Денсаулық

Көзілдірік киетін бала көбейді

Қазіргі таңда балалар арасында көз аурулары көбейіп кетті. Елорданың бір емханасының өзіне 370 бала қос жанарына шағымданып келген.  Оқушылар арасында қандай көз аурулары көбейді? Алдын алу үшін не істеу керек? Бұл туралы №8 қалалық емхананың балалар офтальмолог-дәрігері Жанна Абақаева айтып берді.

– Жанна Бәкіржанқызы, бүгінде айналамызда көзілдірік киетін балалар неге көбейіп кетті? 

– Электронды техгологияның дамуы тұрмысымызды ғана өзгерткен жоқ,  денсаулығымызға да ықпал етіп отыр. Соның ішінде көз саулығына елеулі әсерін тигізді.

Балалар арасында ең жиі кездесетін көз ауруы – миопия. Яғни, бала алыстан көре алмайды. Бөлмеде жарық жеткіліксіз баса, үнемі бір затқа, мәселен, телефон, гаджет, ноутбук немесе кітапқа көзді тым жақын ұстай берсе, миопия пайда болады. Өкінішке қарай, балаларда және ересектерде де бұл ауру көбейіп барады. Біздің емханамызға күніне орташа есеппен 30-40 бала келсе, соның 10 шақтысында миопия анықталады.

Көз ауруының тағы бір түрі – гиперметропия. Бұл – көз жанарының нашарлап, баланың жақыннан көре алмай қинаулы. Мұны ерте анықтап,  уақыт өте келе түзетпесе, көру қабілеті нашарлауы мүмкін. Одан кейін балалар көбіне конъюнктивит ауруымен келеді. Көздің қызаруы мен қышуы, көздің ішкі жағындағы қабықтың қабынуы бактерия, вирус немесе аллергия салдарынан болады. Көз ауруының астигматизм, амблиопия деген түрлері де бар.

– Балалар телефон, ноутбук, планшет сияқты құрылғыларды күн сайын қолданады. Дегенмен, ата-аналарға қандай кеңес айтасыз?

– Балаңыздың қос жанары сау болсын десеңіз, экранға ұзақ уақыт қарауына шектеу қою керек. Үнемі үзіліс жасауын әрбір ата-ана қадағалаған жөн. Мұндайда 20-20-20 ережесін ұстану маңызды. Әр 20 минут сайын экраннан 20 секундке қарап, 20 қадам алға жүру қажет. Компьютерлік және мобильді құрылғылар көзге ауыртпалық түсіреді. Көздің құрғауы, көрудің бұлыңғырлығы және шаршау пайда болады.

– Көзге арналған қандай профилактикалық  шаралар бар?

– Балаларға экраннан қорғайтын арнаулы көзілдірік әперу керек. Ауруды ерте анықтап, емдеуді бастау үшін үнемі көз дәрігеріне қаратып тұру маңызды. МӘМС шеңбері аясында тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелген емханаңызда балалардың көзін тексеру тегін жүргізіледі. Кез келген емханада соңғы үлгідегі аппараттар мен білікті офтальмологтар жұмыс істейді. Сонымен қатар көзге пайдалы дәрумендер мен минералдарды қамтитын тағамдарды жиі тұтыну керек. Көздің шаршауын болдырмау үшін экран алдында отырғанда 10-15 минут сайын көз жаттығуларын жасау өте пайдалы.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button