Басты ақпарат

КӨЛІК КЕШЕНІН ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР?

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының 2016-2020 жылдарға арналған бас қаланы дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында көлік кешенін жаңарту мәселесі сөз болды. Оған «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрағасы, Астана әкімі Әсет Исекешев қатысты.

Маңызды жиынды «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Аманжолов ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз елорда әкімі Әсет Исекешевке берілді.
– Астана халқы жыл санап көбейіп келеді. Сонымен бірге көліктің де саны арта түсуде. Елордада ресми түрде 350 мың көлік тіркелген. Қазір қала ішінде күніне 400-450 мың көлік жүйткиді. Бұл – бас шаһар үшін ауыр салмақ. Осы мәселені шешу үшін тиісті бағдарлама қабылдап, ауқымды жобаларды қолға алдық. Дегенмен, көлік мәселесі жалғыз бізді ғана емес, әлемді де алаңдатады. Әсіресе, мегаполис қалалардың бас ауруына айналған. Оны бірден шешу мүмкін емес. Бірақ біз барынша тиімді шешім қабылдауға күш салып жатырмыз. Қазақта «Бес саусақ біріксе, жұдырық болады» деген қанатты сөз бар. Бүгін бәріміз бірігіп, қоғамда көп айтылып жүрген мәселені ашық талқылап, ой-пікірімізді ортаға салуға шақырамын, – деді қала басшысы.
Одан кейін Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов елордадағы көлік кешенін дамытуда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Оның айтуынша, қалада тұрғындарға 1 405 қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. 1 119 аялдама кешені салынған. 370 бағдаршам, 2860 бейне­бақылау камерасы және 21 мың жол жүру ережелерінің белгілері орнатылған. Көлік санының шамадан тыс көбеюі мен кептеліс мәселесін шешу үшін көліктік кешенді бес бағытта дамыту көзделіп отыр. Айталық, олар – қоғамдық кө­лік саласын, басқару жүйесін дамыту, шектеулер мен тыйым салуды қолға алу және жол инфрақұрылымын дамыту.
– Астанада қоғамдық көлік­­тердің еркін жүруіне мүмкіндік жасаймыз. Мәсе­лен, С.Сейфуллин мен Ш.Уәли­ханов көшесінде кө­лік кептелісі жиі болады. Қыс мезгілінде одан сайын үдей түседі. Өйткені көлік қоз­ғалысы баяулайды. Қазір Сейфуллинмен 25 маршрут, ал Уәлиxановпен 25 маршрут жүреді. Кем дегенде 280 мың адам тасымалданады. Және осы екі көшемен 70 мың жеңіл көлік жүйткиді. Сондықтан аталған екі көшеге «Bus Lane» жолағын белгілі бір уақытта енгізу жоспарда бар. Айталық, таңғы сағат 7.00-10.00 мен кешкі уақытта 18.30-20.00 аралығында белгіленген жолақпен тек қоғамдық көліктер жүрсе дейміз. Осы ретпен қозғалыс жиілігін қалыпқа түсіруге болады. Біз осы мәселені көпшіліктің талқысына ұсын­дық. Тұрғындардан нақты ұсыныстар күтеміз, – деді Б.Игенбердинов.
Сондай-ақ, ол өз баяндамасында бас шаһардағы автокөліктердің оңға бұры­луын реттеуге бағдаршам­дардың мүмкіндігі жетпей­тін қиылыстардың анықтал­ғандығын айтты. Сондықтан 38 қиылысқа жанама жол салу жоспары әзірленген. Оның сөзінше, елордада көлік инфрақұрылымын дамытудың бес жылдық жоспары жасал­ған. Мұнда басымдық көше­лер мен даңғылдарды байланыс­тыруға, жаяу жүргін­шілер инфрақұры­лымын дамытуға берілген. Сонымен қатар үлкен және кіші айналмалы жол құрылысын толық аяқтау көзделген. Сол кезде транзиттік көліктердің қалаға кіруі азаймақ.
Жолаушылар көлігі бас­қар­­масының басшысы ата-аналарды көп мазалап жүр­ген сұраққа жауап берді. ЭКСПО – 2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесі қарсаңында 65 мың баланы тасымалдауға сатып алынған автобустар енді қаладағы мектеп оқушыларын тасымалдайды. Әрине, оның өз тәртібі бар. Әуелі ата-аналар мектептермен келісім-шартқа отырады, сосын қызмет көрсету жөнінде операторлармен келіседі.
Сондай-ақ, ол ЭКСПО көрмесі кезінде жүк көліктерінің қозғалысына қойған шектеулер оң нәтижесін бергенін мәлімдеді. Сондықтан шектеу­лерді ұзарту жөнінде шешім тағы қабылданған. «Күндіз белгіленген аумақтармен тек шұғыл қызмет машина­ларының жүруіне рұқсат етіледі. Ол көліктер қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақтарды пайдалана алады. Мұндай мүмкіндік техникалық себептерге байланысты түнде жүре алмайтын ауыр машиналарға беріледі» деді Б.Игенбердинов. Сонымен қатар ол жүк көліктеріне шектеу қою және бақылау саясаты кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді.
Бекмырза Игенбердинов өз сөзінде көшедегі жүк­те­мені азайтуға жұмыс кес­тесін өзгерту бойынша жұмыс­тардың жалғасып жат­қанын баяндады. Қазіргі күнде ол үшін меке­мелер мен ұйымдармен келіссөздер жүргізілуде екен.
Осы жерде Астана әкімі Әсет Исекешев жұмыс уақы­ты­на өзгерістің неліктен енгізілетінін түсіндіріп өтті.
– Тәжірибе көрсеткендей, қаладағы орталық көшелердің қозғалысының басым бөлігі 8.00-ден 8.45-ке дейін байқа­лады. Өйткені дәл осы бір мезгілде барлығы жұмысқа, мектепке, балабақшаға ба­ра­ды. Сондықтан осы ау­қымды ағымды азайту үшін жұмыстың басталу уақы­тын кейінге өзгерту туралы үкіметтің қаулысын қабыл­дауды ұсынамыз. Сабақ әдеттегідей 8.00-де басталса, министрліктер мен басқа мемлекеттік органдардың жұмысын 8.30-ға ауыстыр­са, жоғары және орта кәсіп­тік оқу орындарының, халық­қа қызмет көрсету мен банк­тердің жұмыс уақыты 10.00-де басталса дейміз. Бұл қаладағы көлік қозғалысын тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді қала басшысы.
«Астана LRT» ЖШС төраға­сының міндетін атқарушы Жанна Ақжанова өз баяндамасында қоғамдық көліктердің мәселесін қозғады.
– Алдағы таңда автобустарды тағы жаңарту қажет. Қалаға әлі де жаңа 1600 автобус керек. Ол шамамен 220 млрд теңгені құрайды. Бюджеттік субсидиялар тап­шы. Сондықтан біздің компания қоғамдық көлік кешенін қаржыландырудың бірнеше үлгісін ұсынады. Мәселен, бір ұсынысқа сәйкес, жол жүру ақысын көтеру қа­жет. Айталық, бюджетке түсетін салмақты азайту үшін бір билеттің бағасын 300 теңгеге көтеру керек. Оны халықтың қалтасы көтермейді. Сондықтан жаңа жолды ұсынамыз. Соның арқасында бір отбасының қоғамдық көлікке кететін шы­ғын­дарын азайтып қоймай, бюджетке түсетін салмақты да төмендетеміз. Жаңа жүйеге сәйкес, қоғамдық көлік ақысы бірыңғай есептеуіш орталығына төленеді. Қазіргі кезде біз ай сайын аталған орталық арқылы барлық ком­муналдық төлемдерді төлейміз. Сол сияқты әрбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысанынан 1,7 АЕК көлемінде алымды жинасақ, онда қаржының ашықтығын қамтамасыз етеміз, – деді Ж.Ақжанова. Оның айтуынша, қаланың әрбір тұрғыны көлік салығын төлесе, автобуспен жүруге кететін шығындар азаймақ. Одан зейнеткерлер мен басқа жеңілдігі бар адамдар салықтан босатылады.
Жалпы, тыңдалымда үкі­меттік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қа­тысып, өз ойларын ортаға салды. Кейбір келіспейтін тұс­тарын да ашық айтты. Тұрғындар қоғамдық кө­лік­тердің қызметіне нара­зылығын білдірді. Қысқасы, бас қаланың көлік кешенінің дамуы айтарлықтай. Атқа­рылған жұмыс жетерлік, атқа­рылмағы одан да көп.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button