллектуалды жастарды қолдауға бағытталған. Оған бірегей этно-музей мен қолөнер шеберханасы кіреді. Мұнда заманауи арт-перформанс, музыкалық және әдеби кештер үшін трансформер зал, сондай-ақ заманауи өнер галереясы, театр алаңы және ұлттық ойындардың смарт аймағы ұсынылады. Хаб аумағында қазақстандық баспалардың кітаптары сатылады.
Ташкенттің мәдениет күндері
7-8 тамыз күндері Астанадағы Орталық саябақта Ташкенттің мәдениет күндері өтті. Оның аясында Ташкент әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарламалар, ұлттық қолөнер көрмелері, отбасылық спорттық жарыстар мен ойындар, Өзбекстан туристік мүмкіндіктерінің таныстырылымы ұйымдастырылды. Дәстүрлі өзбек тағамдары сатылды. Амфитеатр сахнасында өзбек эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, Өзбекстан мен Қазақстанның Халық әртісі Фаррух Закиров, опера өнерінің өкілі, Өзбекстанның халық әртісі Жеңісбек Пиязов пен «Бахор» ұлттық би ансамблі және басқа да эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дүркіреді
Күзде Астанада дүркіреп өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары түбі бір түркі жұртының ұлттық ойындарымен қатар мәдениет пен дәстүрді паш етті. Бағдарлама аясында театрлар шеруі, Қазақстан суретшілер одағы жұмыстарының көрмесі, сән көрсетілімдері ұйымдастырылды.
«Қазанат» ипподромының жанында «Көшпенділер әлемі» этноауылы ашылып, елорда тұрғындары мен қонақтары Қазақстан халқының бай мұрасымен, көшпелі халықтардың өзіндік мәдениетімен танысты.
Этноауыл аумағында шығыс базары ұйымдастырылып, еліміздің екі жүзден астам қолөнершілері өз өнімдерін ұсынды. Ұлттық бұйымдарды жасау тәсілдері, зергерлік бұйымдар, былғары өңдеу, керамикалық мүсін бойынша шеберлік сабақтары өтті.
«Наз» театры, «Жастар» сарайының, кітапханалар жүйесінің мерейтойлары
Биыл Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрына 25 жыл толды. Соған орай қараша айында театрдың мерейтойы аясында «Алдар көсе» хореографиялық спектаклінің премьерасы өтті.
«Жастар» сарайы да «Жарты ғасыр – жарқын жылдар» атты концертпен 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Жас таланттарды қолдауға арналған ерекше мәдени орда – халық пен өнер арасындағы алтын көпір. Нысан жарты ғасыр ішінде өнер мен шығармашылықты дамыту орталығы болып қана қоймай, елімізге танымал көптеген өнерпаздың алғашқы қадамын жасаған алаңға айналды.
Биыл Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрылғанына 50 жыл толды. Мекеме қызметкерлері мерейтойды Республика күні және Кітапханашылар күні мерекелерімен қатар атап өтті.
Жалпы Астана әкімдігі мен қалалық мәслихаттың қолдауымен биыл 8 кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қаланың кітапхана желісі тағы 4 кітапханаға көбейді. Осылайша қалалық кітапханалар саны 22-ге жетті.
«Бала Қаныш», «Әміре», «Сәкен»
Биыл елорда театрларында тарихи тұлғаларды таныта түскен бірнеше премьера өтті. Атап айтқанда, Астана қаласы Қуыршақ театры «Бала Қаныш» (авторы – Қуат Ежембек, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратова) қойылымын ұсынды. Балаларға базарлық ретінде ұсынылған туынды ғұлама ғалым, Қаз КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналды.
Ал Музыкалық жас көрермен театры «Әміре» моноспектаклінің (авторы – Қанат Жүнісов, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров) премьерасын өткізді. Спектакль осыдан бір ғасыр бұрын қазақ әнін Еуропаға алғаш танытқан Әміре Қашаубаевтың өмірі мен өнерін арқау етті.
Жалпы осы жыл «Әміре» авторы, әнші, актер, ақын, драматург Қанат Жүнісов үшін жемісті болды. Күзде Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен оның шығармаларының он күндігі «Қолтаңба» атауымен өтті. Өнер иесі биыл аса көрнекті мемлекет қайраткері, ардақты ақын, жазушы-драматург, халық композиторы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына «Сәкен» фильм-концертін тарту етіп, шығармашылық онкүндігін осы туындымен ашты.
Биылғы елеулі мәдени оқиғалардың қатарында көрнекті театр және кино режиссері, Қазақстанның Халық әртісі, өнертану профессоры Талғат Теменовтің шығармашылығына арналған «Теменовтің суреткерлік әлемі» атты өнер күндерін, белгілі ақын, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазының «Ұлы дала жүрегі» атты шығармашылық кешін де ерекше атап өтуге болады.
Ел төрінде төрт жаңа ескерткіш
Биыл Астанада төрт жаңа ескерткіш бой көтерді. Көктемде Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға ресми сапары аясында Қабанбай батыр даңғылы бойында қырғыздардың «Манас» эпосының бас кейіпкері Айкөл Манастың ескерткіші ашылды. Оның ашылуына қос елдің басшылары – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров қатысты.
Жазда «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы маңында түрікмен ақыны Мақтұмқұлының ескерткіші, тамыз айының басында Достық көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында өзбектің ұлы ақыны, ойшылы Әлішер Науаидің ескерткіші ашылды. Осы ескерткіштің ашылуы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға ресми сапарына орайластырылды. Ал 28 қыркүйек, Мұхтар Әуезовтің туған күніне орай Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры алаңында заңғар жазушының ескерткіші бой көтерді. Бұл орайда классик қаламгердің ескерткішін елорда төрінде орнату мәселесін «Астана ақшамы» газеті бірнеше рет көтергенін айта кету керек.
Сабина КӘКІМЖАН, Аманғали ҚАЛЖАНОВ