Көзге көрінбес әлемді көру мүмкіндігі
Елордада «Көзге көрінбес әлем» көрмесі ашылды. Бұл көру қабілеті бұзылған адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып ұйымдастырылған Орталық Азиядағы тұңғыш көрме. Онда тактильді фотосуреттер, аудиогидтер және Брайль қарпіндегі жазулар бар, соның арқасында өнермен өзара әрекеттестіктің мүлдем жаңа форматын түзеді.
«2019 жылы елдегі алғашқы әлеуметтік-мәдени кеңістік ретінде құрылған ÓzgeEpic креативтік хабы заманауи өнер түрлерін қолдайтынын мақтан тұтады және жұртшылық назарын инклюзивті бастамаларға аударуға септігін тигізеді. Біздің мақсатымыз — заманауи қазақстандық өнерді дамыту және дарынды жастарды қолдау. Біз осындай бірегей инсталляцияларды жасауға мүмкіндік берген Canon компаниясымен ынтымақтасуға қуаныштымыз және «Көзге көрінбес әлем» көрмесі өнерді инклюзивті қабылдау жолындағы маңызды қадам болады деп сенеміз», — деді хаб өкілі.
Мәліметтерге сәйкес әлемде шамамен 2,2 миллиард адам көру қабілетінің түрлі бұзылыстарына шалдыққан, сол себепті олар үшін фотосурет көбінесе қолжетімсіз дерлік. Аталмыш көрменің басты ерекшелігі — бедерлі басып шығаруды пайдалану, соның арқасында зағип келушілер әр кадрдың атмосферасын, текстурасын зерделеп, суреттерді қолмен ұстап «көре» алады. Жоғары сапалы басып шығару Canon компаниясының PRISMAelevate XL бағдарламалық жасақтамасының және Arizona сериялы принтерлерінің көмегімен жүзеге асырылған, олар фотосуреттерге жарқындық ғана емес, сонымен қатар бедер де береді, сөйтіп өнерді қолмен ұстап көруге жол ашады.
Көрменің қызықты ерекшелігі көзі көретін қонақтар өздерін көру қабілеті нашар адамдардың орнына қойып көре алады. Глаукома немесе диабеттік ретинопатия сияқты көру қабілетінің түрлі бұзылыстарын имитациялайтын арнайы симулятор көзілдіріктер келушілерге әлемді басқаша көруге көмектеседі.
Көрмеде әлемге әйгілі фотографтар мен Canon амбассадорларының жұмыстары ұсынылады, мысалы Брент Стиртон (АОР), Себастьян Сальгадо (Бразилия), Ягази Эмези (Нигерия), Само Видич (спорттық фотограф), Мухаммед Мухейсен (Пулитцер лауреаты), сондай-ақ қазақстандық шебер Салтөре Сапарбаев, Wildlife Without Borders Kazakhstan қорының тең құрылтайшысы, көрмеде оның «Тау сақшысы» (қар барысының бейнесі) атты еңбегі көрсетіледі.
Салтөре Сапарбаев: «Мен үшін бұл жоба — әлемді жанасу арқылы қабылдайтын адамдарға жабайы табиғаттың күші мен сұлулығын жеткізудің бірегей мүмкіндігі. Қар барысы — біздің тауларымыздың символы, әр адам тактильді фотосуреттер арқылы оның ұлылығы мен рухтылығын сезіне алатынына сондай қуаныштымын».
Көрмеде сондай-ақ тактильді фотосуреттерді «көру» тәжірибесімен бөлісетін британдық белсенді Люси Эдвардс, Паралимпиада чемпионы Менна Фицпатрик сияқты көру қабілеті әлсіз жандардың қатысуымен түсірілген бейнероликтер көрсетіледі.
Көрме 8-30 қараша аралығында ÓzgeEpic креативтік хабында (Бейбарыс Сұлтан к-сі , 12а, 2 қабат) өтеді және күн сайын сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін ашық.