Жаңалықтар

КӨЛДЕНЕҢ ЕСІЛДІҢ КӨШЕЛІ ЗЕРТТЕУШІСІ

Біз ХХ ғасырдың сексенінші жылдары байырғы тарихты жатқа соғатын соңғы қарияларды көрдік. Олардан кейінқазақтың өз заманындағы тарихын айтатын адам қалмады. Тарихшылардың көпшілігі КПСС-КСРО тарихынан қорғап, сол қорғағандарын қанағат етіп, ұлттық тарих ұмытылып кеткендей еді.

Міне, осы кезде аса бір кәсіби білімнің иегері болмаса да «Біз қазақ деген елміз, біздің өз тарихымыз бар» деп жер-жерде өлкетанушылар қазақтың ауызша тарихын ұмытпасқа, жазықсыз жапа шеккен азаматтарын есте сақтауға, аман қалған ескерткіштерін сақтамаққа қам қылды. Солардың жан қиярлық еңбегімен әр жерде мұражайлар ашы­лып, елдің қолында сақтаған бірлі-жарым тарихи және этнографиялық жәдігерлер жиналды. Осылардың ара­сында Есіл бойының жоғын жоқтаған Клара Әмірқызының атын ерекше атау керек. Клара Әмірқызының өкшесін баса бүгінде ортамызда жоқ Баянбай Құсайынұлы да ертеректе КПСС-пен шұғылданса да осы іске белсене араласқанын көрдік. Байекең марқұм маған «Көлденең Есіл» деп кездескен сайын осы ұлы өзеннің Атбасардан әрі иіліп келіп солтүстікке кілт бұрылатын тұсына қатысты әңгімелерді көп айтушы еді. Есілдің қай тұсы болсын керемет та­рих. Ал, Байекең айтатын Көлденең Есіл тіпті ерекше болса керек. Өзі сол жерде туып өскендікі ме Байекең Көлденең Есілге қатысты әңгімелерді экспедици­яларда көргенін, ертеде үлкендерден естігенімен араластырып қызығып айтушы еді. Байекеңнің сол әңгімелері Еуразия унивесритетінің баспасында профессор Дихан Қамзабекұлының жауапты редакторлығымен 2010 жылы жарық көрген «Есіл өңірі: тарих және тағылым» атты жинақта жарық көрді. Біз бүгінгі Байекең туралы әңгімімізде де осы жинаққа көбірек сүйенеміз.

Баекеңнің бағына 2000 жылдардың басында өзі жұмыс істейтін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне К.Ақышев, М.Елеуов сынды ғалымдар келіп, Есіл бойы­на бірнеше кешенді экспедициялар ұйымдастырылып жұмыс қызу жүрді. Олармен бірге Астанаға ғылыми әдебиет, зерттеушілік тәжірибе, қазақтың жас мамандары келді. Ертеде Қараөткелдің шежіресін жақсы білетін қариялар болғанымен, өлкенің тарихын негізінен өзге ұлт адамдары жазып, олар қазақтың ауызекі деректерін мой­ындамайтын, ал, мойындағаны тілді түсінбейтін. Байекең де осы туралы «Айтқандайын, осы «Хан жолы», «Қараөткел» деген жер атауына, оның мәніне байланысты тіпті қиғаш пікір айтушылардың кездескенін жа­сыра алмаймыз. Мәселен, өлкетанушы А.Дубицкий: «Қара –Уткель был од­ним из важных пунктов на трассе Петропавловск-Средняя Азия, поль­зовавшейся у караванщиков скверной репутацией и носившейся довольно мрачное название «Қанды жол», что значит в переводе «Кровавая дорога» деп жазса, одан әрі: «Караванщики считали опасным: в камышах и пу­стых зарослях жимолости, крушины и тальника на левом берегу грабители устраивали иногда засады. Отсюда надо пологать, и название «Черный брод» деп өзі ойлап тапқан пікірді орыс тілді қоғамға таңғысы келеді» деп ренжи жазған еді (7-8 бб). Байекең А.Дубицкийдің ең осал жерінен ұстады. Тіл білмеген адам қараңғы. Қазақ тілін білмей қазақ тарихын зерттеп жүрміз деген сөздің бәрі күмәнді. Тіл білсе, «Хан жолы» «Қанды жолға», «Қара өткел» «Қатерлі өткелге» айналар ма еді?!

Өлкетанумен айналысу үшін тек тіл ғана емес, сонымен бірге арғы-бергі тарихтан да зерттеушінің хабары болуы керек. Осы жағынан келгенде Байекеңнің Құлтөлеу Мұқаштың 2007 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Әлемді хан Кене рухы шарлап жүр немесе Алматыға жеткізілген анық сол бабамыздың сүйегі ме?» деген мақаласына қатысты сыны ескерерлік. Байекең «Кенесарының басы Ресей патшасына бағалы сыйлық ретінде Петерборға жөнелтілді» деген тұжырым нақты емес. Майтөбеде мерт болған үш жүз сарбаздың ішінде Қыпшақ Басығара батырдың есімі де айтылады. Басығара батыр Қараөткелді алу кезінде қаза тапса және ол туралы Е.Бекмаханов, І.Есенберлин еңбектерінде нақтылы жазылса, атақты хан туралы айта­мын деп қалам ұстағандар неге іргелі еңбектерді оқып алмайды» деген сыны өте орында деп есептейміз. Қазіргі қазақ жазушыларының ішінде тисе терекке, тимесе бұтаққа деп тартып жіберетіндер көп. Байекең Сәкен Сейфуллинннің 1934 жылы «Хан Кене» пьесасының қойылуына байла­нысты жазған пікіріндегі «Соғыста, қазақтардан Басығара деген шабымпаз батыр оққа ұшып өлген. Басығараның өлігін қазақтар қалада патша әскерінің қолында қалдырмай, тартып алып шығып, қаланың сыртында Көкбел де­ген жерге қойған. Мола соңғы уақытқа дейін де бар еді» деген мәліметіне сүйене отырып ол жердің қазіргі уақытта Кірпіш зауыты аталатынын жазады. Байекең Басығара моласын анықтаған болуы керек, тек өзі қайтыс болып кетті де бұл бастама аяқсыз қалды.

Баянбай Құсайынұлының «Көлденең Есіл» туралы көп әңгімелейтінін жоғарыда жаздық. Ол «Көлденең Есіл» деп елдің қазіргі Жақсы, Есіл, Жарқайың сияқты елді-мекендер тұсында Есілдің оңтүстік-батысқа қиыстай келіп, Ұлытаудан аққан Терісаққанды өзіне қосып алып, іле солтүстікке бұрылатын тұсын айтушы еді. Біз қазіргі уақытта Есіл атауын көп қолданамыз. Қазақ заманында шамасы осы өзеннің ұзына бойын түгел Есіл деп атай бермеген. Көлденең Есіл де табиғатты бақылағыш, оның сырын білетін, жағрапияны біз сияқты кітаптан емес, өздерінің күнделікті тіршілігінен үйренген ата-бабаларымыздың арнайы қойған айырма атауы. Осы атауды жаңа ұрпақтың жадында қалдыру үшін сол жердегі бір елді-мекеннің атын Көлденең Есіл деп неге атамасқа?! Осы тұста Есіл өзенінің иіліп барып батыс-солтүстікке бұрылатын екі жақ өңірін «Ақ жазық» деп атаған, ол да есте болатын әдемі атаудың бірі емес пе ?!

Байекең кезінде Әлкей Марғұлан сипаттаған Жақсы Жаңғызтау қалашағын іздегенін былай жазады: «Осы жолдың авторлары біраз көнекөз қариялармен, сол маңайдағы тұрғындармен әңгімелесіп, Жақсы Жаңғызтау елді мекенінің орыны Жақсы ауданына қарасты «Рентабель­ный» ауылынан 3-4 шақырым жерде орналасқан «Чудное» селосының (қазақтар Шоднай дейді) маңында де­ген түйінге келді…Бұл жерге келушілер, әрине, таң тамаша қалып: «чудо», яғни, «тамаша», «ғажайып», «керемет» деп атаған болуы мүмкін. Бұл ауылды Жақсы ауданындағы «Новочудное» ауылымен шатастыруға болмайды. Жаңа елді мекен өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяқ кезінде Қосағал ауылы мен Кіндікті ауылының аралығынан салынған. Екіншіден, Чуд­ное селосының маңында көлдің және жал-жал болып қалған ескі елді мекен орындарының сілемдері бар» (17 б.). Осылайша топшылай келе Байекең Ә.Марғұланның «Жақсы Жаңғызтау атты қаланы XIV ғаcырда Тоқтамыс хан салдырды» деген деректің дұрыс екенін, Чудное селосы мен Жақсы стансасы маңындағы жер сол қаланың орнына келетінін баяндайды. Зерттеуші өзі көзімен көріп, салыстырып жазып отырған соң біз де осы пікірді мойын­даймыз. Осы орынды жергілікті жұрт «Айдарлы», немесе «Қарауыл төбе» деп те атайды.

Есіл бойындағы ортағасырлық қалашықтарды іздестіру барысында Байекең Ә.Марғұланның жазбаларына сүйене отырып, Ормамбет пен Өркөшекке ерекше назар аударған. Ә.Марғұлан Ормамбет хан қаласы Терісаққанның Есілге құяр тұсында деп жазған, Байекең ерінбей сол жерге барып, көнекөз қариялардан сұрап қаланың орнын таба алмаған екен. Содан Шоқанның картасына сүйеніп Атбасардан Қимаға қарай шығатын жолдың бойында Есілдің оң жағасынан тапқан. Байекең «Ормамбет елді мекенін Терісаққан өзенінің бойынан іздеудің қисыны жоқ сияқты» дейді. Бұл пікірмен де біз келісеміз. Расында да, Шоқан сызбасындағы көне қалайы руднигі де, Ормамбет қаласының орны да Атба­сардан шыға беріс жерде, Сергеевка ауылына жақын орналасқан. Тек патша үкіметі бұл жерде кезінде бекет ашып, одан кейін Совет заманында трактор станциясы сияқты құрылыстар салы­нып ортағасырлық хан ставкасының тас талқанын шығарған. Бұл мәселе Есіл өңіріне белгілі өлкетанушы Кла­ра Әмірқызының жазбаларында да бар. Бүгінде күні біздің міндетіміз өзімізге дейін бірнеше ғалымдар мен өлкетанушылар елдің есіне қайта-қайта салып, ұмыттырмай осы күнге дейін жеткізген Дәшті-Қыпшақтың ұлы хандары орда тіккен атақты қонысқа ие болу.

Сонымен бірге, Ә.Марғұлан нұсқаған Терісаққанның Есілге қосылар жері де ортағасырлық қала мәдениетіне ыңғайлы екенін ескерген жөн. Әр түрлі себептерге, әсіресе, жаугершілікке және егіншілікке қажеттіліктен ортағасырық қалашықтар жан-жағынан өзен-көл қоршаған, бекініске және суармалы егіншілікке ыңғайлы жерлерге салына­ды. Мен оны Өлеңтінің Ақкөлге құяр аузында салынған Шайбан тұқымының ордасы «Ақкөл –Жайылма» қалашағын іздеген уақытта аңғарған едім.

Байекең Ормамбет қаласын іздеумен шектеліп қалмай, Шоқан сызбасындағы Шұрымсай, Жаркөл, Терісаққан бекеттерінің орындарын түгел аралап Өркөшек қаласын іздейді. Осылай­ша Еуразия университетінің шағын зерттеу экспедициясы Есіл өзенін Ормамбет қаласы табылған тұстан кешіп өтіп «қазіргі Жақсы ауданына қарасты Кеңарал ауылының Аманкелді бөлімшесінен екі шақырымдай жердегі орта ғасырлық қалашыққа» келеді. Бұл бекініс-қамалдың «ұзындығы 100 мет­рден, ені 90 метрден астам, орны және төрт мұнарасының орналасқан жері ерекше көрініп тұр. Мұнаралардың құлағанына қарамастан, оның үстіне шыққан адамға қазірдің өзінде Са­мар елді мекені мен Есіл өзеніні маңайына орналасқан басқа да мекен­дер айқын көрінеді» дейді Байекең (18 бет). Енді қарап отырсақ, Есілдің ортағасырлық тарихы жаңа зерттеле басталған сияқты, тіпті, тарихта сан рет айтылған қалашықтардың орны туралы да толып жатқан даулы мәселе бар. Ал, жазба тарихқа түспей ұмыт жатқан ескерткіштер қаншама. Осы себептен, жыл сайын Есіл-Нұра өңірін аралап, бір кешенді тарихи-этнологиялық экс­педиция жабдықтап отырса да көп емес. Күннен күнге жердің аты-жөнін білетін, ескілікті әңгімеге қанық қариялар азайып келеді. Олар кеткен соң қай жерде өмір сүріп жүргенімізді айта алмай, тіпті, мақұрым болып қалатын түріміз бар.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
Л. Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің
профессоры

 (жалғасы)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button