#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Қоғам қауіпсіздігі – басты назарда

Қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін іс-шаралар жауапты құзырет­ті органдар тарапынан күндіз-түні жүргізіліп жатқанын ­біреуіміз білсек, біреуі­міз біле бермейміз. Мемлекеттің тұрақтылығын және қоғамның береке-бірлігін сақтау – басты міндет. Осындай сәтте полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне, отаншылдық рухына, қажыр-қайратына көп нәрсе байланысты. Мұны ішкі істер органдарының барлық қызметкері жете түсінеді. Бүгін ведомствоның Президент реформаларына қатыс­ты атқарған жұмысы жайында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, генерал-полковник Марат АХМЕТЖАНОВ­ПЕН сұхбатты жариялап отырмыз.

ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУШІ ПОЛИЦИЯ

– Марат Мұратұлы, Мемлекет басшысы «Халықтың көңілі алаңсыз, ұйқысы тыныш болуы керек. Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс» деді. Сондай-ақ ол құрылымдық өзгерістерді жалғастыра беруді, онсыз қолға алған реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтты, осы бағытта қандай жұмыстар жасалуда?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында «Бізге орасан зор жауапкершілік жүктелген. Бұл – өткен тарихтың және болашақтың алдындағы жауапкершілік. Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні біздің бүгінгі шешімдерімізге тікелей байланысты. Еліміздің мақсаты айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа емес. Баршамыз табанды, еңбекқор, білікті, ұқыпты, тәртіпті болуымыз керек. Ең алдымен, отаншыл болуымыз қажет. Ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әрине, қоғамның дамуы үшін пікір алуандығы қажет. Бірақ елдік мәселелерге келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген жөн. Елімізді өркендету үшін еңбек ету – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендеше Отан алдындағы осы перзенттік парызымызға әрдайым адал болайық» деді.

Перзенттік парыз дегеннен шығады, мәселен, тәуелсіздік жылдарында өзінің қызметтік міндетін орындау кезінде 816 полицей қаза тауып, 4621 қызметкер жараланды.

«Бейбіт күнде халқымыздың амандығын, береке-бірлігін сақтай алмасақ, мемлекетімізге сын. Ұлтаралық келісім мен татулық, қоғамдағы тұрақтылық – біздің басты құндылығымыз» деді Мемлекет басшысы.

Президент ішкі істер органдары мен азаматтардың өзара қарым-қатынасында қызмет көрсету моделін енгізу маңызды екенін, оған «жұртқа жақын полиция» қағидатын негізге алу керегін атап өтті.

Мемлекет басшысы құрылымдық өзгерістерді жалғастыра беруді, онсыз қолға алған реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтты. Оның ойынша, полиция қосалқы функциялардан өкінбестен бас тартуы керек. Шынында да, полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс. Сондай-ақ полиция қызметін цифрландыру, заңсыз есірткі айналымымен күресті күшейту, түзету жүйесінің жағдайын жақсарту керек екені түсінікті. Елдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайда қылмыс­тың өршуіне және түрме «тәртібінің» таралуына мүлде жол беруге болмайды. Ондағы жағдайдың аса мәз емес екені мәлім. Бас бостандығынан айырмай жазалауға қатысты түйткілдер бар. Министрлік қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерді шешу бойынша нәтижелі жұмыс көрсетуі керек.

ЖАҢАРУ ЖӘНЕ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫМЕН

– Ішкі істер органдарында қандай жаңашылдықтар бар?

– ІІМ-де халықтың полиция жұмысының сапасын бағалауды автоматтандыру талқыланды. ІІМ-де мемлекеттік органдар, ғылыми қоғамдастық, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің кездесуінде полицияның қызметін жаңа бағытқа өзгерту мәселелері талқыланды. Бұл міндет қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасында көзделген. Мұнда халықаралық тәжірибе негізінде қызмет көрсету моделінің элементтері қарастырылады. Бұл – полицияның, билік органдарының және халықтың бірлескен жұмысы барысында көрсетілетін қауіпсіздік мәселелерін анықтау және шешудегі ұжымдық сервис. Ал полиция жұмысы барысында өтініш берушілермен, жәбірленушілермен және құқық бұзушылармен байланысы бұл – жеке сервис. Жоба бойынша полиция қызметімен байланыста болған азаматтардың полиция жұмысының сапасын автоматты түрде бағалауды енгізу жөнінде ұсыныстары енгізілді.

ІІМ әрбір қазақстандыққа қатысты рәсімдер мен мемлекеттік қызметтерді жеңілдетті. Бұған құжаттарды рәсімдеу арқылы көз жеткізуге болады: жеке куәлік, төлқұжат, жүргізуші куәлігі, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, машинаны сатып алу-сату – барлығы да бұл қызметтің қазір автоматтандырылғанын айғақтайды. Адам факторы жойылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтардың конституциялық құқығының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында полицияның барлық қызметтік үй-жайлары бейнебақылау камерасымен жарақтандырылған.

18 мыңнан астам бейнекамера орнатылды. Осыған ұқсас жұмыс қылмыс­тық-түзеу жүйесінің мекемелерінде де жүргізілуде. Бейнебақылау көмегімен 14 мың оқиға мен бұзушылық анықталды. 79 суицид пен 11 қашу әрекетінің алдын алды. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін сыртқы бейнебақылау камералары қоғамдық орындарда және оқу орындарында да орнатылады.

Полицияны бағалау критерийінің статистикалықтан міндеттерді сапалы орындауға түрткі болатын индикаторлар жүйесі өзгерістері қолдау тапты. Бұл ретте азаматтарды жергілікті қауымдастықтардағы тәсілмен анықтау ұсынылады және тиімділік көрсеткіштері ретінде қауіпсіздік сезімі және полиция­ға деген сенім екенін айтуымыз қажет. Мұндай тәжірибе халықтың пікірін үнемі зерделеуге және осыны ескере отырып, жұмысты жетілдіруге мүмкіндік береді. Бірақ, ең алдымен, әрбір қызметкердің нәтижелілігін арттыруға бағытталған полицияның процестік қызметіне реинжиниринг жүргізу қажет. Сонымен қатар сервистік полицияның заманауи коммуникациялық стратегиясын құру, идеологияны өзгерту мәселелері талқыланып, шешімдер қабылдануда.

КӨШЕДЕ ҚАУІПСІЗДІК СЕЗІЛЕ МЕ?

– Халық жиі жүретін орындардағы құқықтық тәртіп – азаматтардың қауіпсіздік сезімін қалыптастыратын негізгі индикатордың бірі. Көшедегі қауіпсіздікпен қамтамасыз ету мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– ІІМ-де Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, Индустрия және инфра­құрылымдық даму, Мәдениет және спорт министрліктерінің және Күзет ұйымдары қауымдастығының өкілдері қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасын талқылады. Құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейту жөнінде шаралар қабылдаудың маңызын атап өтті.

Бейнебақылау камерасын көбейту, өңірлерде көше жарығын орнату, сондай-ақ халықтың демалу орындарында қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігі сөз болды.

– Тұрмыстағы зорлық-зомбылық қашан тыйылады?

– ІІМ әзірлеп жатқан қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасына келіп түскен ұсыныстарды белсенді талқылау жалғасуда. Жоба өткен 5 жылдағы жағдайды талдау қорытындысына және қауіпсіздік мәселелеріне қатысты азаматтардың әлеуметтік сауалнамасының нәтижелеріне және оларды шешу жөніндегі ұсыныстарға негізделіп әзірленуде. Министрлік тұжырымдаманы әзірлеуге қоғам қайраткерлерін тартуды жалғастыруда. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарды өңірлердегі полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органдар да әзірлейді. Мысалы, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі шараларды талқылауға Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның, Қазақстандық заңгерлер одағының, «Сана-сезім» әйелдер бастамашылығы құқықтық орталығының, әйелдерді қолдау орталығының өкілдері және басқа да құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері концепцияны талқылауға белсенді қатысуда. Олар тұжырымдамада көрсетілген қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кешенді тәсілін зерттеп, жобаға енгізілген бірқатар ұсынысты берген болатын.

– Заман талабына сай электронды қылмыстық істің барысы қалай ­қадағаланады?

– Цифрландыру қылмыстық процеске де жетті. 2015 жылдан бастап жаңа Қылмыстық-процестік кодекстің енгізілуімен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі енгізілгені белгілі. 2018 жылы қылмыстық істерді электронды форматпен қарау жүйесі енгізілді. Қазір қылмыстық істердің 90 пайызы электронды форматта тергелуде. 19 мамырдан бастап тергеудің бейнеформатын енгізуді көздейтін Қылмыстық іс жүргізу кодексіне жаңа түзетулер күшіне енді.

ЗАМАНАУИ БЕКЕТТЕР КӨБЕЮДЕ

– Полиция мен халықтың арасын барынша жақындату және адамдардың өз құқығын қорғауы үшін Ішкі істер министрлігі тарапынан уақыт талабына сай жаңашыл бастамалар қолға алынып жатыр. Жасалған жұмыстар нәтижелі ме?

– Атқарылған жұмыстың бірі – азаматтарға ыңғайлы болу үшін «102» мобильді қосымшасының жасалуы. ІІМ «Полиция жаяу қашықтықта болу керек» деген қағиданы жүзеге асыру мақсатында азаматтарға қызмет көрсетудің үш сатылы моделіне көшіп жатыр. Біріншісі – қоғамдық орындарда модуль посттарын орнату. Полицияны жедел шақыру үшін көшедегі «SOS түймелері». Бүгін осындай 112 заманауи бекет пен 38 «түйме» жұмыс істеп тұр. Екіншіден, шағын аудандарда учаскелік пункттер орнату. Еліміз бойынша қазір осындай 3 мың пункт бар. Үшіншісі – полиция бөлімдерінің жанынан азаматтарға қызмет көрсету орталығын ашу. Ол жерде кеңес беру мен өтініш қалдырудан бастап қылмыстық істер жайында ақпарат алуға дейінгі қызмет түрлері көрсетіледі. Яғни ел тұрғындары өзін толғандырған сауалға жауап алу үшін әрбір есікті қағып жүрмей-ақ сол қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Қазір қанатқақты жоба Алматыда жүзеге асып жатыр. Ішкі істер министрлігі қолға алған жаңашылдықтың тағы бірі – «Интегрити чек» деп аталатын парасатты тексеру тетігінің іске қосылуы. Кез келген азамат тексеруші болуы мүмкін. Егер қызметкер этиканы бұзса немесе өтініштерге жауап бермесе, сол сияқты басшылыққа «пара беру» әрекеті туралы хабарламаса, онда ол тексеруден өтпейді. Бұл жағдай тіркеледі. Жеке іске енгізіледі.

Сондай-ақ ІІМ-де мемлекеттік органдар, «Қазавтожол» АҚ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты өкілдері жолдарда «қазаға жол бермеу» қағидатын іске асыру және жол-көлік оқиғалары негізгі себептеріне әсер ету жөніндегі шешімдерді талқылады.

Жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеу жүйелерінің саны артып келеді. Бүгінде олардың саны 18 мыңнан асады. Өткен жылдың өзінде олар 4 миллионнан астам заң бұзушылықты анықтады. Әрине, мұндай камералар жүргізушілерді тәртіпке келтіреді. Бұл ретте полицияның құқық бұзушымен байланысы және заңсыз шешім қабылдау мүмкіндігі алынып тасталды. Айыппұл төлеу туралы нұсқама қалыптастыру, оған қол қою және жіберу автоматты түрде жүзеге асады. Осыған ұқсас кезеңде патрульдік көліктерге (Erkin patrol, «Кибер-шериф» және т. б.) салынған мобильді автоматты радарлар да жұмыс істейді.

«ПОЛИЦИЯ – ҚОРҒАНЫМ» ДЕП АЙТАМЫЗ БА?

– Марат Мұратұлы, тәртіп сақшыларының қызметіне қарап билік туралы жалпы көзқарас қалыптасатындықтан, қазіргі күні ел полициясы сервис моделіне көшіп жатыр. Заңдылық, жан-жақтылық, әдептілік, ашықтық және жеделдік қағидасы полицияның халық арасындағы беделін күшейте түсе ме?

– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасын әзірлеу шеңберінде ІІМ азаматтарға онлайн-сауалнама жүргізді. Оған қатысушылардың 85 пайызы оқиға болғанда немесе қауіп төнген кезде полицияға жүгінуге ниетті екенін дәлелдеді. Сауалнамаға 4 мыңнан астам адам – мемлекеттік мекемелер мен бюджет секторының қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, зейнеткерлер, жұмыс істемейтіндер және студенттер қатысты. Респонденттердің сипаттамасын ескере отырып, сауалнама деректерінің жеткілікті өкілдігі туралы қорытынды жасауға болады. Сауалнамаға қатысқандар арасында ерлер мен әйелдердің тең дәрежеде ұсынылуы жыныс белгілері бойынша деректердің жеткілікті сенімділігін көрсетеді. Респонденттердің қызмет түрі, сондай-ақ табыс деңгейі азаматтардың әртүрлі санатын қамтиды және олардың ұстанымын көрсетеді. Соңғы 3 жылдағы жеке, мүліктік және қоғамдық қауіпсіздікті сезіну туралы нақты қойылған сұрақтарға респонденттердің жауабын талдау сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі өзін қауіпсіз сезінетінін, оның ішінде 63 пайызы тәуліктің қараңғы уақытында ыңғайсыздықты сезінбейтінін көрсетті. Респонденттердің жартысы полицияға сенеді. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттанғанын білдірген жауаптардан көруге болады. 3,4 мың респондент қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге көмек көрсетуге дайын екенін білдірсе, мемлекеттік сектор қызметкерлерінің арасында бұл көрсеткіш одан да жоғары – 83 пайызды құрайды.

Басты қауіпсіздік проблемалары ретінде интернет-алаяқтық, мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық, есірткі сату, оның ішінде кәмелетке толмағандарға автокөлікті мас күйінде жүргізу және жол-көлік оқиғасындағы өлім-жітім, буллинг және балаларға қатысты зорлық-зомбылық айтылады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-экономикалық сипаттағы проблемаларды, оның ішінде жұмыссыз­дық деңгейін төмендету, құқық сауатын арттыру, халықтың білімі мен мәдениетін арттыру қажет екені көрсетіледі.

Ыңғайлы қызмет бойынша қызмет өткеру тиімділігі артады. Бұрын патруль екі ауысымда болған. Бұл қызметкерлерге айтарлықтай жүктеме болды. Қазір олар үш ауысым режиміне көшуде. Кешкі ауысым күшейді, оған оқиғаларға ден қою бойынша негізгі жүктеме түседі.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button