Мәселе

Көлік көбейген сайын желік те көбейді

Елімізде жыл сайын кісі өліміне әсер ететін ең бас­ты фактор жүрек-қан тамырлары аурулары болса, екінші орында – жол-көлік апаты. Елімізде отыз жылда жүз мыңға жуық адам жол апатынан қаза тапқан. Бұл бір қала жер бетінен жоғалғанмен бірдей. Осының бәріне кімдер кінәлі? Сапасыз салынған жолдар ма, жоқ әлде «арқасы қозған» «Шумахерлер» ме?

[smartslider3 slider=194]

Тақырыпты айқайлатып қою ғадетімізде жоқ еді. Бірақ айқайламақ түгілі, шыңғырсақ та шындық осы. Өзге елдерде көліктің көбеюінен келіп-кетер қауіп жоқ шығар, ал бізде жағдай мүлдем басқаша.

Жыл сайын елімізде жол апатынан 3 мыңнан астам адам қаза болады екен. Сөзіміз құрғақ шықпасын, салыстыру үшін деректерді мысалға алсақ, 2002-2012 жылдар аралығында Қазақстанда жол апатынан 32 мың адам көз жұмған. 2012 жылы елімізде көлік апатынан 2400, ал 2013 жылы 3233 адам қаза тапқан.

Статистика комитетінің баспасөз қызметі 2019 жылы 24 мың қазақстандық жол-көлік оқиғасынан зардап шеккенін жариялады. Жыл сайын қаншама адамымыздан айырылып отырсақ, еліміздің ертеңі не болмақ?
Кінәнің бәрін жүргізушілерге жауып қоя салуға болмайды. Әртүрлі зерттеулер нәтижесінде жүргізушінің кінәсінен басқа, жол және оны қоршаған жағдайлардың, сондай-ақ, автокөлік құралдарының әсері де болатыны белгілі. Жүргізушілер арасында кезінде Алматы-Нұр-Сұлтан трассасы «Ажал алқабы», Алматы-Өскемен жолы «Өлім жолы», Қапшағай бағыты «Қанды жол», Қордай «Өлім асуы», Күйік «Азап асуы» деп түрліше аталғаны шындық. Оралдан Атырауға дейінгі 500 шақырымдай жолдың да «Ажал трассасы» атанып кеткені рас. Қос жолақты жолдың ені тым тар болған соң маневр жасау өте қиын. Жол-көлік апаты жиілеуінің де бір себебі сол. Сол үшін жолдарды кеңейту керек. Мәселен, үлкен фуралар келе жатады, асыққан жүргізуші тар жолда оларды басып озайын деп қарама-қарсы жолға шығып кетіп, апатқа ұшырайды. Келешекте осы Орал-Атырау автожолының ені 8-ден 15 метрге дейін ұлғаяды дейді. Оған дейін қанша адамның тағдыры күл-талқан боларын бір Құдай біледі! Таза тар жол, тайғақ кешу.
Биыл ғана «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов: «Егер азаматтардың шағымдары болса, онда біздің жұмысымыз­да кемшіліктер бар деген сөз. Адамдарға сапалы жол керек. Ол жолды адамгершілікпен сапалы түрде жасайық» деп өзі де мойындап отыр. Міне, азаттық алғалы да отыз жыл өтті, осы уақытқа дейін жыртығы жамалмаған, кем-кетігі бүтінделмеген, көшесі көшелі елдердегідей көз тойғызарлық көрініске көшпеген жұрттың берекесі қашан кірері белгісіз. «Келешекте, адамгершілікпен» деп қашанғы созар екенбіз?!
Әлбетте, жол апатының жиілеуіне автокөліктер санының артуы да әсер етпей қоймайтыны белгілі. Егер 2007 жылы республикадағы автокөлік саны 2 млн 671 мың болса, 2013 жылы олардың саны 4 миллионнан асқан. 2011 жылы Қазақстандағы жеңіл көлік тізгіндегендер саны үш жарым млн-нан асса, 2016 жылы 6 млн-нан бір-ақ асып түскен. Яғни жыл сайынғы қарқын одан сайын артып бара жатқаны және бар.
«Ат – ер қанаты» дегендей, темір тұлпарды тізгіндеуді кім жек көруші еді? Дегенмен де рөлге ие бола алмай, елге тиген зиянның несі жақсы? Көлік көбейген сайын өлім көбейе бермек пе сонда? Бұл дегеніңіз – Қазақстанда «Боинг» ұшағы әр жыл сайын он рет көктен құлап, апатқа ұшырап отырғанмен бірдей деген сөз. Көз алдыңызға елестетіңізші, сұмдық сурет көрінбей ме? Ал «Егемен Қазақстан» газетінде Ш.Жылқыбаеваның «Жол-көлік оқиғасын азайтудағы шетел тәжірибесі» атты мақаласындағы «Республика жолдарында қаза тапқандар санының өскені сонша, Сирия мен Ауғанстандағы соғыста мерт болғандармен теңесуге жақын екенін айтады мамандар» деген сөзі тіпті де дене түршіктіріп жіберердей.
Шынында да, Ауған һәм Сирия соғысында қанша адам қаза болғаны туралы ақпарат көздеріне үңілгенде оған әбден көзіміз жете түскендей болды. 1989 жылы «Правда» газетінде Ауған соғысында қаза тапқан кеңес әскерлерінің саны жарияланған. Онда 13833 адам деп көрсетілген. Ал кейбір деректерде хабар-ошарсыз кеткендер, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен жіберілген офицерлер, Ішкі істер министрлігінен барған мамандардың қаза тапқандарын қосқанда, 14427 адамға жетеді. Бүгінгі таңда он жылға жуық соғыс ошағына айналған Сирияда 2018 жылғы есеп бойынша 353935 адам ажал құшқан.
2002-2012 жылдары Қазақстанда жол-көлік апатынан 160 мыңнан астам адам әр түрлі деңгейде жарақат алса, Ауған соғысында КСРО әскерінің 53753 әскері жараланған. Қазақстандағы сапасыз салынған жолдар мен қауіпсіздікті сақтамайтын жүргізушілердің кесірінен болатын апаттардың салдары қанды қырғын соғыстан да асып түсіп отырған жоқ па? Осының бәріне кімдер кінәлі? Сапасыз салынған жолдар ма, жоқ әлде «арқасы қозған» «Шумахерлер» ме? Жол-көлік оқиғасының орын алуына негізгі факторлар – жүргізушілердің жол ережелерін мұқият сақтамауы, желмен жарысқан «Шумахерлердің» жылдамдықты шамадан тыс асыруы, ішімдік ішіп, есірткіге елітіп рөлге отыруы және жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерлерден өтуі.
Кезінде Елбасы: «Мас күйінде рөлге отырған жүргізуші – қылмыскер. Оны біздің заңымыз бойынша ең қатал жазаға тарту қажет. Немесе ол заңдарды күшейту керек. Қаншама адам қайтыс болып жатыр, бұл сұмдық қой. Біз бір жағынан халықты емдеп, олардың өмір сүру ұзақтығын арттырып жатсақ, екінші жағынан республика жолдарында өлтіріп алып жатырмыз. Бұған назар аудару қажет» деген болатын. Солай бола тұра, әлі күнге дейін жол-көлік апаты еш азаймай тұр. Осы жайттарды ескере келе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жолдарындағы жағдайдың алаңдаушылық тудыратынын айтқан және мас күйде автокөлік жүргізгені үшін жазаны қатаңдату қажеттілігіне де ерекше назар аударған. Мемлекет басшысының сол тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігі осындай құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту жөнінде мәмілеге келген.
Осыған орай «Бейбіт өмірде мас күйінде көлік басқарған жауапсыз жүргізушілер кінәсінен жолдарда адамдар қаза тауып жатыр. Оларды ақтауға болмайды. Сондықтан осындай заң бұзушылықтар мен қылмыстар үшін олардың салдарының ауырлығына теңбе-тең жаза болуы тиіс» деп шегелеп те айтқан министр Ерлан Тұрғымбаев. 2019 жылы полиция қызметкерлері мас күйде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүргізушіні анықтап, олардың 17 мыңнан астамы автокөлікті басқару құқынан айыру түріндегі әкімшілік жазаға, жүргізушілік құқынан айырылған әрі мас күйде болған 1878 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Еліміздің түкпір-түкпірінде жоғарыдағы қорқынышты статистикалық көрсеткішті төмендету мақсатында ІІМ түрлі шараларды қолға алып келеді. Мысалы: «Біз қауіпсіз жолды таңдаймыз!», «Абайлаңыз: балалар!» атты акциялар өткізіледі. Полицейлер апатқа ұшыраған көліктерді қала көшелерімен алып өтіп, мас күйінде көлік жүргізудің ақыры қандай болатынын жұртқа түсіндіреді және де акция барысында темір тұлпар тізгіндеушілерге сақтыққа үндейтін арнайы парақшалар таратады. Әрине, құптарлық іс-ақ. Алайда статистика көрсетіп отырғандай, қолданыстағы әкімшілік жазалар жүргізушілердің тәртібіне көп әсер етпейтінін және ЖКО санының төмендемей отырғанын байқатады.
Жалпы көлікті басқару құқы­ғынан айыру мерзімі едәуір ұзартылған. Егер бұрын көлікті мас күйінде жүргізген адам 3 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылса, енді бұл мерзім 7 жылға дейін ұзарды. Сондай-ақ ішімдік ішіп, алғаш рет жол ережесін бұзса да 15 тәулікке қамауға алынады. Ал жол ережесін бұзғанымен қатар, адам денсаулығына қауіп төндірген жүргізушіге 20 тәулікке қамау мен 7 жылға жүргізуші құжатынан айыру жазасы беріледі.
Мас күйінде көлік тізгіндеп, адамды жазым еткендер тіпті 10 жылға дейін сотталып, жүргізуші куәлігінен біржола қағылады. Алайда Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асқар Тәженов­тің айтуынша, мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершіліктің күшейгеніне қарамастан, әлі де құқық бұзушылықтар азаймай отыр. Өкінішке қарай, мұндай жүргізушілер жол-көлік оқиғаларына жиі түседі. 2021 жылдың бес айында мыңнан астам жүргізуші қылмыстық жа­уапкершілікке тартылған.
Биыл жол-көлік оқиғасына қатысты 1 миллион 300 мың заң бұзушылық тіркелген. Оның 437 мыңы жылдамдықты асырып жібергеннен болғаны анықталды. 289 мыңы жол белгілерін ескермеу салдарынан апатты жағдай тудырған. Жол ережесін бұзғаны үшін 6 мың адам көлік жүргізу құқығынан айырылса, 5 мың жүргізуші алкогольдік ішімдік ішіп алып ұсталған.
Бүгінде көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жаза күшейтілсе де, кейбір адамдар ондай әрекеттің қаншалықты қауіпті екенін түсінбей, рөлге мас күйінде отыруды қояр емес. Мәселен, бір Нұр-Сұлтанның өзінде күніне елу адам әкімшілік қамаққа алынса, соның отызға жуығы – мас күйде көлік жүргізетіндер. Елордада 2019 жылы 469 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 29 адам қаза тауып, 590-ы жарақат алған. Жол ережесін сақтамаған жүргізушілердің кесірінен 22 адам көз жұмған. 469-ы жапа шеккен. Ал жаяу жүргіншілерге қатысты 124 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, одан 7 адам қайтыс болып, 121 азамат түрлі дене жарақатын алған. Ал биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша елордада жол-көлік апаттары 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,9 пайызға, жарақат алғандар 34,6 пайызға, ал қаза тапқандар 5,6 пайызға өскен.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек ІІМ-нің ғана жұмысы емес. Бұл – жұрт болып жұмылып, қоғам болып бірігіп атқаратын іс. Аз болсын, көп болсын, өлімнің аты – өлім, оның жақсысы жоқ. Десек те жылына жол апатынан бір-екі ғана адам көз жұматын Норвегиядағы жағдай мен Қазақстандағы ахуалға қарап қынжылмасқа амал жоқ.

Бауыржан СЕГІЗБАЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button