Астана аудандары

«Көкталдағы» спорт кешені

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында «Көктал-2» тұрғын алабында Дене шынықтыру-сауықтыру кешені салтанатты жағдайда ашылды. Оған Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары, аудан тұрғындары қатысты. Ақ жаулықты аналарымыз қазақтың дәстүрімен шашу шашты. Ашылу салтанаты балалар арасында «Көңілді старт» жарысына жалғасты. 

[smartslider3 slider=1605]

Аудан әкімі Байкен Есет қатысушыларды Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтап, оның құндылығы, Желтоқсан жастарының азаттық үшін арпалысы туралы айтып, жасөспірім спортшыларға сәттілік тіледі.

– Еліміз барлық жетістіктерге Тәуелсіздіктің арқасында жеті. Осыдан тура 35 жыл бұрын қазақтың рухты жастары егемендік үшін алаңға шықты. Қысқа ғұмыр кешсе де, азаттық жолында өмірлерін қиса да, соңына өшпес рухтарын қалдырып кетті. 30 жыл ішінде еліміз дамыған елдермен терезесін теңестіріп, керегесін кеңейтті.

Құрметті жарысқа қатысушы, жас өрендер! Сіздер еліміздің болашағысыздар! Тәуелсіздігіміздің баянды болуы да – сіздердің қолдарыңызда. Бүгінгі жарыста барлығыңызға сәттілік тілеймін! – деді аудан басшысы.

«Көңілді стартқа» 10-13 жас аралығындағы 40 баладан тұратын төрт команда қатысты. Жарыс эстафета, түрлі кедергілерден өту, жүгіру сияқты кезеңдерден тұрды. Жарыс қорытындысында «достық жеңіп», барлық қатысушыларға сыйлықтар таратылды. Балалар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында аталмыш шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады.

Жалпы Сарыарқа ауданында ашылған Дене шынықтыру-­сауықтыру кешенінде бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірнеше секция ашылды. Бүгінгі күні мұнда волейбол, гандбол, самбо, карате-до, қазақша күрес, кукушенкай каратэ, кикбокс сияқты спорттық үйірмелерге 100-ге жуық бала барады.

Сонымен қатар осы аудандағы «Агроқалашық» тұрғын алабындағы «Медина» тұрғын үй кешенінде жаңадан «AQAN SERI» атты балаларды дамыту орталығы ашылған. Бұл орталықта арнайы математика, ағылшын тілі, домбыра, хорео­графия, гимнастика, тоғыз­құмалақ, шахмат үйірмелері жұмыс істеп жатыр. Қаланың шеткі аймақтарында ашылып жатқан Дене шынықтыру-­сауықтыру кешендері мен осындай орталықтар тұрғын алаптарды дамытумен қатар сонда тұратын балалардың спорттық және шығармашылық дамуына жағдай жасап отыр.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button