Жаңалықтар

Көгімізде көк ту желбіреген күн

ERA_5825

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай,  елордалық жастар «Менің Қазақстаным – менің Астанам» атты мерекелік акция өткізді.  

Осымен төртінші рет өткен бұл бұқаралық шара «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының алдынан сап түзеген «Менің туым» атты автошерумен бас­талды. Автокеруен Мемлекеттік рәміздеріміздің салтанат құрған жылдар санын білдіретін 23 көліктен жасақталды. Олардың бәрі – елімізде құрастырылған «CHEVROLET CRUZE» маркалы автокөліктер. Қаланың басты көшелерін аралап келген шеру Есіл өзенінің жағасына аялдады. Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев (суретте) Мемлекеттік туды салтанатты жағдайда катерлерге мініп келген «Жастар» құрылыс отрядтарының мүшелеріне табыс етті. Олар мемлекеттік туымызды самал желмен желбіретіп, Есіл өзенінің бойымен алып өтті.
Одан кейін жастар көк бай­ра­ғымызды Сидней олимпиа­да­сының чемпионы Ольга Ши­шигинаға табыс етті. Патриоттар керуені орталық саябақты бетке алып, Көк байрақты осында қадады. Мұнан кейін еліміздің Әнұраны шырқалып, мерекелік шараға арналған салтанатты митинг бас­талды.
– Бүгінгі мереке Қазақстан үшін маңызды күндердің бірі деп есептеймін. Өйткені, осыдан 23 жыл бұрын нақ осы күні Тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік рәміздері алғаш рет көтерілген
болатын. Әрбір халық үшін мемлекет рәміздер киелі болып есептеледі. Естеріңізге алы­ңыз­даршы, Олимпиада жеңіс­терінде біздің спортшыларымыз Мемлекеттік Туымызды жүрек тебіренісімен көтеріп, Мемлекеттік Әнұранымызды көздеріне жас алып орындады емес пе?! Менің ойымша, біздің Мемлекеттік рәміздер әлемдегі ең озық үлгілерден саналады, – деді салтанатты митингіде қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров.
Мерекелік шара ұлттық гвардия ұландары және қазақ эстрадасының жұлдыздары – «Бәйтерек» және «Аламан» топтары, Тамара Асар, Маржан Арапбаеваның қатысуымен концертке ұласты. Акцияны ұйымдастырушылардың бірі Астана қаласы жастар сая­сатын қолдау мемлекеттік қо­рының директоры Бақытжан Жүнісбеков: «Бес мыңнан астам адам қатысқан акцияның мақ­саты – Тәуелсіз еліміздің мем­лекеттік рәміздерін насихаттау арқылы отандастарымыздың патриоттық сезімін арттыру» деп бұқаралық шараның діттеген жерден шыққанын айтып, қо­рытындылады.

Бақытжан ОТАРБАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button