Басты ақпаратМәселе

«Кофеленіп» бара жатқан жоқпыз ба?

Астананың көшелерінен жиі байқаймыз, қолдарындағы қағаз құтыдағы сусынды құшырлана ішіп, желдей есіп бара жатқандардың қарасы көбейді.

«Кофені өзіңізбен бірге ала кетіңіз» деген мәзірін жазып, көшеге қойған жарнамалар да жеткілікті. Мұны енді кофе ішудің тәсілін «американша» деп атаймыз. Кофе ішудің осы дәстүріне «кофеленген» халықтың таңдауы түскен сияқты. Әйтпесе, әлемде асықпай, үйінде баптап, достарының ортасында емен-жарқын әңгімені ағытып отырып ішетін «шведше» түрі, эфиоптардың да аргентиналыққа тән өзіндік салты бар. Саудиялықтар кофені қонақтың  көзінше дайындап, сыздықтатып ішкенді қалайды екен. «Эспрессо, капучино және латте макиато» атауларына қарап италиялықтардың дәстүрінен жеткенін білеміз.

«Қап-қара тамұқ сияқты, өлімдей күшті, тәп-тәтті сезімдей» деп түріктер османлы кезінде кофе ішуді бастапты. Осыдан екі жыл бұрынғы статистикаға  сенсек, Финляндия кофе ішуден алда тұр, бір фин жылына 12 кг кофе ішеді екен. Мұның бәрі неге тізіп отырмыз? Осыдан бір ғасырлардың шамасында тұрмысымызға енген шай қазір ұлттық сусынға айналды. Бүгінгі күні жылына бір жарым келі шай ішеді екенбіз, осы қалпымызбен әлемнің ең көп шай ішетіндердің алғашқы ондығын тұйықтап тұрмыз. Бір қызығы, шайдың отаны Үндістан мен Қытай халқы шайқорлардың қатарына кірмеген.

Ресей отаршылдығымен бірге келген шайдың және шай ішу рәсімінің кең етек жаюы ХІХ ғасырдың екінші жартысына келеді. Қазақтың шайлануына себепкер болған әрі негізгі таратушысы – орыс патша әкімшілігі. Алдымен қазақтың ақсүйектерін дәніктіріп, артынша тауардың бағасын түсіріп,  қарапайым халықтың арасында таралады. Тіпті, сол кезеңде «Ресей мемлекетінің қазынасына пайда түсіруі тиіс кірпіш шайын қолдану әдетін енгізу» туралы арнайы бұйрық шығарады. Қазақтардың шайды қалай ішетіні туралы XIX ғасырдың орта шенінде жапондық зерттеуші М.Киттар «Қазақтар шай ішкенде уақыт та, орын да талғамайды. Кез келген тамақтан бұрын да, кейін де іше береді» деген екен. Интернеттегі мына дерек қазақтың  адам басына шаққанда жылына 1-2 келі шай ішетіні анықтаған, кофеленгендердің статис­тикасы әлі жоқ. Шай туралы айтарымыз осымен бітті, өйткені шайсыз тұра алмаймыз.

Шай ішпесек, бас ауыратын халге жеткізген шайдың қысқаша тарихы осылай. Жарайды дейсің, егер Қояндының не Қосшының айналасында шай плантациялары немесе кофе ағаштары өсіп тұрса. Біздің жағдайымызда бәрін сырттан тасып ішіп отырған жайымыз бар.

Ал енді тұрмыс салты­мыз­ға бүтіндей ене бастаған кофеге келейік. Кофе ішетіндердің дені 99 пайызы кофені үйінде демдеп ішеді екен. Әрбір бес минут сайын 2 000 000 шәшке кофе ішіледі. 67 пайызы кофе дәндерін не ұнтақталған түрін супермаркеттерден алады, 39 пайызы бір түрлі кофеге үйреніп, шығарушысын ауыстырмайды. Кофе құмарлардың 58 пайызы ұйқысынан ояну үшін ішсе, 42 пайызы кофе мен шайды шаршаған кезінде сергу үшін ішеді екен.

Ал «кофеленіп» келе жатқандарға айтарымыз бар. Кофенің пайдасы шаш-етектен дейді. Сонымен бірге асқазаны ауыратындарға, әйелдің аяғы ауыр кезінде, жүрек-тамыр жүйесі науқасы барларға, жас балаларға, гипертония, жүйке аурулары, ұйқысыздық кезінде ішуге болмайды. Жүйкесінде кінәраты барлар  кофеден мүлдем аулақ жүруі тиіс.

Әрине, кім мұны елеп жатыр дейсіз. Алайда қазіргі жастардың кофеленіп бара жатқанына қарап, алдағы жылдарда олардың бұл әдеті біздердің шайқұмарлығымыздан асып түспесе кем болмас деп болжап отырмыз. Елорданың бұрыш-бұрышында кофеханалар көбейіп келеді. Білгенге бұл да  пайдалы кәсіп сияқты.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button