Сұхбат

Көк түтіннен құтылатын күн жақын

30 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен «El-Orda» YouTube арнасына сұхбат берді. Әңгіме барысында аудандағы жылыту жүйесі, газдандыру мен жарықтандыру сынды өзекті мәселелер қамтылып, жүзеге асып жатқан жобалар туралы айтылды.

– Есет Берікұлы, бірінші сауалымызды жылыту маусымынан бастасақ, ауданның барлық әлеуметтік нысандары мен тұрғын үйлері жылыту қазандығына қосылды ма?
– Қазір Сарыарқа ауданы бойынша 900 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 680-нен астамы орталықтандырылған жылыту қазандығына қосылған. Қалған үйлер өздерінің дербес жылыту қазандықтарына, яғни электрлік және дизельдік газға қосылды. Біздің мақсат – орталықтандырылған жылыту қазандығына қосылған үйлерді жылыту маусымына қосу. Қазір бұл жұмыс 99,8 пайыз орындалды. Бірақ Гете 3 және Мәскеу көшесіндегі 30/1 тұрғын үйлеріне жылу жетпеді. Өйткені ол үйлер апатты жағдайда тұрғандықтан, жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Суық басталғанға дейін оларға да жылу жетеді.
– Тұрғындар аудандағы көк түтіннен шаршады, газ қашан беріледі?
– Кезінде елорданың экологиялық жағдайын жақсарту үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын газдандыруды тапсырған болатын. Осы мәселе жөнінде күн сайын Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай ­Көлгіновке газға қосылған жеке үйлер жөнінде есеп береміз. Қазіргі көрсеткіштерге келсек, аудандағы 520 тұрғын үй газбен қамтылды. Одан бөлек, 14 әлеуметтік-мәдени нысан бар. Жыл соңына дейін олар да газбен қамтылып, біртіндеп көк түтіннен арылатын боламыз. 

[smartslider3 slider=985]

– Елордамыздағы ең өзекті мәселе – үлескерлер жайы. Сарыарқа ауданында үлескерлер үйлерінің кілтін алды ма?
– Рас, үлескерлер мәселесі – елордадағы өзекті проблемалардың бірі. Осы орайда істеліп жатқан жұмыстар да аз емес. Мәселен, былтыр «Гарант» тұрғын үй кешенінің жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа берілді. Осы қатардағы «Зере 1», «Ақерке 2» тұрғын үй кешендерінің үлескерлері кілттерін алып, қазір қуаныштарын тойлап жатыр. Енді «Баспана Көктал» және «Жеті жол» тұрғын үйлері қалып отыр. Онымен қазір үй объектілерінің құрылысына жауап беретін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС айналысып жатыр. Жақын арада шешіледі.
– Ал Ермек Серкебаев көшесіндегі саябақтар қашан ашылады?
– Бұл көше Сарыбұлақ өзеніне жақын орналасқан. Ол жерде Есіл өзенінің жағалауынан басқа қоғамдық кеңістік жоқ. Осыған орай таяуда екі қоғамдық кеңістік саламыз. Сонымен қатар Рыскелді қажы мешітінің оң жағында үлкен алаң бар. Ол алаңда Қоршаған ортаны қорғау басқармасымен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мердігер анықталды. Құрылыс жұмыстары көктемде басталады, үлкен саябақ саламыз. Ол Ермек Серкебаев көшесіне өте жақын орналасқан.
– Ауданды аралап жүргенде кейбір қымбат тұқымды талдардың қурап кеткенін байқаймыз. Оларға күтім жеткіліксіз бе?
– Иә, ондай жағдай кездеседі. Дегенмен оларды жүйелі суару жұмыстары бойынша қала әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасымен жүйелі жұмыстар атқарылуда. Талдардың кеуіп кететін себебі, тек суаруға байланысты емес, талдарды отырғызу технологиясы сақталуы тиіс. Яғни ондай жұмысқа кәсіби агрономдар тартылуы қажет.
– Аудандағы үй-жайы жоқ қаңғысбастар мен ішімдікке салынған азаматтарды оңалту жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
– Байқоңыр ауданында адаптациялық орталық орналасқан. Онда осындай қиын жағдайға түскен азаматтарды қалыпты өмірге бейімдейді. Мұнда барлық жағдай қарас­тырылған. Айта кету керек, адаптациялық орталыққа түскен азаматтар қалыпты өмірге қайтып келеді деген кепілдік жоқ. Себебі ол адамның өзіне де байланысты. Бес саусақ бірдей емес, көп азаматтар осындай өмір салтын қалайды. Жаз мезгілінде сол орталықтан қашып кетіп, әртүрлі қуыстарды мекендеп жүретін жағдайлар да кездескен.

[smartslider3 slider=185]

– Адаптациялық орталықтан сауығып шыққан азаматтарға әкімдік тарапынан қандай қолдаулар бар?
– Бұл жұмыс барысында қарастырылды. Тығыз жұмыс істейміз. Ол орталықтың қарамағында 8 мыңға жуық жұмыс орны бар. Адаптациялық орталықтан сауығып шыққан азаматты алдымен табыс көзімен қамтамасыз ету керек. Сондықтан жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, қиналып келген азаматтарды ең алдымен жұмыспен қамтамасыз етеміз. Одан кейін тұрғын үй сынды мәселелеріне көшеміз.
– Енді үш ауысымды және ғимараты ескірген мектептер жөнінде айтсаңыз…
– Жалпы Сарыарқа ауданында 342 мың тұрғын бар. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласындағы халық көп шоғырланған аудан. Демек, балалар саны да көп. Қазір 57 мың оқушы 33 мектепке барып, білім алуда. Білім басқармасымен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде үш ауысымды мектептерден құтылдық. Бірақ 38 баладан отыратын мектептер бар. Мәскеу көшесінде орналасқан №14 мектеп жанына «Махаббат» тұрғын үйі мен үлкен алаң салынады деп ойламадық. Үлкен кешен салынғаннан кейін, әрине, байдың балалары бірден лап етіп, кішкентай мектепке барғаннан кейін сондай проблема туындады. Бірақ оның да шешімі бар.
– «Нұр-Бесік» тұрғын үй кешеніндегі жарық пен жол қашан реттеледі?
– Әрине, тұрғындар қиыншылықтарын жеткізеді. Онымен толық келісемін. Бірақ электр желісі, су құбыры, басқа да көшеаралық жолдардың мәселесі жобалық-сметалық құжаттаманы талап етті. Қараша айында электр және су беріледі. Одан кейін кәріз жүйелері реттеледі. Ал қалған абаттандыру жұмыстары мен жолдарды асфальттау, көшелерге жарық тарту, телефонизация сынды мәселелер келесі жылға қалдырылды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button