Қала мен Сала

Көгалдандыру жұмыстары жалғасуда

Күн жылынып, жер аяғы кеңігелі бері елорданың коммуналдық сала қызметкерлері жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша айналаны тазалау жұмыстарына кірісті. Нұр-Сұлтан қаласындағы төрт ауданда да көшелерді көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстары белсенді жүріп жатыр.

[smartslider3 slider=2820]

Ауа райының қолайлылығын пайдаланып, жүйелі санитарлық тазалау аясында Есіл ауданының көшелеріне 198 бірлік техника мен 1002 қызметкер шықты. Сонымен қатар, Алматы ауданының коммуналдық қызметтері санитарлық тазалауға 110 бірлік техника мен 350 жол маманын жұмылдырды. Байқоңыр ауданында 271 адам мен 71 бірлік арнайы техника, Сарыарқа ауданында 161 бірлік арнайы техника мен 455 жұмысшы аумақты тазалауға кірісті.

Жол қызметкерлері асфальт пен тротуарларды, аялдамалар мен жол белгілерін, қоршаулар мен жерасты өткелдерін арнайы ерітіндімен жуып, коммуналдық қызметкерлер тиісті аумақтарды күнделікті тазалаумен айналысуда. Осылайша, бас қаладағы саябақтар, гүлзарлар, алаңдар, аула аймақтары, аялдамалар, қоршаулар және т.б. тұстар қыстан қалған күл-қоқыстан тазартылды. Сол сияқты елорда аудандарын көгалдандыру, ағаштардың түбін қопсыту, отырғызу орындарын дайындау бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда.

«Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Қаланың таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Сондықтан тазалық мәселесі алдыңғы орында тұруы керек деп есептеймін. Соңғы жылдары елорданың ауқымы кеңейіп, күн санап қарыштап дамуда. Бұл ретте ауданымыздың әрбір тұрғыны айналамыздың көркейіп, гүлденуіне бей-жай қарамай, тұрмыстық қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға атсалысулары қажет» деді Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Т.Аринов.

Бұған дейін де айтылғандай, 1 мамырдан бастап бас қалада субұрқақтар іске қосылады. Осыған байланысты елордада субұрқақтарды қайта іске қосу жұмысы да қызу жүргізілуде.

Коммуналдық қызметтер арнайы техникамен жабдықталып, асфальтты тұстарды, тротуарларды, аялдамаларды жуып, қала аудандарын тазартумен және көгалдандырумен айналысып жүр. Игі істің нәтижесінде аудандардағы қоршаулар, жерасты өткелдері, жол белгілері, қоқыс жәшіктері де кірден тазартылып, осы жұмыстар үшін суару-жуу және сыпыру-жинау машиналары іске қосылды.

Алматы ауданы әкімдігіндегі өндірістік-техникалық бөлімнің бас маманы Батырхан Жазықбаев­тың айтуынша, коммуналдық қызметтер екі ауысымда жұмыс істейді, ал тазалық жұмысы тәулік бойы жүргізіледі. Сондай-ақ санитарлық тазарту және көгалдандыру жұмыстары аудандардың орталық бөліктерінде ғана емес, тұрғын алаптарында да жүргізіліп жатыр.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button