Жаңалықтар

КӨЛІК ЖҮРІСІНІҢ КЕСТЕСІ БЕЛГІЛЕНДІ

Астана мерейтойына бір апта қалғанда елорда тәртіп сақшылары мереке күндері қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында атқарылатын шаралар жөнінде баяндап, баспасөз мәслихатын өткізді. Оған Астана қаласы жол полициясы басқармасының бастығы Бақытжан Малыбаев, әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары Ғосман Жакин және осы басқарманың бөлім бастығы Құралай Қарина қатысты.

Мереке күндері, яғни, 4-8 шілде аралығында полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге барлығы 2 мыңға жуық қызметкер, 200 қызметтік автокөлік, 2 мың турникет, арнаулы техника және адам өміріне қауіпті жарылғыш пен тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуін әуеден бақылайтын тікұшақ тартылады. Сондай-ақ, жол полициясының 450 қызметкері мен 80 патрульдік көлігі жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылады. 

Елордаға кіру-шығу жолдары қатаң бақылауға алынады. Мерекелік шаралардың өтуіне байланысты Тәуелсіздік көшесінен Жұмекен Нәжімеденов көшесіне дейінгі жол учаскісіне 8 шілде күнгі сағат 15.00-ге дейін шектеу қойылады. Көліктер айналма жолдар арқылы жүретін болады.
«Қазақ елі» алаңында өтетін мерекелік шараларға келушілердің және қатысушылардың көліктері «Хазірет Сұлтан» мешіті және «Бейбітшілік және келісім сарайы» аумағындағы тұрақтарға аялдайды.

6 шілде күні сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін «Жастар» сарайынан бастау алып, «Бәйтерек» монументіне дейін 4-5 мың адам қатысатын «Жұлдыздар шеруі» өтеді. Сондықтан, Республика даңғылынан Дінмұхамед Қонаев көшесіне дейін көлік жүрісіне шектеу қойылады. Көліктер жағалауда Жеңіс даңғылы, Шоқан Уәлиханов көшесі арқылы, сол жағалауда Сарайшық, Достық көшелері, Тұран даңғылы арқылы жүреді.

Көліктердің жүру кестесі қосымша беріліп отыр.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button