Көлігіне қарай салығы
2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлік салығы қымбаттамақ. Бұл туралы мәлімдеген ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев: «Қымбат көлік мінгендердің жағдайы жаман емесі анық. Олар салықты көбірек төлеуі керек. Сөйтіп, бюджет қоржынына 1 миллиард 700 мың теңге түсіруге болады» деген пікірде.Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 3 миллион 600 мың көлік бар екен. Олардың ішінде қозғалтқышының көлемі 3 текше сантиметрден асатын көліктердің саны – 112 мың. Бұл – жалпы көліктердің 3 пайызы. «Қозғалтқыш көлемі үлкен көліктердің бағасы да қымбат. Бұл машиналардың иесі қарапайым адам емесі анық. Сондықтан салық көлемін ұлғайтудан олардың қалтасына салмақ түсе қоймас» дейді министр.
Сонымен, қозғалтқыш көлемі 3-3,2 литр арасындағы көлiктiң иелерi жыл сайын 35 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде салық төлемек. Қазір бір айлық есептік көрсеткіш – 1731 теңге. Демек, бұл – 60-61 мың теңгенiң ар жақ-бер жағы. Ал қозғалтқыш көлемі 3,2-ден 3,5 текше сантиметрге дейiнгiлер 46 айлық есептiк көрсеткiш, 3,5-тен 4-ке дейiнгiлер 66 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде салық төлейді.
Бұған дейін қымбат машина мініп, оның салығынан жалтарып келген қулар көліктерін соғыс ардагерлері мен зейнеткерлердің, мүгедектердің атына аударып келген. Енді бұл қулық та жүзеге аспайтын сыңайлы. Соғыс ардагерлерінен басқалардың атына жазылған көліктерге жеңілдіктер алынып тасталады дейді министр.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ