Таным

Көк түріктерінің қағандығы

(Басы)

Әнес САРАЙ

Шато. «Жаңа Таннама» былай деп жаза­ды:­ «Шада Батыс Түріктің бір ұлысы. Чуюе ата­сы­нан тарайды. Олар түріктің шығыс, батыс­ ұлыстары Үйсіннің байырғы қонысын бөліп билегенде чуюэ, чумулдармен аралас отырды… Ілбіс Түрік қаған (Үкік қағанды осылайша баламалаған – Ә.С.) Сұғат тауының батысы­на­ ор­да тігіп, оны Бес­ба­лық­ (теріскей орда) деп­ ата­­ған­­да чуюэ соған қарады. Чоңұт Жинсо (Боғда) тауы­ның оң­түс­тігін, Барыс­­тың шы­ғы­сын мекендеді. Сол өңірде Шада (құм­ төбе) деп атала­тын бір құм бар­ еді. Сон­­дық­­тан Ша­да тү­рік­тері деп атал­ды (Қытай­ жыл­на­ма­ларындағы қазақ тари­хы­ның деректері (Б.з. 275-840 жылдары). Алматы, 2006. // «Жаңа Таннама», 218-бума, 143-баян. 222-б.). Қытай жылнамаларының қазақша аудармаларында жер-су, кісі, тайпа аттарын тәржімелеуде ауажайылушылық көп. Сондықтан чуюэнің чоңұт деп әліптелуіне мән бермеген жөн. Сондай-ақ чуюэнің құм төбені мекендегеніне байланысты түгелдей шада аталды деуі де қате. Чуюэ, чумул, шатоның қатар жасап, қатар әрекеттенгені өзге деректемелерден көрініс табады. Боғда тауының оңтүстігіндегі Құмтөбе аталмыш қауымдардың Үкік қағанмен бірге жасаған жорықтарында уақытша аялдаған қонысы. Міне, чуюэнің бір тобы осында қалып қойып, шато аталғаны көңілге қонады.

Шато әуелде Тибетпен тізе қосысып, қытай гарнизондарының тыныштығын алғанмен, ұйғыр-тибет соғысы кезінде ұйғырлар жағына шықты. 755 жылдары қытайдың әскери күші дегенде Бэйтин және Аньси басқақтықтары қалып еді. Олар Қытаймен байланыстарын үзіп алып, қамалдан тысқа аттап шыға алмас­тай­ хәлге жеткен-ді. Оларға шатолар ғана қол ұшын берді. Баркөл маңында отырған олар 808 жылы Тибетке қарсы бас көтерді. Ұйғыр­лар­дың арқа тірек қамқорлығынан бас тартып, 30 мың түнімен Қытайға ауды. Іздерінен қалмай жағаласқан тибеттіктермен арпалыста шатоның әскерге жарамды 2000 адамы ғана қытай шекарасына жетті. Қытай олардан шекаралық күзет корпусын құрды. Міне, осы шатолар «Кейінгі Тан» патшалығын құрып, 951 жылға дейін билік басында отырды.

Кейін олар билікке еніп, жол бермеген қытайлармен араздасып, далалық аймақтарға кетіп оңғыт атанды. Шыңғыс хан кезінде олардың билеушісі Алақұс тегін еді. Шыңғыс хан, Алақұс тегін, найман Таян хан қарым-қатынастары көпшілік оқырмандарға белгілі. Ал 1297 жылы Хайду Моңғолияны басып алғанда Құбылай оған қарсы Мұхалидің қосынан аттандырды. Мұхалидің жасағында жалайыр 2 мың, қоңырат 3 мың, оңғыт 10 мың еді. Моңғолияны Хайдудан азат еткен соң, оңғыттар күзет қосыны ретінде Селенга, Камланчжуде қалып қойды. Кейін олар Дешті Қыпшаққа ауысты. Оңғыттар жаппас, әлім, қыпшақ, уақ арасында бар. Ал олардың басым көпшілігі Жағалбайлы жұртын құраған сияқты. Оңғыт билеушісі Алақұс пен Жағалбайлы түпкі мағынасы бір синоним сөздер.

Қырғыз. Қытай жылнамаларында олар цзегу, гэгунь, цзяньгун, сяцзясы, жянькунь нұсқаларында таңбаланған. Олай болу себебі хагяс,­ қырғыз сияқты екі тақтадан құралып, бірде бірінің, екіншіде екіншісінің аты аталуымен байланысты. Тонұқұқ 711 жылдың қысындағы қырғызға жорығын «Кейінгі Қыр­ғыз­ға» шабуыл деп атаған. «Кейінгі қырғыз» болса, «алдыңғы қырғыз» да болатыны белгілі. Ендеше, «кейінгі қырғыз» қыр­ғыз­дар­ да, «алдыңғы қырғыз» – хагястар.
Қырғыз – өз алдына қағандық құрған түрік­тің оқшауланған бір бұтағы. Әуелде Батыс Моңғолиядағы Қырғыз-нұр көлінің айналасын мекендеп, кейін ғана Енесей аталған Кем өзенінің ұзына бойына қоныстанған.

Рашид-ад-дин Қырғыз елінің Моңғолиямен жапсарласып, Селенгамен көмкеріліп жат­қа­нын, шығыста Ангараға тіреліп, түстікке найман жерлеріне сыналап енетінін хабарлайды (К.д. Оссон. От Чингисхана до Темирлана… Түсінік -9. 225-б.).

Қытайдың «Тан жарлығы» деректемесінде қырғызды керғұр деп жазып, өздерінен жырақ жатқан ел туралы Қытайдың бағзы заман түсінігінен мәлімет береді. Керғұр –көшір­ме­шілердің қисындауы болса керек. Ал деректемеде құлаққа қонымды жайлар жоқ емес. «Адамдары бойшаң, аққұба, көк көз, жирен шашты болады. Шаштың қарасын жамандыққа жориды. Адамдары ержүрек келеді де, көршілері олардан өлердей қор­қа­ды. Олардың әдет-ғұрпы Түрікпен баран­дас, тек қалыңдық айттырғанда қалың­мал ай­дат­пайды. Тумысынан дарақы келеді. Зина­қор­лық­ты кектемейді. Күйеуі өлген (әйел) бетін теміртекпен жыртып, қанды жасын ағызады. Мәйітті өртеп, күлін жыл уағы болғанда көмеді. Тоздан жабыл­ған­ ағаш үйлерде тұрады. Кейде көктен темір жауады. Олар одан өткір қылыш, сем­сер­лер соғады. Аңға шыққанда бар­лы­­ғы ағаш атқа (шаңғыға) мінеді. Оны­мен­ өрден де, ылдидан да құстай ұшады (Қытай жыл­на­ма­ла­рын­да­ғы қазақ тарихының деректері (Б.з. 275-840 жылдары). Алматы, 2006. «Таң жарлығы», 100-бума, 251-б.).

713-714 жылдары жазылған Әнси басқағы Гәй Жяюнның «Батыс өңір жазбаларында»: «Гегүндіктер жирен шаш, көк көз келеді. (Бұл елдегі қара шаш, қара көзділер Ли Лиңнен тарайды (Кезінде ғұндарға тізе бүккен Ханның әскербасы, оны ғұндар «сол қанат ханы» деген лауазыммен қырғызға отырғызған. – Ә.С.). Оларды халық бас жасауылдың ұрпағы деп санайды. Мұның белгілі себебі де бар. Олар қазір ғырғыз аталып жүр. Бұл да теріскей рейлердегі (көшпелілердегі) бұрыннан бар ат. Пақырыңыз мемлекет тарихына негізделе отырып, телэнің аталарын баяндағанда: «Үбірдің батысында, Агнидің сол­түстігінде, Ақтаулар төңірегінде қыбыт, оғыз, ғұрғұрлар тұрады» деген еді. Мұндағы қыбыт­тар, оғыздар (ұйғыр), кейін құйғыр атал­ды, ал ғұрғұр (ғырғыз) еді деген сөзге негіз­дел­сек (керғұр да) телэнің бір атасы ма деп ойлаймын. Бұрын құйғырлар осылай делінетін. Соңыра оның ғырқыз болып ата­луы теріскей рейлердің тілдеріндегі баяу сөйленуге байланысты болса керек. Олар кейде қырқыз деп те айтылады. Бұл тез­ сөй­ле­ну­ден болған. Тілмәштан сұрасам, ғырғыз сары бас, қызыл жүзділер деген мағына дейді. Құйғырлар да осылай дейді. Қазіргі елші­лер­дің айтуынша бұл ат бұрын­нан бар екен. Кімдікі рас екенін біле алмадым» (Сонда, 251-252-б.). Бұл, әлбетте, тарихшының сөзі емес, естігенін естіген күйде қалыптаған басқақтың сөзі. Оның куәгерлік етуінше қырғыздың сырт пошымдары бір-біріне сәйкес емес екі түрі бар: бірі – «жирен шашы, көк көз қырғыздар», екіншісі – «қара шаш, қара көз қырғыздар». Басқақтың оларды оғызға жатқызуына да мән берген жөн. Ал ең маңыздысы – олардың Ақтаулар маңынан көрінуі – қырғыздардың оңтүстік шебін межелеуге қол ұшын береді. Демек, олардың қоныстары Енесейдегі қыстақтарынан бастап, Алтай тауының асу-белдері арқылы Ақтауларға ілігіп жатқан.

«Синь Тан шу» жылнамасы өзінен бұрынғы біраз мәліметті жинақтап басын қосады: «Жерінің оңтүстік жағы Танмань тауына (Танну тау жоталары болса керек – Ә.С.) дейін созылып жатады. Жері жазда жауын-шашынды болып келеді де, қыста қалың қар басып жатады. Адамдары денелі, ұзын бойлы боп келеді, шашы жирен, өңі аққұба, көзі жасыл түсті болады… Еркектері аз, әйелдері көп болады. Құлақтарына сырға тағады. Адамдары алкеуде, ожар болып келеді, ерлері өзінің ерлігінің нышаны ретінде қолына таңба басады, әйелдер жағы күйеуге шыққандығының белгісі ретінде мойнына таңба салдырады. Аралас тұра береді, зинақорлау келеді… Ауа райы аса суық болады, ағыны қатты дариялардың өзі жартылай қатып қалады. Дәнді дақылдардан қонақ, сөк, арпа, бидай, сұлы сияқты дақылдарды егеді, диірменмен ұн тартады, наурыз айында егіп, қыркүйекте орып алады, оны астық ретінде пайдаланады және шарап ашытады. Бірақ жеміс-жидек пен көкөніс болмайды. Төрт түлік малдың ішінде жылқылары ерекше сүйекті болады, жылқылардың ең жақсысын таңдап, айғыр қояды. Осы түліктердің ішінде сиыр түлігін көбірек асырайды, бай адамдарда сиырдың басы бірнеше мыңға дейін жетеді… Алтын, темір, қалайы кендері бар, салт бойынша темірді әр жолы күн жауған кезде алады. Олар оны цзяша деп атайды. Одан жасалған қарулар ақлескер өткір болады, олар бұл қаруды түріктерге сатып береді. Соғыста негізінен садақпен атысады, ту ұстанады. Атты сарбаздар аяғының басына дейін қалқалап тұратын ағаш қалқандар ұстайды, оқ пен қылыштан сақтану үшін жауырындарына дөңгелек қалқан орнатып қояды» (ҚТТҚД. «Синь Тан шу», 217-цзюань, «Хуэйгу (Хуэйхэ) баяны». 374-385-б.).

«Олардың билеушісі Ажэ деп аталады. Ажэ сөзі кейін келе әулет атына айналып кеткен. Елде үлкен бір ту болады, әр рудың тула­ры­ның түсі негізінен қызыл түсті бола­ды, туға әр ру өздерінің ру таңбасын салады. Киімнің ең құндысы ретінде бұлғын терісінен тігілген киімдер бағаланады. Ажэ қыс күндері бұлғын бөрік, жаз күндері алтын түйме қадалған, қайырмалы шошақ қалпақ киеді, нөкерлері бастарына ақ киіз қалпақ киеді және беліне кісе таққанды ұнатады. Кедей-кембағал адамдар тері киімдер киеді, бастарына қалпақ кимейді. Әйелдері торғын, шұға және жібек маталардан киім киеді. Бұл маталарды Аньси, Бейтин, Даши қатарлы жерлерден сатып алады. Ажэнің ордасы Циньшан тауында. Орданың айналасы ағаштан салынған қорғанмен қоршалады, ордасы киізбен жабылып, ол «мидиши» деп аталады. Басқа ұлықтар кішігірім үйлерде тұрады… Ұлықтары цзайсян, дуду, чжиши, чжанши, цзянцзюнь, дагань деген алты дәрежеге бөлінеді. Жеті цзайсян, үш дуду, он чжанши тағайындалып, олардың барлығы соғыс ісіне жауапты болады… Халқы негі­зі­нен ет жеп, қымыз ішеді, тоқаш-нан секілді тағамдарды ажэ ғана жейтін болды. Музыкалық аспаптардан сыбызғы, дауылпаз, сырнай қатарлы аспаптар бар. Бура таластыру, арыстан ойнату және ат үсті өнері, арқан тарту ойын-сауығын өткізеді. Су және шөп тәңірлеріне сиынады… Бақсыларын «гань» (қам) деп атайды. Қалыңмалға қой және жылқы береді, байлары қалыңмалдың санын жүзге, мыңға жеткізеді. Өлген адамға бет жыртып жыламайды, өлген адамның мәйітін үш айналып жылайды, одан соң мәйітті өртеп, сүйек күлін жинап алады да, арада бір жыл өткен соң жерлейді, осыдан кейін жоқтау айту, жылап-сықтау сияқты жол-жосындар тоқтатылады. Қыста бөлмелі үйлерде тұрады, үйлерінің төбесін ағаш қабықтарымен жабады. Олардың жазулары мен тілі хуэйхэлермен ұқсас. Заңдары аса қатаң болады, соғыс кезінде қорқақтық танытып майданнан қашқандардың, елшілік міндетін тыңғылықты атқармағандардың, мемлекет істері туралы өсек-аяң тара­ту­шы­лардың басы алынады. Баласы ұрлық істеп басы кесілетін болса, баланың кесілген басын әкесінің мойнына іліп қояды да, бұл бас қашан өлгенше оның мойнында ілулі жүреді» (Сонда, 385-386-б.).

648 жылы телэ тайпалары аудандастыру шарасына іліккенде, қырғыз жерінде Цзяньгуань дудуы құрылды. Сол жылы қырғыз билеушісі Тан патшасына қол тапсыруға келіп, «тай санғұн», «генгун тұтұғы» деген шен алады. Осымен Қырғыз-Қытай қарым-қатынасы 120 жылға үзіледі. Деректеменің қырғыз Тан империясының боданы болды деп ой сабақтауы күлкілі боп көрінеді.

Орыс ғалымдары қырғыздар ұзақ жыл мекен еткен Минусин ойпаты мен жапсарлас өлкелерді археологиялық тұрғыдан зерттеуге көп еңбек сіңірді. Қырғыз елінің ізі б.з.б. ІІ мыңжылдықтардан үзілмей жалғасып келе жатқанына сенімді жәдігерліктер бар. Археологтар Таштық мәдени ошағын қырғыздардың ежелгі дәуірімен, Тюхтя мәдени ошағын «ұлы қырғыз» кезеңімен (ІҮ-Х ғ.ғ.), Аскиз мәдени ошағын қырғыз жұртының ыдырау заманымен (Х-ХІҮ ғ.ғ.) байланыстырады. Археологиялық жәді­гер­лік­тер негізінде қалыптасқан бұл ғылы­ми­ жіктеулер – қырғыздардың өткен-кет­ке­нін тереңірек түсінуге септеседі (С.П.Нес­те­ров. Конь в культах тюркоязычных племен Цен­траль­­ной Азий в эпоху средневековья. Новосибирск, 1990. 60-65-б.).

Қырғыздар Бірінші Түрік қағандығына Мұқан қаған кезінде бағынды. Екінші Түрік қаған­ды­ғының бірінші қағаны Елтеріс Құтлық заманында Қырғыз елі түріктерге бағынышты болды. 711 жылы олар Түркеш, Қытаймен үштік одақ құрып, алдағы көктемде Түрікті сырттан басқалы отырғанын біліп, Тонұқұқ ат омбылаған қалың қарға қарамай Қырғызға шабуыл жасап, қағанын өлтірді. Оның балбалын Күлтегін кешеніне тікті. Алайда, түріктердің қаған­ды елдерді өзгелерден артық қойып, оларға қаған тағайындауға рұқсат етіп отырған. Олар Қырғызға, Түркешке, Тугухунға, Қиданға «қаған берді».

Қырғыздың сарбазы да, астындағы аты да сауытты 80 мың әскері болды. Иісі түріктегі ең жойқын әскер осыларда еді. Олар бодан ел ретінде Түріктің жаугершілік жорықтарының белортасында болып, Түрік қағандықтарының іргесін кеңейтіп, абыройын асыруға үлес қосты. Өздері өзенді жағалай ауыл-ауыл боп тығыз отырып, отырықшылық тұрмысты құнттады, жылқы өсірді, асыл тұқымды жыл­қы­лары шымқай ақ түсті боп келді, қой мен сиыр да негізгі түліктердің қатарына жатты. Егіншілікпен айналысқандары туралы да дерек бар. Алтайға сұғына еніп, көштері Моң­ғол Алтайына дейін келді. Олар Алтайдағы қоныс­та­рына айрықша мән берді. Жайлауда отырып, Бесбалық базарына керуен жүгіртіп, қысқы керек-жарақтарын алып, қыстауларына ұзауды дағды етті. Қырғызда түрік жазуы кең қолданыста болды. Бірақ олар Орхон кешендеріндегідей көлемді ұзақ мәтіндер жазбады. Негізінен құлпытас үлгісіндегі жазулар. Алтын көлдегі Барыс бекке арналған ескерткіште: «Жүйріктеріңді алмадың. Үш ыдыс-аяқты өзіңмен бірге алмадың» десе, Тер-апа ескерткішінде: «Мен жеті бөріні өлтір­дім. Барыс пен бұғыны өлтірген жоқ­пын» деп қысқа тұжырады. Бұл жазулар негі­зін­де қырғыз тарихы туралы байлам жасау қиын. Енесей жазуларының кемшілігі осында.

758 және 795 жылы Ұйғыр қағандығы Қырғызға екі рет күйрете соққы берді. Бұл жеңілістің есесін қырғыздар 840 жылы ғана қайтарды. Ұйғыр қағандығын Моңғол даласынан түгелдей бостырды. Батыс өлкеге қашқан ұйғырлардың бір тобын өкшелей қуып, қырғыздың алғы шептері Тань-шаньға ілікті. Қырғыздардың жаңа отанынан көрінуінің басы осы кезеңге жатады.

Телэ. Түріктің бір қанаты телэ – Еуразия жотасына кең жайылған өте үлкен ел. Еділ-Жайықтан бір жағы Моңғолияға, екінші жағы Жоңғарияға дейін үздік-создық созылған 42 тайпалы әлеуетті жұрт. Қытай тарихшылары Түрік құрамындағы аталмыш қауымды гаочэ, телэ деп екіге бөліп қарайды. Олардың пайым­дау­ын­ша: гаочэ-динлин тектес те, телэ – ғұн тектес. Гаочэ – Шығыс Түркістан тайпалары, телэ негізінен Орхон, Селенга, Толы өзендеріне шоғырланған ұлыстар. Осы орайда тарихи ойымыздың көздің қарашығындай жәдігерлігі Орхон жазбаларына назар салсақ, олар гаочэ, телэ дегендерді білмейді, Моңғолия өзен­дерін жайлағандарды тоғыз оғыз, ал шығыс Түркістанға қоныстанғандарды батыс оғыз деп атап, ара-тұра жалпылама түрде оғыз деп сөйлейді. Бұл жерде түрік тарихшылары Қытай жылнамаларымен сырттай таласты пікір өрбітетін сияқты. Қайсысыныкі дұрыс? Түріктер өздерімен өмір бойы бірге жасасқан елдің тегін білмеді деуге ауыз бармайды. Асылы,­ телэлер негізінен Ғұн ішінде, оғыз тектес болса керек.

«Гаочэлер – ежелгі чидилердің ұрпақ­та­ры,­ олардың әуелгі атауы «дили» болған. Сол­түстікте оларды «чилэ» деп атаса, сялар (қытайлар – Ә.С) оларды «гаочэ дин­лин­дер («биік арбалы динлиндар») деп атаған» (Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. Том ІҮ. Алматы, 2006. «Вэшу», 103-цзюань, «Гаочэ баяны». 23-б.).

Мәтіндегі «чиди» – «қызыл ди», яки «қызыл динлин» дегенді білдіреді. Тәңірқұт Маудун заманында Ғұнның терістігінде – Кузнецк Ала­тауы­нан Байқал аралығында созылып жатқан. Ғалымдар оларды көк көз, сары шаш евро­поид текті нәсіл деп біледі. Европоидтік нәсіл кең ұғым, ал нақтылау ешбір зерттеушінің қолынан келмеді. Б.д.д. ҮІ ғасырда Пазырық, Барель мәдени ошақтарын жасаған тұрғындар үстеріне қызыл киім киіп, қару-жарақтарын, ыдыс-аяқтарын, ат-әбзелдерін – бәрі-бәрін қызыл бояумен бояған. Б.д.д. қазіргі Әзербайжан Антрапена атанғанда, олардың басты тайпалары қызылдар еді. Қызылдар Тубаның Қызыл қаласына атын берді. Түрік әлемінде қызылқұрт, қызылаяқ, қызылсирақ, қызылер, қызылбас қауымдары болды. Қызылдардың шыққан тегі анық болмағанмен, кейін оғыз қауымының қатарынан табылғаны анық. Ал осы гаочэ – динлиндердің екінші қанаты телэлерді түріктер тағы да – оғыз деп таниды. Шындық түрік көзқарасында жатуы ғажап емес. Түріктер Ғұн империясын құрысқан оғыз қауымы екенін және олардың ұрпақтары кімдер болғанын жақсы білген сияқты.

Арғы тегі бір аталмыш қауымдастықтар тұрмыстағы этнографиялық ерекшеліктерге байланысты басқа-басқа атанған сияқты. Бұлардың бірі төрт доңғалақты арбаға – өгіз, түйе жегіп көшсе, екіншілері – биік доңғалақты арбамен көшкен. Төрт доңғалақты ырдуан арба түрік тілінде тегірек, телеген, телеге аталады, ал биік доңғалақты арба – қаңқа делінеді. Тегіре, телеген, телегеден – телэ атауы шықты, ал қаңқаның қытайша балама атауы гаочэ боп қалыптасты. Қаңқа, қаңқалы, гаочэ атауын қаңлыға жақындастырады. Алайда, екеуінің арасына тепе-теңдік белгісін қою үшін қосымша зерттеулер қажет.

Қаңқалылардың тайпалары ди (динлин тектілер), юаньхэ (ұйғыр), хулюй (ұлы ұрық – дулу), сепи (циби, кейінгі киби, қыбыр, қыбырай), хугу (көге), ицицзин (алтын). Афучжилоның бастауымен 487 жылы Жужаннан кетіп, Батыс өлкеге қоныс аударған, кейін гаочэ – қаңқалы аталған 12 тайпа төменгідей цифули (?), тулу (дулу), ичжнь (ежен), далянь (төлеңгіт), кухэ (көге), дабогань (басайган), алунь (алтын), мо-юнь (мойын, шимойын), цифэнь (сыбан), фуфуло (бөгі бөрі), циюань (қиян), юшупэй (?). Жылнаманың алғашқы жолдарында іріктеліп қана аталған тайпа, кейін толық түзілген. Олардың қай­сы­бір­лерінің түріктік атауын анықтау мүмкін болмады. Тарих бел-белестерінде не ыдырап ұсақталудың, не басқаға қосылып бірігу салдарынан төл есімдерінен көз жазып қалған қауымдар жиі кездеседі. Ал түріктік атаулары анықталғандарынан кейінгі қазақ қауымына қатысты біраз жайлардың аужайын аңдаймыз.

«Вэйшу» жылнамасы Батыс өлкеге етене «Гаочэ» баянында «Бес ху құрған 16 мемлекетке» (304-439 жж.) жататын Хуанхэ өзе­ні­нің іші-сыртындағы тайларға шолу жасап, игілікті іс істейді. Олар Нюйшуй өзе­ні­нің тұр­ғын­да­ры тутулин мен сежу, Иньшань тауының теріскейіндегі Дунян суының аңға­рын­дағы хэтулин мен хэси, Чифа, Кушуй өзенін жай­ла­ған хоулюйлиндер, Шаньси өлкесіндегі Саньчэн қаласының төңірегін қоныстанған сюегань, Нинся – Хуэй автономиялы өлкесінде жасаған подолань атты сэнби қауымы, Шаньси өлкесіндегі Бана тауын мекендеген юелэбэйнилер. Бұлар кезінде Хэлянь Бабаның әкесі Лю Вэйчэньге қараған соңғы оңтүстік ғұн тайпалары. Жылнамалардың мәлімдеуінше: барлық саны 19 болуы керек еді. Жоғарыда солардың іргелілері ғана назарға іліккен. Пинляннің «аралас хулары» негізінен осы рулардан құралса керек. Түрік заманында олардың хэсиден басқасы көзге түспейді. Өз аттарын жоғалтып, басқа қауымдастыққа қосылып не қытайланған ғұндар осылар болса керек. Енді қаңқалы қауымының қайсыбіріне азды-кемді анықтама бере кетелік.

( Жалғасы бар)

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button