Басты ақпаратСпорт

Көшпенділер ойынының тамыры тереңде



Астана қаласында биыл 8-14 қыркүйек аралығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. 100-ден астам елдің 4 мыңға жуық спортшыcы көшпенділер өркениетінен бүгінге жеткен батырлық сайысында күш сынамақ. Осы орайда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айболат КӨШКІМБАЕВТАН Алтын Орда мен одан кейінгі хандықтар кезеңіндегі көшпенділердің соғыс ісі мен жаугершілігі туралы сұрап, білген едік. 

– Еуразия аумағын алып жатқан ұлан-ғайыр кеңістікті жайлап жатқан ежелгі, орта ғасырлық көшпенділер тарихында шайқастар мен әскери істің орасан зор маңызы болды. Көшпелі халық айрықша соғыс жүйесін құрды, соның арқасында Ұлы даладан тысқары жатқан жауларынан ықпай, саяси-әскери үстемдігіне қол жеткізді.

Көшпелі қоғамның өзіндік шыңдалу мектебі болды. Сарбаздардың  күш-жігерін жанып, жаужүрек етіп тәрбие­леуде, соғыс өнеріне баулуда  жауынгерлік дәстүрлер мен дағдыларды қалыптастыратын  әскерилендірілген халық спортына үлкен рөл берілді.

Әскери-этнографиялық материалдарға қарағанда, Орта Азия көшпенділерінің ең танымал әскери спорттық жарыстарының бірі найзаласу, сүңгілесу немесе «найзаласу сайысы» (бейбіт уақытта) болған. Жекпе-жектің мәні, әдетте, сарбаздың бес қаруды игерудегі ептілігін, батырлығын көрсетудің әдісі. Сондықтан әртүрлі тайпалардан немесе рулық бірлестіктерден екі-екіден найзашылар шығып, күш сынасқан. Мұндай сайыстар адамдар көп жиналатын үлкен тойларда, ауқымды астарда  өткізілді. Бұл жарыстың ерекшелігі ұзын ағаш найзаларды (3 метрден 4 метрге дейін) пайдалануға рұқсат етіледі, бірақ оның үшкір темірден жасалған ұшы болмайды, доғал болып бітеді. Жекпе-жекке қатысушылар қабаттап былғарыдан, қалың матадан, жүннен тігілген қалың киім, жұқа сауыт киеді. Жаршының арнайы белгісі бойынша екі жақтан бір-біріне қарсы шапқан батырлар жақындап келгенде астындағы жүйрігінің екпінімен  қарсыласын найзасымен шаншып өтеді. Найзаның күшімен аттан құлап жер құшқаны жеңіліп, білегі мен сәйгүлігінің мықтысы жеңімпаз атанған. Жауынгерлік сайыстың бұл түрінде батырдың астындағы сәйгүліктің екпіні маңызды. Сол себепті атты ұруға тыйым салынған, қарсы­ласын қамшыламаған. Оны бұзғандар қатаң жазаланады. Мұндай спорттық сайыстардың соңында жауынгерлер ауыр жарақаттанып, кейде кісі өлімімен аяқталатын жағдайлар жиі болған. Найзаласу – шын мәнінде ұзын қаруды білегімен үйірген сарбазға дағдылану әрі тәжірибеден өтетін нағыз салт аттылы әскери дуэлі.

Астана қаласының ең үздік спорт алаңдарында 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрінен жарыстар өткізіледі. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары, сондай-ақ этникалық спорт түрлерінен көрсетілім қойы­лымдары бар

– Көшпенділердің тағы бір танымал ат ойыны – көкпар (көк бөрі, қырғызша «көк бору»). Оның пайда болып, кең таралуын орта ғасырлардан іздеуге бола ма?

– «Көк бөрі» терминінің өзі бұл көне ойынның қасқырдың тотемдік бейнесімен байланыс­ты екенін көрсетеді. Шамасы, ертеде ер-жауынгерлер олжасын басып озып, үйіне апаратын қасқыр сияқты болған. Уақыт өте келе жауынгердің бейнесі көкпаршыға (көк бөрі) айналды. Көкпаршылардың  күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруы жеңісті жақындатады. Жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінетін ойынның мақсаты: саны жағынан бірдей екі шабандоз командасы өз шеңберіне (қазанға) қойылуы тиіс серке алу үшін күреседі. Додаға түскен салт аттылар арасында нағыз кескілескен қоян­-қолтық жекпе-жек өтеді. Бұл ойын батылдық, күш, ептілік, шаршамау, өзара көмек көрсету және ұйымшылдық сияқты жауынгерлік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті.

Бүгінге жеткен жарыстың тағы бір түрі – «аударыспақ». Оған тек  палуан денелі, аттың құлағында ойнайтын шабандоздар тәуекел еткен. Бұл жарыстың шарты – қарсыласын жалаң қолмен аттан құлату. Ерекше жеңімпаз қарсыласын құлатып қана қоймай, оны ердің алдыңғы қасынан асырып лақтырып жібереді. Мұндай жекпе-жек өнерінде атқа және оның арнайы дайындығына өте маңызды мән берілді. Ал жас балалар тай-құлынға, басқа да үй жануарларына мінуге үйрене бастаған кезінен бастаған.

Осы уақытқа дейін басқа түркі халықтарының күресімен бірқатар ұқсастықтары бар қазақтың ұлттық күресі қазақша күрес (қазақ күресі) өте танымал спорттық жарысы болып саналады. Жекпе-жекке екі палуан қатысады, олардың міндеті қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, жер жастандыру. Жекпе-жектің бұл түрінде ептілікке, күш пен шеберлікке байланысты әртүрлі әдістер қолданылады.

Көшпелі өмірдегі жылқының ерекше рөлі аламан бәйге, алыс қашықтыққа ат жарысы, бұл жорықтағы жауынгер аттарды төзімділік пен күш-қуатқа сынау да, жаттықтыру да болды. Аттың  құлағында ойнайтын өрендер үшін тағы бір ептілігін сынайтын ойын – теңге ілу, яғни жерден теңге теру – қазақтар арасында кеңінен танымал ойын. Бұл ойынның ережесі бойынша тиындар немесе күміс құймалар белгілі бір аумаққа шашылған. Бастапқы сызықта тұрған ойыншылар дабыл қаққанда шапқан күйінде тақымын босатпай, ат үстінен еңкейіп барынша көп тиын алуы керек. Жеңіс ең көп тиын жинағанға берілді. Осылайша, үздіксіз әсерлі жарыстар, жеке жекпе-жектер болашақ жауынгерлерді шыңдаудың, үлкен соғыстарға дайындаудың үлкен мектебі болды.

Жамбы ату – орта ғасырларда кең таралған спорт түрі. Бүкіл ғұмыры аттың үстінде, жаугершілікте өткен халықтың садақ ату өнері шеберліктің шыңы саналатын. Мұндай жарыстардың егжей-тегжейлі сипаттамасын 1436 жылы Танға барған кезде көрген Джошафат Барбаро келтіреді: «Бұл жерлерде жарыс­тар келесідей өтеді. Екі ағаш бағанға көлденең қойылған ағаш арқалықтан жіңішке жіпке күміс тостаған ілінеді (бұл құрылғы адамдарды дарға асатын биік бағанға ұқсайды). Жүлдеге таласатындардың жебелерінің ұшы жарты ай сияқты өткір жиекті болып келеді. Салт аттылар садағын кезеніп нысанды бетке алып шабады да, бағананың түбіне жете бере, аттың басын тежеместен кері бұрылып, жамбыны көздеп атады. Кімнің жебесі жамбы байланған арқанды қиып түссе, сол жүлдені алады» дейді.

– «ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақтардың әскер ісі» еңбегіңізде барымтаның да бастапқы негізінде аңшылық өнер жатыр деп айттыңыз. Спорттың бұл түрі қазіргі заманда назардан тыс қалып қойған ба?  

– Орталық Азияның көне және орта ғасырлық көшпелі қоғамдарының өмірінде екі негізгі мәселені шешу үшін жаппай аң аулау жүргізілді. Бұл біріншіден, жабайы аңдар мен құстарды аулау арқылы азығын қамдап алудың тиімді жолы. Екіншіден, барынша көп адам қатысатын қауымдық аңшылық арнайы әскери институт сияқты қалыптасты. Мұнда саятшылар садақ ату және жылжып бара жатқан нысанаға найза шаншумен қатар әскери бөлімдердің ұрыс жүргізуінің тактикалық тәсілдерін жүзеге асыру да қарастырылды.

Мысалы, Ата Мәлік Жувайни өзінің «Әлемді жаулаушының тарихы» атты еңбегінде «ол (Шыңғыс хан) үлкен мән берген [А.К.] аңшылыққа арнап, жабайы аңдарды аулаудың әскери басшыларға жарасатынын айт­қан. Ал оны үйрету жауынгерлер мен жауынгерлердің міндеті делінген. Яғни, адам санына қарай олар саятшылардың жемтігін қалай қуатынын, қалай тұзаққа түсіріп, қалай сапқа тұрып, олжаны қалай қоршайтынын білуі керек. Моңғолдар аң аулауға жиналғанда алдымен аңның түрі мен санын білу үшін шолушы жібереді.

Ал, олар әскери іспен айналыспаған кезде үнемі аңшы­лықта болып, өз жауынгерлерін жаттықтырып, тек олжа үшін ғана емес, олардың аң аулауға дағдыланып, садақ атуға машықтанып, қиыншылықтарға төтеп беретін төзімділігін шыңдау үшін де маңызды еді.

Хан үлкен аңшылық өткізген сайын (бұл қыстың басында болады) жарлық шығарады. Яғни қол астындағы және Ордаға көршілес жатқан әскері аң аулауға дайындалып, әрбір ондықтан бұйрыққа сәйкес аңшылық өтетін орынға лайық керек-жарағын сайлап, басқа да жорықтың қажеттіліктерін қамдайды». Сондықтан да Шыңғыс хан мен оның мұрагерлері дәуірінде әскери іс пен аңшылық ер-азамат үшін ең беделді әрі лайықты кәсіп саналған.

Парсы тіліндегі еңбектерде Қазақстанның шексіз даласына жорықтарында  жасақтардың ұдайы аң аулау жұмыстарын жүргізгені туралы мәліметтерді жиі кездестіруге болады. Бұхара ханы Абдаллахтың жауынгерлері Орталық Қазақстанда орналасқан Ұлытау тауларына жетіп, азық-түлік қорын толықтыру үшін екі рет аңдарды айналдыра қуып тұзаққа түсіретін  аңшылыққа шықты. Қазақтарда қауымдасып аң аулау дәстүрі XIX ғасырға дейін сақталды.

Көшпенділер үшін далалық тіршілігіне барынша жақын, мұндай аңшылық, бірнеше негізгі функцияларды атқарды. Атап өтсек, азық-түлікпен қамтамасыз ету, жауынгерлік қаруды қолдануды үйрету, әскери техника мен дағдыларды меңгеру, рухани және физикалық (демалу, ойын-сауық). Көшпелі империяларда қауымдасып аң аулау ең маңызды ұлттық оқиға болды, оған ақсүйектер мен қолбасшылармен қатар қарапайым сарбаздар да қатысуы керек болатын.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button