Көженің қанша түрі бар?

Көп елдің мәдениетін тоғыстырған Қазақстанда тамақтың түр-түрі табылады. Шағын кафелерден бастап ірі ресторандарға дейін сан түрлі тамақтың тізімін самсатып тізіп тастаған. Қалтаң көтерсе, қалағаныңды жеп, тәбетің тартқанды ішуге мүмкіндік бар.
Дейтұрғанмен Қазақстанның көп өңірінде сол тамақтардың тізімі орысша немесе қай елдің азаматы ашқан асхана болса, сол елдің атауы бойынша жазылатыны қынжылтады.
Қазақша атауы жоқ болса бір сәрі, қазақшасын қайырып қойып, палауды – плов, ботқаны – каша, күрішті – рис, сүтсірнені – сыр, тоқашты – лепёшка, сорпа мен сұйық тағамды суп деп соға беру қазір үрдіске айналған. Мәселен, мәнпәр (манпар) деген тамақты мысалға алайық. Қазір қазақ елінде қай дәмханаға кірсеңіз де, ас мәзірінде осы тағамның аты тұр. Асхана иелерінен «бұл тағамның қазақша аты қалай?» десең, ешкім білмейді немесе «қазақшасы мәнпәр» деп жауап қайырады. Мәнпәр – қытай тілінен келген атау. Алдымен көже-қатығын қуырып, одан соң оның үстіне су құйып, оған жалпақтау етіп созылған қамырды үзіп (жұлып) салатын тамақты қытайлар таңфән, мәнпәр деп атаса, қазақ оны «жұлма көже» деп атаған. Енді неге сол «жұлма көже» деп атай салмай, қалайша қытайша айтып қиналып жүрміз?
Қазақ ұлтында да тамақтың түр-түрі бар. Мәселен, қазақ тілінде осы көжеге қатысты жұлма көже, кеспе көже, бидай көже, тары көже, мас көже (кей өңірде тары көжені мас көже деп атайды), ұн көже, сүт көже, күріш көже, наурыз көже (көп көже), қара көже, төп көже, қос көже, арпа көже, омаш (умаш) көже, меке (мекен) көже, насыр көже (кеспе көжені кей өңірде осылай атайды), салма көже, қонақ көже, ашытпа көже, бармақ көже, жауған көже, уыз көже, құрт көже сынды 30-ға жуық атау бар. Бұл тек біздің атын білетін көжелеріміз ғана. Ал шын мәнінде «кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деп әр көженің кенуін әр түрлі сипаттаған қазақ көжесінің түрі бұдан да көп болуы мүмкін.
Тілімізде көжемен қатысты тұрақты тіркес те аз емес. Көже қымыз (қымыз араласқан көже), көже қойыртпақ (айранға, қымызға сүт араласқан сусын) деген ас-сусын түрлері де бар. Кейде бәрін араластырып жіберсе, «көже қойыртпақ» боп кетті деп сипаттай сынап жатамыз. Болымсыз нәрсеге қанағаттандырды, сәл нәрсеге риза етті деген сөзді қазақ «көже буаз қылды» (халықты көже буаз қылып алдастыру хазіретке ұнар ма екен?, «Айқап» журналы) деп образдап айту да бүгін есімізден көтеріліп барады.
Белгілі бір зат атауының бір ұлт тілінде болмауы, оның сол ұлттың тұрмысымен қатысы жоғының, яғни өндіріс-тұрмысында қолданылмағанының дәлелі десек, ең қарапайым тамақ түрі саналатын көженің атын да көршіден көшірсек, басқалар да «қазақта ет пен сүттен басқа тамақ жоқ» деген ұғым қалыптастырмай ма?!
Тіл мен дәстүрден кейін ұлттық ерекшелікті айқындайтын бөгенайы бөлек белгінің бірі – тағам мәдениеті. Қазақтың қазы-қартасы, ет пен қымызынан басқа да тағамы толып жатыр. Көженің 30 түрін жасаған ұлт тілден де, тамақтан да таршылық көрмеген, шүкір!