Таным

Көк түріктерінің қағандығы

(Басы)

Әнес САРАЙ

Сонымен Гаочан мен Бэйтин аралығынан Ту-ше-ши, Ту-цзюе-ши -Түркеш мемлекеттік құрылымының сұлбасы шаң береді. Олардың табан тіреген байырғы орындарын тастап, батыс­қа жылжып, бес дулудың арасынан шығуы 634 жылғы Батыс Түріктің Тона қаға­ны­ның­ Бесбалыққа тап беріп, Шығыс Түрік қағаны Шорағаның (Чулоху) ұлы Ашина Шэрдің ұлысын тартып алып, өзін Қытайға қууымен тікелей байланысты болса керек. Тона қаған 635 жылы өзіне қарасты елді «он оққа» бөлгенде, түркештер осы қауымның қата­ры­нан табылды.

Түркештің үш тайпасы анық белгілі: сақал,­ мохэ (бага) және әліш. Л.Гумилев бұл тай­па­лар­ды мукри, абар қауымымен үнемі бай­ла­ныс­тыра сөйлейді. Онысында жан бар­ сияқты. Түркештер бас ордасын тіккен Суяб­тың­ ба­тысында Мерке елді-мекені пайда болды. Мерке, мекірен есімі – мукри тайпасы­мен­ байланысты болуы ақылға қонады. Ұлы жүз шежіресінің ескілікті нұсқаларының бірін­де Мекреннен Жалайырды таратады. Ал, Сақал­ды – үйсін шежіресі басындағы Асақал – Абақпен, әліш әлде алашты «Қорқыт – Ата кіта­бы­ның» назарына іліккен Ала Үйсін­мен сабақтастырып, Түркеш көші із-түзсіз жоғал­ма­ғанын түсінуге септеседі.

Дулу (дулат). Дулу Батыс Түрік қаған­ды­ғын­да кең мағынада қолданылады. Дулу бір тайпаның аты емес, бір одаққа біріккен бес тайпаның ортақ атауы. Жеке тайпаның аты ретінде Дулу есімі кезікпейді. Сондықтан «Дулу – әулет атауы» деп қабылдауымызға негіз бар. Ежелгі Қытай деректемелерінде кезі­ге­тін Ду, Дулу әулеті және кейінгі дулат тай­па­сы­ның­ тарихы «Көнеліктер» атты еңбегіміздің «Дулат» тарауында арнайы баяндалды. Сон­дық­тан аталмыш қауымның әргі-бергі өткен-кеткеніне сөз шығындамай, зерттеу назары­нан­ тыс қалған тұстарына тоқталмақпыз.

Қытай жылнамаларында «бес дулудың» қалып­тасуы туралы ләм-мим дерек жоқ. Тарих сораб­тарынан білетініміз: 487 жылы Афуч­жи­ло­ Жужаннан бөлініп, Тұрпан – Тарбағатай ара­сы­на көшіп келген 12 тайпаның арасында дулу қауымының болғаны. Осы өңірде оты­рып­ дулу байырғы Үйсін мемлекеті жеріне иелік етті. Бұл өңірде көшіп-қонып жүрген іргелі тайпаның бірі Үйсіндер құрамында бол­ған чеч-жун қауымы еді. Солармен енші­лес болды. Ал дулудың құрамына енген өзге үш тайпа жаныс, чумукунь, түркеш қауым­да­ры­ның дулуға қосылған кездері шамамен белгілі. Түрік қағандығы құрылғанға дейін дулу ­тай­палық бектік құрылым қалпында өмір сүрген сияқты. Өзге тайпалар кеп қосылғанда бектіктің не билеуші әулеттің аты оларға да жамалған. Ал дулу әулетінің төл жұрты – хулу-у, яки, «ұлы ұрық» атанды. Батыс Түрік қағаны Ашина Хэлудің «ұлы ұрыққа» қыз беруі – оның бес дулу арасындағы салмағын айқындай түседі. Батыс Түрік қағандығы мен Түркеш заманында жаныстардың жеке тай­па ретінде көзге түсуі өзге дулаттар «ұлы ұрықтың» құрамында болды деп түйін­деу­і­міз­ге жол ашады. Бұл дулаттардың жеке тай­па­лар­ға жіктеліп үлгермеген кезі болуы мүмкін.

Алайда, Түркеш қағандығының тарихына тереңірек үңілу – бұл орайда тосындау ой күр­меу­ге мұрындық болды. Шу мен Сырдың арасын жайлаған қара түркеш арасынан шық­қан әйгілі қағанды қытай жылнамалары Сулу деп әліптеген. Зерттеушілер осылай атап,­ жазып келеді. А.Г.Кляшторный ғана оның түрікше аталуы Сұлұқ не Сүлік болуы мүм­кін­ді­гіне мән берді. Шынында да, Түрік қаған­да­ры­ның бірде-бірінің есімін дұрыс жаз­ба­ған қытай жылнамаларының Сулудың атын әліптеуде жаңсақтық жібермеді деуге кім кепіл бола алғандай. Сулудың түрікше дұрыс дыбыс­талуы Сиық немесе Сиқым болуы да ға­жап емес. Ол – қара түркештің өкілі еді. Ал,­ қара түркеш түгелдей екі ұлыстан құралған гэшу (кошу) жұрты, қасэнің /касок/ бір тармағы. Айтпағымыз ол да емес, Сулу әлде Сиық өліп, гэшу ұлыстары ыдыраған кезде – оның құрамындағы қауымдардың көпшілігі сиық атымен белгілі болғаны. Мысалға он екі ата Байұлының сегіз руының басын құрайтын үш Сиық: Қыдырсиық, Сұлтансиық, Бақсиық. Олар беріге дейін, Байұлы боп біріккенге дейін, Сиық (Ших) боп жүрді. Сіргелінің Ақсиық, Қарасиық, Қожасиық аталары осы пайыммен сабақтас. Сиық, Сиқым атаулары тамырлас.

Жаныс. Түрікке қатысты тарихи әдебиет­тер­де жаныс (шуниш, суниш) есімі шамамен 610 жылдары хатталған. Зерттеушілер оны бірауыздан «Шүйе тайпасы» қатарына жатқызады. Ашина түріктерінің шығу тегі туралы «Чжоушу» жылнамасы олардың Бөрі­ден тараған төрт ру ел екенін айта келіп, үшінші ұлды «енді бірі Чучжэ өзе­ні­нің бойында мемлекет құрған» деп нақ­ты­лай­ды (Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. ІV том. Алматы, 2006.// «Чжоу­шу» жылнамасы, 50-цзюань, «Туцзюе баяны». 120-б.) Чучжэ өзені – Алтайдың биік шатқалынан құлап ағып, Би мен Қатунға бірдей құятын орысша Чуе, қытайша Чучжэ, байырғы түрікше Шүй өзені. Міне, осы өзен аңғарында жасаған елді «Шүйе тайпалары» деп атаған. Солардың қатарына чумукунь, чуюэ, чуми, шатолармен бірге шүніштер де­ жа­тады. Әу бастағы шүніштердің, кейін шүніш – чубан аталуы – тайпа құрамында өзге­ріс­тер болғанын меңзейді. 603 жылы Істе­ми­дің ұлы Тарду ұлы қаған тағын тастап Тугу­хун­ға­ қашып, оның көмекшілері Ніл қаған мен Тұң ябғу Батыс Түрікке қайтып оралып, бір­тұ­тас Түрік елі батыс, шығыс болып­ екі­ге бөлінгенде шүніштер қатары жаңа қауым­мен­ толыққан сияқты. Қалай дегенмен де, Шығыс Түрікте билік басына жақын Сүніш есімді кіші қаған болды. Түріктің ұлыс билеу­ші­ле­рі­нің көбі қытай жылнамаларында билеген тайпасының атымен аталғанын ескерсек, Шығыс Түрікте де сүніш, шүніш қауымы болған. Шындығына келгенде, «шүйе тайпа­ла­ры» әу бастан-ақ Шығыс Түріктің жұрты еді, олардың Ышбара (Шэту) қаған заманы­нан­ бастап, Гоби шөлінің оңтүстік жиегі Ақбел­деу­ді асып, Қытай шекарасына кетуі – «шүйе тайпаларын» Тарбағатайға жылыс­тап,­ ақыры Батыс Түрік қатарына қосылуға мәж­бүр етті.

Біртұтас Түрік қағандығы екіге бөлінгеннен кейінгі кезеңде Батыс Түрікте Аба қағанның ұрпағы Шора мен Істеми қағанның ұрпағы Шэгуй бірігіп биледі. Шэгуйдің иелігі Ташкентте, Шораның иелігі Жетісуда еді. Шэгуй­ге­ сенбеген Шора оның сыртынан қарауыл қарау үшін өз қарамағындағы шүніш – жаныс­тар­ды 610 жылдар шамасында Ташкент төңі­ре­гі­не көшіріп, қондырды.

Сөйтіп, жаныстар Ташкент ұлысына етене болып, сол өңірде отырып қалды. Олардың жаз­ жайлауы Үлкен Жұлдыз өзенінің аңғары еді.­ Жа­ныс­тар Ташкент пен Үлкен Жұлдыз ара­лығына Ферғана, Қоқан арқылы ілгері-кейін сабылып, осы өңірдің әуелі түріктенуіне, ақыры дулаттануына септігін тигізді. Осы кезде шато тайпасының көсемі Фугоның шешесі Шүніш тайпасының қызы болғаны туралы қытай жылнамасына дерек түскен. Сондай-ақ,­ «Сүй кітабы. Батыс өңір баянында»: Чюцының (Құшар) билеушісінің фамилиясы Бэй, есімі «Суничи» деген дерек те кездеседі (Таным тармақтары. Алматы, 1998. 183-б.).

Аталмыш қауымның Тан сарайының отаршыл әскеріне қарсы күрестері, Батыс Түрік қаған­дығының саяси-әлеуметтік өмірінде алған орны еңбекте мұқият баяндалғандықтан олар­ды қайталап жатпайдық.

Чумукунь /шөмекей/. Чумукунь – ба­тыс­ жундардың, яки, Шығыс Түркістан өңі­рі­нің­ ежелгі тайпаларының бірі. Олар Қытай тарихының назарына б.д.б. 640 жылы ілік­кен «640 жылы лиаң, руй, мугундарды­ жояды» деген мәлімет бар (Таным тармақтары. Алматы, 1998. 33-б.). Мау Жиннің Қытайдың батыс шекарасын 1000 шақырымға кеңейткен жорығында жеңілген мугундар Алтай сыр­тын­­да­ғы Шүй өзеніне кетіп, сол жерде чуму­кунь, яки, «Шүй өзенінің мугундары» ата­ла­ды. Осында отырып, олар Ашина түрік­те­рі­мен етене болады.

Чумукундар Батыс Түріктің соңғы қағаны Ашина Хэлу және Екінші Шығыс Түрік қаған­ды­ғы кезінде белсенді әрекеттерімен көзге түсті. 642 жылы Ілбіс Шэкуй қаған Аши­на­ Хэлуді ұстауға әскер шығарғанда, оның жазық­сыз­ды­ғын айтып чжишэди, чумукунь, боби (софу, сәбег) тайпалары ара түсті. Ілбіс Шэкуй оларды жазаламақ болғанда, Ашина Хэлу­мен­ ілесе кетіп, Бесбалықтан бір-ақ шықты. Осыдан кейінгі кезеңде чумукундар қаған тағы үшін тартыста, Қытай отаршыл әске­рі­мен күресте ақыр аяғына дейін Ашина Хэлу­мен бірге болды.

Чумукунь 40 мың әскері бар іргелі ұлыс­тар­дың бірі еді. Бесбалық, Тұрпан, Құшарға мол әскер жиған Тан сарайы Батыс Түрікті күшпен басып алу жорығына кіріскенде, әп дегендегі нысаналары осы Чумукунь ұлысы болды. 654 жылы Қытай отаршыл әскері Чуму­кунь (Шәуешек) кентін басып алып, 30 мың­ адамын өлтірді. Ал 658 жылғы Қытай әске­рі­мен шешуші ақтық шайқас та Чумукунь жерінде, Қара Ертістің батыс жағалауында бол­ды. Ашина Хэлуді қорғап, қаша ұрыс салған чумукунь әскері Испинжабқа дейін жетіп, жергілікті қала басшысы қағанды тұтқын­да­ған соң, чумукунь жасағы бет-бетіне ыдырады.

Қытайға бағынышты болған соң, Еміл өзен­нің бойында оларға арналып Фуньян (Байан) тұтұқтығы құрылды. Чумукунь ұлысы Батыс Түрік тайпаларының Қытайға қарсы көтерілісінің бірде бел ортасында, екіншіде ұран отын жаққан бастаушысы болды. Олар 771 жылы өздерінің тұтұғы Ашина Дучжиді қаған жариялап, көтеріліс ұранын лаулатып, Жетісуды қытайлардан азат етуге аттаныс­ты.­ Ашина Дучжидің қапыда қытайлардың қолы­на түсіп, өлтірілуі салдарынан бұл бас­кө­теріс өзінің жемісін бермеді.

711-712 жылдары Тонұқұқ, Тардуш шад ( Білге қаған) бастаған әскер Түркештің Сақал қағанын күйретіп, оларды өзіне бір ұлыс етіп қосып алды. Осы кезде чумукундар және Чумукунь жері Шығыс Түріктің әскер ұстайтын батыстағы бекінісіне айналды. Онда Қапаған ұлы Бөгү қаған 40 мың әскермен тұрды. Асылы,­ бұл әскер чумукунь қосыны бол­са керек.

Батыс Түріктің белді тайпасы чумукунь кейінгі шөмекейлер екені дау туғызбайды.

Гэшу (Кошу). 627-641 жылдар аралығын қамтитын «Тунь Дянь» еңбегінде: «Сичжоудан терістікке қарай Долосы (Талас-Ә.С.) өзенінде тұрып, бес тайпа елді: чуюэ, чуми, гусу, гэлолу, бишилерді биледі» деген дерек ұшырасады. Осындағы гусудың – гэшу екені талассыз.

640 жылдар деректемелеріне қарағанда гушу (гэшу) не бес дулу, не бес нушиби қата­ры­на кірмеген Батыс Түрік тайпаларымен бірге жүргенін байқаймыз.

Ашина Бучжен, Ашина Мишэ, Ашина Хэлу – Жетісудың шығыс бөлігіндегі бес дулу­ға кірмейтін ұсақ руларды билеген ағай­ын­ды адамдар еді. Ашина Бучжен чуми (чомул), гусу (гэшу), гэлолу және нушибидің бір­ ата­ларын, Ашина Мишэ чуюэ (шүйе), Ашина Хэлу – хэлу (қара), гэло (қарлұқ), еда (эфтал, абдал), седе (едіз) қауымдарын биледі. 640 жылы Тан патшалығының әскері тұтқиылдан Бесбалық пен Тұрпанды басып алғанда Ашина Мишэ мен Ашина Бучжен отар­шыл әскерлердің құзырына бас иді. Әлгі­лер­дің опасыздығынан жау жақ қапталы үңірейіп қалған Долу Үкік қаған Ашина Хэлу­ді шақырып алып, осы өңірдің билігін оның қолына берді. Ашина Хэлу отаршыл әскер­мен­ ақтық демі қалғанша тайталасып, үміт үдесінен шықты.

Гэшудің шағын бір тобын Ашина Хэлуге басқаруға берілген жұрт ретінде қарлұқ­тар­мен жапсарлас Тарбағатай өңірінен көреміз. Тай­палардың шағын топтарының әртүрлі қауым­дар арасында шашылып жүруі – Түрік тарихы үшін дағдылы жағдай.

«Синь Тан шу» жылнамасы гэшу қауы­мы­ның негізгі тобын, екі ұлыс елін Қаратаудың ұзына бойына орналастырады. Олардың үлкен ордасын «Гэшучосыцзин» (гэшу-чор-иркін) лауазымды, кіші ордасын «Гэшучубаньсыцзин» (гэшу-чобан-иркін) лауазымды көсем­дер билеген. 711 жылғы Тонұқұқ, Тар­душ шад (Білге қаған), Күлтегіндер Соғдақ жо­ры­ғы­нан қайтып ораларда осы гэшу ұлысының көсемі Кошумен соғысады. Күл­те­гін оларды Жетісу асырып қуып салады.

Әңгіме Кушу билеген гэшулердің ұлы орда­сы туралы болып отырған сияқты. Кіші орда қонысынан қозғамай, түріктерге бой ұсын­ған.­ Түр­кеш қағандығынан кейінгі кезең­де осы гэшу, гушу қауымы Тұрпан, Құшар аймақтарынан көзге түседі. Аталмыш тай­паның бір өкілі Гэшу Хань тибеттермен соғыста Қытайға қол ұшын берген. Сол үшін тибеттер оны ұстап алып, өлтіреді. Оның орнын ұлы Гэшу Яо басады. Қытай жылнама­сын­да Гэшу Хань Түркештің гэшу тай­па­сы­ның өкілі деп көрсеткен.
Білге қаған жазуы Күлтегіннің Кошу тұтұқ­пен­ соғысы туралы мәлімет қалдырған. Әлкей Марғұлан бұл белгілі тұлғаны Қосай батыр деп біледі. Қосай жұрты Атбасы өңіріндегі Қосай қамалында тұрып, өзен-көл, тауларға өз атын беріп, «Манас» жырына қаһарман боп еніп, кейін Ұлы жүз тайпа құрамдарына енгені байқалады. Ал бұл қауымның екінші ұлысы оңтүстік орыс даласынан шығып, Лукоморье қыпшақ ұлысын құрап, кейін Байұлы бірлестігінен табылған іздері анық аңға­ры­ла­ды.­ Олар адайдың Қосай аталарын құрады.

Чуюэ (Шүйе), Чуми (Чомыл). Ежелгі «Шүйе тайпаларының» қатарына жатады. 627-641 жылдар аралығын қамтитын қытай деректемелерінде: «Тұрпаннан терістікке қарай 750 шақырым жерде чуюэ, чуми, гусу, гэлогу, биши» тайпалары бары айтыл­ған­ (А.Г.Малявкин. Историческая география Центр. Азии. Новосибирск, 1981. Түсінік-33. 91-б.). Сілтеме Тарбағатай өңіріне меңзейді.

638 жылы аталмыш екі тайпаны Батыс Түрік қағандығының тағына таласты Үкік шадтың шылауынан көреміз. Ол ата тек шежіресі жағынан Батыс Түрік қағандарының бірде-бірімен байланыспайды. Сол себепті оны Шығыс Түріктің Шора (Чуло) қағанының ұлы Үкік шад деп пайымдадық. 627 жылы теріс­тік­тегі сір-енда, хуэйха көтеріліс жаса­ған­да оларды жөнге салуға Сели қаған Үкік шадты жұмсаған. Ол 100 мың қосынмен барып, ұйғыр Пусадан Атжал тауында оңбай жеңі­ліп,­ батыс өлкеге қашуға мәжбүр болады. «Синь Тан шу» «Хуэйхэ баянында: «Сели Юйгу-шэні 100 мың шерікпен жорыққа аттандырды. Пуса оларды Мале тауын­да талқандап, онан­ соң солтүстіктегі Тань­-шань тауына дейін қуып барып, көп адамын тұт­қын­ға алып, терістік дала­да аты жер жарды» деп­ жазады (ҚТТҚД. «Синь Тан шу», 217-цзюань, «Хуэгу­ (Хуэхэ) баяны». 331 б.). Үкік шад­ Селидің бетіне көріне ал­май­ Бес­ба­лық барып тұрып қала­ды. Ұзамай қайтып оралып, Сели­дің қарсыласы Тули ығында болып, Қытай бодандығын бірге қабыл­дай­ды. «Сели қағанның інісі алдымен Гаочанға қашып барып, кейін ол да келіп бағынды» деген «Синь Тан шу» дерегі осы Үкік шад тағдырына бай­ла­нысты айтылса керек (ҚТТҚД. «Синь Тан шу» 215-цзюань, «Туцзюе баяны». 164-б.). Шора қағанның екінші ұлы Ашина Шэр Бесбалықты билеп тұрған. Үкік қытай резервациясынан қашып, немере ағасына келсе керек. Сол ағасының көме­гі­мен чуюэ, чуми тайпаларын билеуге қол жеткізген сияқты.

Ол Батыс Түрікке беделін асыру үшін, Гаочан билеушісі Кюй Вэнь – таймен тізе қосып, Қытай жағын ұстанған Қарашарды талқандады. Мұның әсері болмай қалмады. Бес нушиби оны қаған көтеру қамына кірісті. Нәтижесінде ол Тона қағанмен Батыс Түрікті бөліп билеуге қол жеткізді. Үкік қағандықтың батыс бөлігін, яки нушибилерді биледі. Батыс бөліктің қонысы бұл кезде Шу, Сырдан Қоқан, Ферғана арқылы Тұрпан, Бесбалыққа дейін созылып жатты. Үкіктің бір ордасы Бэйтінде (Бесбалықта) болды. Осы кезде оған арғын-басмылдар, қырғыздардың бір бөлігі бағынышты болды. Үкіктің жорықтарына басмылдың била (элочжи) тайпасы қатысты.

Билікке табан тіреп, нығайған Үкік өзінің Ашиналарына арқа сүйеуге тырысты. Осы кезде ол Ашина Бучжэн, Ашина Мишэ, Ашина Хэлулерге тайпа, тайпа бірлестіктерінің тізгінін берді. Ашина Мишэ чуюэ, Ашина Бучжэн чуми, гусу, гэголу, биши, Ашина Хэлу хэлу, ида, еда, седе қауымдарын биледі. Кейін Ашина Бучжэн, Ашина Мишэ опасыздық істеп, отаршыл әскерге барып берілгенде, аталмыш тайпалардың барлығы Ашина Хэлуге бағынды.

Чуюэ, чуми тайпалары батыс қанат, шығыс қанат боп, екіге бөлінгені байқалады. Сір-енда ертеректе Алтайдың батысында «Шүйе тайпаларымен» көршілес болған ел еді. Ол өзінің бұралаң тарихи соқпағын Тарбағатай өңірінен бастады. Кейін олар Жетісумен жапсарлас Жоңғариядағы киби тайпасымен бірігіп өз алдына жеке қағандық құрды. Ақыры олар Батыс Түрікпен араздасып, 627 жылы Шығыс Түрік даласына қоныс аударды. Міне, осы сір-ендалар арасында чуюэ, чуми жұртының бір қанаты кеткен сияқтанады. Өйткені, 647 жылы қытай генералы Ли Цзидің Отүкенде салған қырғыннан қашқан сір-ендалардың соңына Бесбалық билеушісі Ашина Шэр түскен-ді. Ол Моңғол Алтайында әлгілерді қуып жетіп, сір-енда және оның қатарындағы чуми, чуюэ тайпаларын талқандады (А.Г.Малявкин. Историческая география Ц.А… Түсінік – 63. 104 б.). Осы шапқыншылықта тұтылған сір-ендалар иркін Ашадэ Шицзяннің қолына өткеріліп, олар үшін Гаолань, Цилянь округтары ұйымдастырылғаны туралы дерек бар. Сір-ендалармен бірге қашқан чуми, чуюэ тайпалары туралы дерек жоқ. Бәлкім, оларды Ашина Шэр өзіне қосып алған шығар. Олай болса, ұзамай Ашина Шэр иелігін тастап, Қытайға қашқанда, аталмыш жұрт басмылдарға барып қосылса керек.

Чуюэ мен чуми тайпаларының Үкік қағанның басшылығымен жүзеге асырған жорықтары Үкік қаған тарихында бастан-аяқ баяндалғандықтан, қайталап ежіктеу артық болады. Маңыздысы сол – аталмыш екі тайпаның кейінгі қазақ қауымының белгілі тайпаларына бастау болғаны. Чумиді қытай тарихшылары чумул, чомыл деп баламалайды. Чомыл басқа емес, албан, шапыраштыларға астар болған шыбыл жұрты. Ал чуюэнің дұрыс баламалануы шүйе болса керек. Ол – Шүйе өзенінің атын ұстап қалған қауым. Шүйе болса қазіргі найман садырдың бір бұтағы. Осы «шүйе тайпалары» қатарындағы шатоны – сато-садыр деп әліптеушілер де бар. Сондай-ақ, б.д.д. бұрынғы кезеңде Тань – Шань тауының шығыс беткейінде көкжар, қаратай қауымдарының отырғаны да тарихта таңбаланған. Ендеше, найманның бастауын чуюэ жұртынан іздеген жөн болады.

( Жалғасы бар)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button