Басты ақпарат

Көк сызық көбейіп келеді

Нұр-Сұлтан қаласында қазір «Астананың автотұрақ кеңестігі» ЖШС белгілеген көк түсті сызықсыз көлік қоятын орын табу әсте мүмкін болмай қалды. Осындай жол белгісімен айырықша бөлінген ақылы автотұрақ байқамасаңыз, әп-сәтте айыппұл салып, қалтаңызды қағып шыға келеді.

[smartslider3 slider=3494]

Үй маңында – ақылы тұрақ

Әр сағаты 100 теңге тұратын бұл көлік орнына бірден ақы төлеп, есеп айырысуыңыз керек. Әйтпесе, 3 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр боласыз. Рас, көлік иелері (кейбір түсінбегендері болмаса) автотұрақ құнын төлеуін төлеп жатыр. Алайда кімге төлеп жатыр, не үшін төлеп жатыр, түсінбей дал болуда.

Осындай автотұрақ орнын күзге дейін 10 мыңға жеткіземіз деп жанталасқан «Астананың автотұрақ кеңестігі» ЖШС қазір даудың ортасында жүр.

Шаһардың оң жағалауындағы Желтоқсан көшесі, 32 үйде тұратын Ермек Есмұқанов – байырғы қала тұрғыны. Бірақ ол кейінгі кезде көлігін үйінің жанындағы бос орынға қойғаны үшін айып­пұл салынғанына түсінбей, осы мәселені әлеуметтік желіде де, баспасөз беттерінде де қайта-қайта көтеріп нақты жауап ала алмай жүр.

«Осы қалада қырық жылдан бері тұрамын. Үйімнің жанына түс кезінде көлігімді қойғаным үшін айыппұл төлейтіндей не жазығым бар?» дейді ол. «Бақсақ, бақа екен дегендей, қала әкімшілігімен келісіп, мына жерді біреулер ақылы автотұрақ жасап қойыпты. Ең болмаса, ақылы автотұрақтың ережесін, қай уақытта, қанша төлейтінімізді бадырайтып жазып қоймай ма? Елу метр жердегі паркоматқа ұсақ әріптермен бір сөздерді жазған болыпты, оны көзіміз де көрмейді оқиық десек…»

Кейбір мәліметтер бойынша, 2019 жылы – 1,8 миллион, 2020 жылы  3,1 миллион пайда тапса, 2021 жылы 20 миллионнан аса, ал 2021 жылы 28,9 миллион теңге кіріс келтіргені көрінеді

Міне, осындай наразылықтар мен көңілтолмастықтар жүргізушілер тарапынан қалалық әкімдікке, полиция бөліміне, басқа да органдарға көптеп түсіп жатыр.

«Әрине, қалада көлігіңді қаңтарып кететін автотұрақтың болғаны бір жағынан жақсы, әйтпесе, көп жүргізушілер көліктерін жол бойына қойып кетіп, кептеліс туғызып жатады. Екінші жағынан, бұрыннан бар адамдар түстікте, кеште келгенде машиналарын қоя­тын көп қабатты үйлердің жанындағы автотұрақтарды ақылы жасауы тұрғындардың орынды келіспеушіліктерін туғызып отыр, – дейді «Янтарь» мейрамханасының директоры Еркінбек Жанкелді.

Ал Сергей Тарасов басқаратын компанияның құрамында бірнеше бизнес орталығы бар. Жақында олар өздерінің компаниясына тиісті аумаққа «Астананың автотұрақ кеңестігі» ЖШС көк белгі салып, ақылы тұрақ жасағанына наразылық білдіріп, қала әкімдігіне бірнеше рет хат жазды.

Ол хатында: «Бұл жерді жалға маған берсін, өзім-ақ компанияның машиналарын қоятын автотұрақ жасақтап алайын. Неге маған бермейді?» деген уәж айтады. Алайда хатына қайтарылған жауапта «автотұрақ аумағы қала әкімдігінің жері екендігі, сондықтан «Астананың автотұрақ кеңестігі» ЖШС-дан басқа мекемеге берілмейтіндігі айтылған. Әрі ол жер жалға емес,  «ұзақ жылға сенімді басқаруға берілді» деп нақтылапты.

«Міне, дайын асқа тік қасық» деген осы ғой» деп таңданады Сергей Тарасов.

Түсер қаржы  қомақты

«Астананың автотұрақ кеңестігі» ЖШС жеке және мемлекеттік серіктестік аясында Сарыарқа ауданында – Бөгенбай батыр, Сарыарқа, Республика даңғылдары мен Есіл өзенінің жағалауын, Алматы ауданында – Қажымұқан көшесі мен Мағжан Жұмабаев, Бауыржан Момышұлы, Тәуелсіздік даңғылдарын, Есіл ауданында – Сарайшық, Сығанақ, Мәңгілік ел, Тұран даңғылдарын, Байқоңыр ауданында – «Артем», «Шапағат», «Әсем» базарлары аумақтарын ақылы автотұрақ ретінде жабдықтауда.

Осы жоба оларға 1,8 миллиард теңгеге шығып отыр. Соның тек 18,7 миллион теңгесін қалталарынан шығарып, қалғанын мемлекеттен қарызға алған екен.

«Жобаны түгелімен қалалық әкімдікке беру керек. Ақша бюджетке түсіп, әлеуметтік жетіспеушіліктердің кем-кетігін бүтіндесін» дейді еңбек ардагері Тоқсанбай Кенжебаев.

Жоғарыда аталған жолы болғыш мекеме осы жобаны 2016 жылдан бастап «Нұрлы жол» желек жолында жүзеге асыра бастапты.  Ал 2018 жылдан іргесін кеңейтіп, «Нұрсая-1», «Нұрсая-2» тұрғын үйлері мен Достық, Қонаев көшелеріндегі көлік тұрақтарына ақы төлеуді енгізе бастаған.

Байқаған адамға түсіретін табыстары да жаман көрінбейді. Кейбір мәліметтер бойынша, 2019 жылы – 1,8 миллион, 2020 жылы 3,1 миллион пайда тапса, 2021 жылы 20 миллионнан аса, ал 2021 жылы 28,9 миллион теңге кіріс келтірген көрінеді.

Қаладағы көлік қоюға болатын бос жерлерді мейлінше жабдықтап, күзге дейін ақылы автотұрақтар санын 10 мың орынға дейін жеткізуді көздеп отырған мекеменің табысы да болжам бойынша биыл 1,8 миллиард теңгеге дейін бармақ. Соның 5%-ы қала әкімдігінің бюджетіне түссе, қалғаны – өздерінің қалталарында қалады деген сөз. Біздіңше, жобаны ұйымдастырушылар осыншама қомақты қаржыны айыппұл арқылы да жинап алып отырған сияқты. Өйткені бұрын алғашқы он бес минут тегін болатын жеңілдік кейінгі ережелерінде алынып тасталыпты.

Үгіт-түсінік жұмыстары жетіспейді

«Астананың автотұрақ кеңестігі» басшысының айтуынша, көлік орындарының ақылы болуының бірнеше жетістігі бар екен. Біріншіден, жүргізушілерді өзінің уақытын да, басқаның уақытын да үнемдеуге үйретеді. Өйткені көптеген жүргізушілер машиналарын көшедегі көлік орнына апталап қойып кетіп алмайтын көрінеді. Ақылы болғасын осындай стихиялы түрдегі бей-берекет көлік тұрақтары жойылады. Екіншіден, шаһардағы тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге ықпал етеді. Үшіншіден, тұрақ ақысы мен салынған айыппұлдан түскен қаржыға жол белгілері мен жол таңбаларын жаңартуға, бағдаршамдар мен автобус аялдамаларын ұстап тұруға толық мүмкіндіктер туады.

Сөйте тұра адамдар аттаған сайын ақылы қылып қойған автотұрақтарға наразы. Ай сайын жетілдіріп, жабдықтап, жаңарту жұмыстарын жүргізгенімен, көптеген жүргізушілер өз уәждерін айтып, тиісті органдарға жүгінуден танбай жүр.

Айыппұлмен жазалай бере ме?

Мәселен, Бейімбет Майлин көшесі бойындағы 23-үйдің тұрғындары бұрын машиналарын қойып жүрген орындарының аяқ астынан ақылы болып кеткеніне келіспей, жоғарыда аты аталған мекемені сотқа берген. Әзірше, бұл істен нақты бір нәтиже шыға қоймаса да көпшілік емхана, мектеп, халыққа қызмет көрсету сияқты әлеуметтік мекемелердің жанындағы көлік қоятын орындарды ақылы қылуға үзілді-кесілді қарсы.

Сосын сол мекемеге келген адам өзінің ол жерде қанша уақыт болатынын білмей жатып, алдын ала ақы төлеуі де – ақылға сыймайтын жағдай.

«Мүмкін менің шаруам бес-он минутта бітіп кететін шығар. Ал мен бір сағатқа толық ақысын төлеп қойдым. Немесе мен министрлікке шаруам болып келдім дейік, барғанда іздеп барған адамымды қанша күтетінімді білмеймін. Сонда мен алдын ала екі-үш сағатқа тұрақтың ақысын төлеп қоюым керек пе? Осы жағы түсініксіз. Әркімнің көкейінде жүрген мұндай мәселелерді ұйымдастырушылар неге ашып жазып, түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді» дейді еңбек ардагері Айдар Ақмұрзаұлы.

Міне, ай сайын ірге кеңейтіп келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласы көшелеріндегі ақылы автотұрақтардың әзірге әңгімесі көбейіп тұр. «Астананың автотұрақ кеңестігі» осы мәселені алдағы уақытта дендеп зерттеп, зерделіп, көпшіліктің тілек-талаптарын ескерсе екен дейміз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button