Басты ақпаратҚоғам

Көлігіңе қарай көсіл

Таяуда «Астана ақшамы» газеті елордалық тәртіп сақшыларының автопаркі 94 жаңа көлікпен толыққанын сүйіншілеп жеткізді. Бұл көліктердің барлығы Қазақстанда жасалған. Полиция, медицина, білім саласы… Елімізде қаншама бюджеттік, мемлекеттің ірілі-ұсақты мекемелер, мемлекеттің үлесі бар үлкен құрылымдар бар, соның бәрі екі-үш жыл сайын көлік жаңартады. Ендеше, отандық автоөндіріс өрісі кеңейетін кезең туған жоқ па?

Отандық өнеркәсіпті өркендету – бүгінгі таңда Қазақстандағы ең бір өзекті мәселелердің бірі. Оған қол жеткізу үшін сол өнеркәсіп өндірген өнімдерді ең алдымен өз отандастарымыз көптеп сатып алатын болуы тиіс. Жақында Мәжіліс депутаты, Парламенттегі «Ақжол» фракциясының өкілі Кеңес Әбсаттаров осыған қатысты мәселе көтерді. Ол еліміз шенеуніктерінің қызметтік көлік ретінде шетел авто­өнеркәсібінің қымбат бағалы көліктерін сатып алуға құштар екендеріне көпшілік назарын аударды.

Депутаттың сөзі бұған дейін ел ішінде айтылып келе жатқан өзекті мәселені мемлекеттік деңгейге көтерудің бір жолы болып көрінді. Ол мұны Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдау арқылы жеткізді. Бұл сауалда халық қалаулысы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында, «Қазақстан-2050» стратегиясында отандық өнім өндірушілерді қолдаудың міндетті екені атап көрсетілгенін тағы бір еске түсіріп өтті. Демек, бұл – Мемлекет басшысының осы нақты нұсқауы мен тапсырмасы әлі күнге өз дәрежесінде орындалмай отыр деген сөз.

«Мемлекеттік орган өкілдерінің көбі шетелдік көліктер сатып алып, Елбасының тапсырмасын елемей отыр. Жыл басынан бері шенеуніктер 400-ден аса қымбат шетелдік көлік сатып алды. Солардың ішінде ең соңғы үлгідегі Land Cruiser 200 және Land Cruiser Prado маркалы өте қымбат автомобильдер де бар. Ал отандық көліктер бұл кезде шенеуніктер тарапынан өз қолдаушыларын таппай тұр. Бұған олар Қазақстанда жасалған машиналар қолдануға қолайсыз деген уәж айтатын көрінеді. Бірақ мұндай негізсіз сылтауға ешкім сенбейді» дейді К.Әбсаттаров сауалхатында.
Өзі көтерген өзекті мәселеде осы жайттарға назар аударып өткен мәжілісмен бұдан әрі жағдайдың асқынып кеткені сондай, бағасы шығандаған шетелдік көліктерді шағын бюджеттік мекемелердің де сатып алуға батыл кірісіп кеткенін мысал ретінде келтіреді. «Мәселен, Атырау музыка колледжі Land Cruiser Prado сатып алды. Жамбыл облыстық филармониясы Land Cruiser 200 көлігін алды, – дейді ол. – Сонда музыкалық мекеме жетекшілері құны 80 мың долларлық көліксіз жүре алмайтын болғаны ма? Олардың шығармашылық ұжымында басқа қиындықтар жоқ, бюджет қаражатын қайда жұмсарын білмей отыр ма?».

Қабырғадан төтесінен қойылған осы сұрақтардың астарында «бұл неғылған шалқақтау» деген сөз тіркесінің сұлбасы жатқанын біз де аңғарып отырмыз. Шынында, бұл неткен шалқақтау? Музыка мектебі мен филармонияның жұмысындағы бар проблема осы қымбат көліктерді сатып алумен шешіле сала ма екен? Олар қыруар пайда табатын мекемелер қатарына жатпайды ғой. Олай болса, бұл салаларда мәселені қарап, реттестіріп отырған кім бар? Сол себепті де депутат Үкімет басшысынан қызметтік көлік алуға бағытталатын мемлекеттік сатып алу мәселесін қайта қарап, Елбасының тапсырмасын елемей жүрген мемлекеттік органдардың басшыларын жауапқа тартуды сұрайды.

Бұл жерде ескеретін бір маңызды мәселе бар. Біздіңше, мұндағы түйіннің түйткілі Үкіметтің 1999 жылғы 27 мамырда қабылдаған «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарына транспорттық қызмет көрсету үшін қызметтік автомобильдерді пайдалану тәртібін реттеу туралы» қаулысына тіреліп тұр. Онда «мемлекет қаржыларын үнемдеу тәртібін күшейту және қызметтік автомобильдерді пайдалану тәртібін реттеу мақсатында мемлекеттік органдарға транспорттық қыз­мет көрсету үшін бөлінетін қызметтік автомобильдердің тиісті нормативі бекітілсін» деп атап көрсетілген. Міне, осы қаулыға сәйкес мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшысынан бастап барлық деңгейдегі буындары жетекшілерінің қызметте пайдалану үшін сатып алатын автомобильдері қозғалтқыштарының көлемі 3000 текше сантиметрден асып кетуіне үзілді-кесілді тыйым салынады. Сонда ортанқол мемлекеттік мекемелер қозғалтқыш көлемі 4000 және 5000-нан асатын шетелдік көліктерді қалай, кімнің рұқсатымен алған? Бір емес, екі талап – қозғалтқыш көлемі нормадан артық және отандық өнім емес, бұзылып отыр. Бұған бақылаушы органдар не айтады? Мемлекеттік сатып алу шарасын бастаудың өзі заңсыз ғой осы жағдайда. Сонда ортанқол мекеме Заң мен Үкіметтің шектеуі мен талабына пысқырып та қарамағаны ма?

Осы орайда тағы бір мәселе туындайды, біздің Қостанайда әкім мен министр ұялмай мінуге болатын «SsangYong Chairman» аталатын, қозғалт­қышы мен механизмдері «Мерседестен» алынған, есік пен төрдей келісті көлік шығарылады. Бірақ қуаты 3000 текше см-ден асады. Аспаса, өз салмағын сүйрей алмас еді. Демек, Үкіметтің қаулысына сәйкес, оны мемлекеттік мекемеде пайдалану кереғарлық болып табылады. Бұл келісті көлікті Қазақстан шенеунігі міне алмайтын болса, онда не үшін және кім үшін шығарамыз? Ал егер Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік орган басшылары, әкімдер қазіргі қаптаған «Мерседестердің» орнына осындай көлікті мінсе, қанша қаржы өз қазынамызға құйылар еді.

Осындай көзқарастың салдарынан еліміздегі автомобиль сатылымы, соның ішінде отандық көліктердің саудаға шығарылуы соңғы жылдары күрт түсіп кеткен. Бұған, әлбетте, әлемді жайлаған экономикалық дағдарыстың да айтарлықтай әсері болды. Бұған мұнай бағасының құнсыздануы мен жалпы әлемдік экономикалық ызғардан бөлек, біздің өз жүйеміздегі жоғарыдағыдай кереғарлықтар, жүйелілік пен тәртіптің болмауы тағы бір себеп. Теңгенің тәлтіректеуі мен доллардың өршіп өсуі – қосымша соққы. Бұл аздай, 2015 жылдың басынан бастап енгізілген утильдеу жиыны мен алғашқы тіркеуге жұмсалатын қосымша шығындар саланы кәдімгідей тұралатып тастаған.

Отандық көлік құрастырушы кәсіпорындар тұтынушы сұранысының төмендеуіне Ресей көліктері де кінәлі дегенді айтады. Бұл елден 2014-2015 жылдары, әсіресе, олардағы рубль құлдырауы кезінде 300 мыңнан астам «темір тұлпар» жеткізілген екен. Бірақ қазір жағдай бірте-бірте түзеліп келеді. 2018 жылға қарай біздің зауыттарда жиналған көліктердің қазақстандық үлесі 50 пайызға дейін артуы тиіс. Қазіргі көрсеткіш 30 пайызды құрайды. Құрал-саймандардың жартысы өзіміздікі болса, мұндай тәуелділік болмайды әрі қаншама қосымша жұмыс орындары ашылады.

Отандық көлік құрастырушылар 2017 жылдың сәуірінен бастап бұл саладағы сауданың жанданатынын айтып еді, қазір сол болжам біршама орындала бастаған сияқты. Атап айтқанда, «Қаз­АвтоӨнеркәсіп» автомобиль саласы кәсіпорны одағының мәліметіне қарағанда, биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында республикада жалпы құны 28,9 млрд теңге тұратын 5050 автотранспорт (бұлардың арасында жүк көліктері мен автобустар да бар) сатылып, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғандағы көрсеткіш біршама артқан. Ал жеңіл автокөліктерді өндіру көрсеткіші 5,4 пайызға дейін ұлғайып, жалпы саны 4571-ге жеткен. Тек сәуір айында ғана 1645 автомобиль конвейерден шығарылып, өткен жылдың осы уақытын 4,2 пайызға оздырып жіберген. Ал алғашқы төрт айда сатылымға шығарылған жеңіл көліктердің қатарында Lada (1897 бірлік), Kia (600), Hyundai (345), Chevrolet (264) және JAC (174) көш бастап келеді. Отандық кәсіпорындар ұсынған маркалардың арасында, сондай-ақ, SsangYong (70), Škoda (59), Peugeot (20), Geely (18) және Toyota (3) бар. Ал өткен жылы қазақстандықтар ескі-жаңа көлік сатып алуға 250 миллиард теңге жұмсаған екен. Аз емес, әрине, тек осыны отандық көліктерге бұра білсек… Өткен жылы елімізде құны 62 миллиард теңге болатын 11 мың автокөлік шығарылған, биыл 12 мыңға жетпек, сонымен қатар, 500 автобус, 2 мың трактор шығару жоспарланған.

Алайда бұл серпілістің өзі біз көтеріп отырған проблеманы түпкілікті шешіп тастай алмайды. Мұны Қазақстан тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков та айтып отыр. Ол елдегі автонарық 2017 жылдың аяғына қарай табанынан тік тұрады дегенге келісе қоймайды. Оның айтуынша, нарықтың тұралауы әлі алда. «Құлдырау әлі тоқтаған жоқ. Мұнай бағасының арзандағаны себеп болғаны түсінікті. Бірақ осы тұрғыда экономиканы көтеретін басқа тетіктерді көріп тұрғам жоқ. «Қара алтын» бағасы 3-5 теңгеге көтерілсе де, халықтың жалақысы бірден өседі деген сөз емес. Автосалондарға жаппай жүгіре қоймас. Кейбір сарапшылар 2017 жылдың оңай болмайтынын айтады. Алдағы жылы мұнай бағасы көтерілмесе, бұдан да қиындау болады. Автонарық халықтың материалдық жағдайына байланысты. Қазір жұрт, негізінен, арзан көлікке құмар» дейді ол.

Осы ретте отандық өнім өндірушілерге Үкімет тарапынан нақты қолдау керек екенін сарапшылар бірауыздан айтып отыр. Ал өндірісшілер әлі де болса жеңілдетілген несиелік бағдарламаға үмітпен қарайды. Өткен жылдың сәуір айында басталған мемлекеттік автонесиелеу бағдарламасы екінші кезеңінің оларға көп көмегі болды.

Орайы келгенде айтайық, көрші Өзбекстанда осы салада қалыптасып отырған ахуал өзгешелеу. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан шетелдік көліктерді құрастырып шығаруды қолға ала бастаған бұл елде содан бері мемлекеттік мекемелерге қызметтік автомобиль ретінде ғана емес, тұрғындарға жеке көлік есебінде отандық көліктерді сатып алу қатаң міндеттеліп қойылған. Соның нәтижесінде қоңсы елдің тас жолдарында негізінен өзбекстандық көліктер мен ескі кеңестік машиналар ғана зырлап жүр. Ал қалталы азаматтар өздерінің шетелдік қымбат көліктерін қатар жатқан Сарыағаш жеріне әкеп, жасырып қояды деген әңгіме де айтылып қалады. Себебі біріншіден, оларға салынатын салық мөлшері өте көп; екіншіден, бұл көлікті қандай ақшаға сатып алғандарын дәлелдеуге тура келеді. Осының бәрі қазір көрші елде отандық автомобиль өнеркәсібін осылайша тұрпайылау, өзгешелеу жолдармен болса да қолдап, көтермелеу мақсатында пәрменді шаралар жүзеге асырып жатқанын көрсетеді. Қазір ондағы жағдайдың жақсара бастағаны сондай, өткен жылдың соңында бір топ автомобильші елдегі сұраныстың артуына байланысты республикада тағы бір көлік құрастыру зауытын салу жөнінде бастама көтерген.

Қазақстанның автомобиль жасау саласының тіршілік ете бастағанына оншалықты көп уақыт өткен жоқ. Ол өзінің тамырын 2002 жылдың желтоқсан айында Өскеменде «Авто Азия» атты кәсіпорынның ашылуынан тартады. Аталмыш зауыт 2003 жылы бірінші рет ВАЗ-21213 маркалы «Нива» автомобилін өндіріс конве­йе­ріне қосты. 2003 жылы «АгромашХолдинг» компаниясы Қостанайда бұрынғы дизель зауытын конкурстық негізде ұтып алып, оны қайта қалпына келтірді. Ал 2010 жылы зауыттың базасында SsangYong автомобилі құрастырылып шығарыла бастады. Қазіргі таңда республиканың көлік құрастырып шығару саласында «Азия Авто» АҚ, «АгромашХолдинг Қазақстан» АҚ және «Сарыарқа Автопром» ЖШС атты 3 кәсіпорын бар. Біріккен кәсіпорындар да бар.

Рас, елімізде отандық автомобиль құрылысы саласын дамытуға мемлекет тарапынан көптен бері айтарлықтай қамқорлық, қолдау көрсетіліп келеді. Мұндағы бірінші маңызды фактор – Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы. Оның 2015-2019 жылдарға арналған шаралары аясында шет елдердің General Motors, Hyundai, Kia, Peugeot, Renault, Nissan-Avtovaz, ŠKODA, Toyota және Iveco компанияларымен әріптестік қызметтестік көлемін одан әрі ұлғайту қарастырылған. Сонымен бірге, ішкі нарықтың шектеулі екені ескеріліп, өнімдерді ірі сериялы сипатта экспорттау ұсынылған. Оның ауқымы 2019 жылы 30 пайызға дейін жетуге тиіс. Отандық автоөнеркәсіптің дамуына серпін бере алатын екінші фактор сатып алушыларға жеңілдетілген несие ұсыну болса керек.

Бұл шара «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген несие беру жүйесінің операторы болып бекітілген «Қазақстан Даму банкі» акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылады. Бұған бөлінген қаржы көлемі 15 млрд теңгені құрайды. Үкімет тарапынан саланың жүгін жеңілдету бағытында жасалған тағы бір шара 2016 жылғы 27 қаңтарда қабылданған «Өндірісшілердің (импортерлердің) кеңейтілген міндеттемелерін жүзеге асыру ережесі» болып табылады. Ереженің шеңберінде импортерге әкелетін тауарларын утильдеу міндеттемесі жүктеледі. Бұдан бөлек, республикаға әкелінген ескі және жаңа автокөліктердің утильдік жиынтығы импортердің өзінен алынады. Ал ел ішінде шығарылған автомобильдерді утильдеуден салық жиналмайды. Себебі олардың қауіпсіз утильдері үшін өндірісшілердің өздері жауап береді. Мұндай норма 2012 жылдан бері бар. Тағы бір назар аударатын жайт, Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына (ВТО) мүше болуы отандық автоөнеркәсіп үшін қосымша ширыға түсуді талап етіп отыр. Олай болатыны, бұрын біздің елімізге әкелінген әрбір көлік құралы құнының 30 пайызы кедендік салық ретінде ұсталып келген болса, мүшелікке өткеннен кейін бұл мөлшер 15-20 пайызға дейін түсіп кетті.

Бұл отандық өнеркәсіпшілер үшін оншалықты қолайлы жағдай емес. Алайда оларға елімізге ескі көліктер келуіне кедергі келтіретін Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі кедендік одақ аясындағы біртұтас техникалық регламент көмекке келуге тиіс. Бұған қоса, елімізде белгіленіп жатқан автонесиелер тап осы отандық өнімнің көптеп сатылуына жол ашып беруі керек. Біз, сонымен қатар, еліміздегі бюджеттік мекемелердің тек қана отандық көліктерді алуларын заң жүзінде қатаң міндеттеп беретін арнайы құжат қабылдануы қажет деп есептейміз. Осылайша, Қазақстандағы барлық мемлекеттік органдар – Үкімет қарауындағы барлық министрліктер мен ведомстволардан бастап, 2 рес­публикалық деңгейдегі қала мен 14 облыстың, 160 ауылдық аудандар мен 17 қалалық аудандардың түрлі деңгейдегі басшылары, мыңдаған бюджеттік мекемелер – жаппай тек қана отандық көліктерді ала бастайтын болса, бұл саланың тез арада даму жолына түсіп кететініне еш күмән жоқ. Бұған баратын жолдағы бірінші нақты шара жоғарыда айтылған Үкімет қаулысындағы кереғар шектеудің мөлшерін қайта қарау деп білеміз.

Қазақта «Көрпеңе қарай көсіл» деген сөз бар. Бұл – нағыз қазіргі нарық заманының қағидасы. Ең үлкен, ең қымбат көлік алу, жұрттан озу үшін барын сататын, жанын салатын заман өтті ғой, бірақ бәсеке, әдет кетпей тұр. Сондықтан жоғарыдағы нақылды сәл өзгертіп, өз көлігімізге қарай көсілуді ел болып, Үкімет қолдап, қолға алып, республикада құрастырылып жатқан өнімнің көп тарауына мүмкіндік жасағанда ғана қазақтың ұлттық көлігі – «Ленд Крузер» деген кекесіннен құтыламыз. Мұнан ешкім ұтпаса, ұтылмайды. Заман талабы осындай!

Еркін ҚЫДЫР

бесплатная дебетовая карта

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button