Басты ақпарат

Көлік қозғалысына не кедергі?

Елордада халық пен көлік саны артқан сайын қоғамдық және жеке көлік қозғалысына қатысты мәселелер де күрделене түсуде. Жергілікті биліктің оларды мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында шешу жұмыстарына қалалықтардың берер бағасы әртүрлі. Осы орайда көлік саласы қызметтерінің басын құрап отырған Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бастығы Жансұлтан Сапарбаевпен El-Orda YouTube каналында сұхбаттасып, бас қаладағы жолдар сапасы, көлік тұрақтары мен автобустардың жаңа бағдарлары және басқа да мәселелер туралы пікірін білдік.

[smartslider3 slider=3315]

 

– Жансұлтан Бердібекұлы, сұхбатымызды алдымен бейресми сауал қоюдан бастасақ. Сіз Қазақстанда аса танымал саясаткердің ұлысыз, мұның мемлекеттік қызмет атқаруда кедергісі жоқ па?

– Әрине, елдің алдында жүрген адамның баласына қойылар талап тым жоғары болады, үнемі жұрттың жіті назарындасың, мұқият бақылауындасың, бір сөзбен айтқанда, елдің көзі үнемі сенде, сөзі де сен туралы болады. Сондықтан аяқты аңдап басасың, қателесуге жол жоқ. Бұл әкесі қарапайым басқа адамның басшы болғанынан екі есе қиынырақ.

– Біздің білуімізше, сіз жоғары білімді елде, елордада алыпсыз, мүмкіндігіңіз бола тұра, неге шетелге барып оқып келмедіңіз?

– Осында елордадағы мектептен орта білімді аяқтап, енді жоғары білімді қайдан алсам болады деген сұрақ туындаған кезде әкем маған: «Балам, егер басыңда дым болмаса, саған Гарвард та көмектесе алмайды, ал білімің мол, қабілетті болсаң, қай жерді болса да тесіп шығасың» деді. Сол сөзінен кейін мен таңдауымды жасап, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқимын деп шештім. Бұл таңдауым үшін еш өкінбеймін.

– Сіз туралы ғаламторда деректер, берген сұхбаттарыңыз тым аз, тіпті жоқ деуге болады. Көп алдына шыққанды ұнатпайсыз ба?

– Мен сөздің емес, істің адамы болғанды жөн көремін. Жасаған ісін жария ететіндердің қатарынан емеспін. Өз мойныма алған қызметтік міндеттерімді тиімді орындап шығуға көп басымдық беремін.

– Сіз басқаратын басқарма немен айналысады?

– Біздің басқарма жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етумен, жолаушылар тасымалын ұйымдастырумен, сонымен қатар жол және көлік құрылыстарын салумен айналысады. Бұл мекемені екі жылдан бері басқарып келемін. Осы аралықта жеткен жетістіктеріміз жаман емес. Атап айтқанда, жолаушылар тасымалына келсек, бүгінгі таңда біз 10 жаңа бағдарды іске қостық, қоғамдық көлік бойынша 20-дан астам қозғалыс кестесін оңтайландырдық, орташа жөндеу, көше-жол желілері жағдайын жасау аясында 250-ге жуық көшенің жолын салып, жөндеуден өткіздік, жаңадан 14 көше салдық, бәрінің ұзындығын қосқанда шамамен 150 шақырым болады. Биылғы жоспарымыз туралы айтар болсақ, орташа жөндеу бойынша 100-ге жуық көшенің жолын жақсартып, ал күрделі құрылыс жүргізуге келсек, 14 нысан бойынша жұмыстарды жалғастыра беруді көздеп отырмыз, соның ішінде жетеуі бойынша жұмыстар толық аяқталды.

– Жол төсемдеріне жөндеу жұмыстары қаншалықты жиі жүргізіледі?

– Көп нәрсе жол-құрылыс материалдарының сапасына байланысты болады. Сонымен қатар жұмыс күші мен жұмылдырылған техниканың сапасы қандай екені де маңызды. Бұл бағытта да жұмыс жүргізудеміз. Биыл елордада алғаш рет жаңа екі технологияны өндіріске енгізіп жатырмыз, нақты айтқанда, қолданыстағы тасжол жабынының үстіне қорғаныш қабаты төселеді, бұл жолдың жақсы жағдайда ұзағырақ сақталуына септік етеді, ондай жағдайда шұңқыр бітеу сияқты ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болмайды. Екінші жаңа технология бойынша Орталық саябақта шаңғыға арналған роллерлі тасжол салдық.

– Ал елордалықтар асыға күтіп жүрген көпірлер құрылысы қашан аяқталады?

– Алаш шоссесі мен Ұлы дала көшесі тұсындағы көпірлерге қазір тасжол төселуде. Қала күніне осы көпірлерді пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Ал Тәуелсіздік көшесі тұсындағы көпірге келсек, қазіргі таңда бұрғы қағу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ көпірге таяған жерге топырақ төгіліп, көпір тіреуіштері бетондалуда. Бұл көпірді 2023 жылы пайдалануға беруді жоспарладық.

– Елордамыздағы көлік саласына қатысты ең өзекті мәселелердің бірі – көлік қоятын орындар жайы. Қазір олардың саны қанша, тағы қаншасын салу жоспарланып отыр?

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартына сәйкес, бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 5 мыңнан астам көлік тұрақтары бар. Қазір көлік тұрақтарында салынып жатқан көк таңбалы белгілер туралы сұрайтындар көп, оны мемлекеттік-жекеменшік әріптес – «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС салуда. Қалада бір жерден осы көк белгіні көріп қалған болсаңыз, бұл сол жерде ақылы көлік тұрағы жұмыс істейтінін білдіреді. Елордалықтарға көлік тұрағын пайдалануда ұсынылатын жеңілдіктер туралы айтсақ, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерлері, Семей полигоны сынағынан зардап шеккендер, ардагерлердің түрлі санаттары үшін, сонымен қатар мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мен қамқоршыларға көлік тұрақтарын пайдалану тегін. Ал ақылы көлік тұрағын 1 сағат пайдалану құны – 100 теңге. Сонымен қатар тәуліктік абономенттер де бар, мәселен, бір тәулікке 1200 теңгеге абономент алсаңыз, осы арқылы қалада кез келген жерде, қанша сағат болса да көлігіңізді тұрақтарға қоя аласыз. Тағы бір айта кетерлігі, көлік қоятын орындар кешкі 20.00-ден бастап таңғы 8.00-ге дейін, сонымен қатар демалыс және мереке күндері тегін, яғни 5 минутқа дейін қою ақысыз. Әрі қарай көлік тұрағын пайдаланғаныңыз үшін ақы төлеуге 30 минут уақытыңыз болады.

– Кейде бір мекемедегі жұмысың бір сағаттан да көпке созылып, көлік тұрағын пайдалану уақыты келесі сағаттарда ақысы төленбеген деп, айыппұл төлеуге әкеледі. Шетелдегідей неге бізде де көлік тұрағын пайдаланып болғаннан кейін ғана ақысын төлеу жүйесін енгізбейсіздер?

– Бұл мәселені біз қазір серіктес компаниямен бірге қарастырып жатырмыз. Жалпы жобаның да жүзеге асырыла бастағанына көп болған жоқ. Сондықтан бұл жүйені жетілдіру үшін тағы аз ғана уақыт керек. Сосын көлік тұрақтары үшін төленетін ақының көп бөлігі жекеменшік иелеріне емес, жергілікті бюджетке түседі. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартына сәйкес, олар түсетін пайданың аз ғана бөлігін алады.

Алаш шоссесі мен Ұлы дала көшесі тұсындағы көпірлерге қазір тасжол төселуде. Қала күніне осы көпірлерді пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Ал Тәуелсіздік көшесі тұсындағы көпірге келсек, қазіргі таңда бұрғы қағу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл көпірді 2023 жылы пайдалануға беруді жоспарладық

– Көлік тұрағы үшін ақы төлеп, төлемегені қалай анықталады?

– Ақыны төлеп-төлемегені серіктесіміздің сол тұрақтарға қойған бейнекамералары арқылы белгілі болады, сонымен қатар камералар қойылған мобильді машиналар бар. Бұл машиналар қаланы аралап жүріп бәрін анықтайды.

– Ал қала маңындағы ауылдарды қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?

– Бүгінде елорда маңайында 35 ауыл бар, оларды 25 бағдардағы автобустармен қамтып отырмыз. Бұл бағдарлардың жұмысына қаладағы №1 автопарк жауапты.

– Қаладағы электробустардың тиімділігін қалай бағалар едіңіз?

– Электрлі автобустардың тиімділігі жоғары екеніне көз жеткіздік. Біріншіден, қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтар азайды. Екіншіден, барлық электрлі автобустар климаттық бақылау жүйесімен жабдықталған. Әрі олардың терезелерінің қалыңдығынан салқын кезде жел кірмейді. Сонымен қатар бұл автобустарға арбамен жүретіндер үшін пандустар орнатылған. Мұндай бір автобус 50 адамға шақталған. Халықтың сұранысына қарай көлік жүргізушісі климаттық бақылауды басқарып отырады. Кейде осы адамдардың автобустардағы салқындатқыштарды қосуды қалауы немесе қаламауына байланысты екіге бөлінуі халық арасында түрлі теріс пікірдің тарауына әкеледі. Яғни салқындатқыш қосылуын қалайтындар автобустар іші ыстық деп шағымданады, қаламайтындар тым салқын деп ренжиді.

– Енді ескі бағдарларға келсек, мәселен, іші жазда қапырық, қыста суық болып кететін әрі ескі №70 және №50 автобустардың жайы не болады?

– Бұл бағытта жұмыстар жасалмай жатқан жоқ. Атап айт­қанда, №70 автобус жұмысына, жағдайына жауапты «Жорға» ЖШС биыл аталған бағдар бойынша жаңа автобустар сатып алып, автопаркін жаңартуды көздеп отыр. Қазіргі таңда қалада барлығы 1000-нан астам автобус, 6 автобус паркі бар, соның біреуі – коммуналдық, қалған бесеуі – жекеменшік. Бірақ бұл қала тұрғындарын толықтай қоғамдық көлік қозғалысымен қамтамасыз етуге аздық етуде. Сондықтан биыл біз 100 жаңа электрлі автобусты өз қаражатына алып, іске қосатын тағы бір жеке инвестордың жұмысқа кірісуін күтіп отырмыз. Соның арқасында тағы да жаңа бағдарлар ашуға мүмкіндік туады.

– Айта-айта жауыр болған LRT мәселесіне келсек, оның құрылысы жалғасатын болды ма?

– Азаматтар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде солардың 50 пайыздан астамы бұл құрылыстың жалғасын табуын қолдады. Қаламыздың жылдам дамып жатқанын ескерсек, 2030 жылға қарай елордалықтардың саны 2 млн адамға жетеді деп болжануда. Соның бәрін ескере келе, жеке өз ойым, желілік көлік біздің қалаға аса қажет. Сондықтан қазіргі таңда LRT құрылысын одан әрі жалғастыру бойынша қаржыландыру мәселелері қарастырылып жатыр.

 

 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button