Құқық

Көліктегі тәртіпті қадағалайды

Еліміз үлкен тарихи маңызды уақыт қарсаңында. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы үстінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік-құқықтық құрылымдардың тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды құру, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғам бірлігін сақтау мәселелері ерекше мәнге ие.

[smartslider3 slider=1307]

Көлік жүйесі қоғамдық қатынастардың ішінде жетекші орындарының бірін алады. Халықтың барлық санаты көлік қызметін пайдаланады. Көлік қан күретамыры секілді мемлекеттерді өзара бірыңғай саяси және экономикалық кеңестікке біріктіреді.

2010 жылғы 8 қарашада ­Қазақстан Республикасы Бас прокурорының №304/6 бұйрығымен «Бас көлік прокуратурасы» мемлекеттік мекемесі туралы» ереже бекітіліп, әділет органында 10 қарашада тіркелді. Дәл осы күннен бастап Бас көлік прокуратурасының – елдің қадағалау жүйесіндегі мамандандырылған орган ретінде қалыптасуы мен дамуының жаңа кезеңі басталды. Бас көлік прокуратурасы – Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, облыс орталықтарында, сондай-ақ Арыс, Жезқазған, Достық, Қандыағаш, Семей және Шу көлік тораптарында орналасқан 24 аудандық көлік прокуратураларынан құрылды.

Бас көлік прокуратурасының негізгі міндеті – орталық және жергілікті мемлекеттік билік пен басқару органдарының, меншік нысанына қарамастан, шаруашылық жүргізуші субъекті­лердің көлікте (темір жол, автомобиль, теңіз, ішкі су, әуе, қалалық электр, оның ішінде метрополитенде, сондай-ақ магистралдық құбыржол) заңнаманың дәл және біркелкі қолданылуын қадағалау.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы кезеңінде еліміздің кемелдене түсуіне, қарқынды дамуына Бас көлік прокуратурасының үлесі де жетерлік. Соңғы екі жылдың өзінде 1374 жұмысшыға 123 млн теңгеге жалақы бойынша қарыздарын төлеткізді, мемлекет пайдасына 2,5 млрд теңге өндіртті, бюджеттің 17,7 млрд теңгесінің тиімсіз жұмсалуын тоқтатты. Бизнес субъектілері де назардан тыс қалмай, 7 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды. 88 заңсыз тексерулердің алдын алу және 28 хабарламаны кері қайтару, 4 құқықтық актінің күшін жою, 500 млн теңгеге негізсіз салынған темір жол қызметі төлемінен босату, 12 қылмыстық іс бойынша бизнес субъектілерін қылмыстық процеске негізсіз тартудың жолын кесу сияқты нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, Бас көлік прокуратурасының наразылығы бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2021 жылғы 8 маусымдағы «Жаппай қауіп» терминін айқындау туралы» заңсыз бұйрығының күші жо­йылды. Бұл бұйрық Мемлекет басшысының шағын бизнесті тексеруге мораторийін айналып өтіп, автомобиль, темір жол және су көліктері саласындағы кәсіпкерлердің қызметіне негізсіз араласуға мүмкіндік берген.

Уақытша сақтау қоймаларында ұзақ уақыт бойы тағдыры шешілмей келген 1 млрд теңгеге тауарлар анықталды. Бүгінде 700 млн теңге құрайтын тауарлар мемлекеттік кіріске алынып, қалғандары бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде. Көлік комитетінің лауазымды тұлғалары басшылық еткен қылмыстық топ әшкереленді, олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ Қостанай, Жамбыл және Түркістан облыстарының аумағында техникалық байқау­дан өткені туралы құжаттарды қолдан жасаған.

2017 жылдан бастап олар 260 мыңнан астам диагностикалық карта жасады. Ол үшін олар шамамен 30 жалған компания құрды. Мемлекет басшысының қылмыс­тық процесті цифрландыруды жалғастыру қажеттігі туралы тапсырмасы аясында қылмыстық істердің электронды форматта жүргізу үлесі артуда. Осы ретте Бас прокурор Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетовтің бастамасымен прокуратура өкілеттілігі нақтыланып, жаңа өзгерістер енді. Оның ішінде үш буынды тергеу моделі жүйелі түрде жолға қойылды. Жаңа форматтағы тергеуді одан әрі жетілдіру мақсатында «дала жағдайында тергеу әрекеттерін жүргізу» экспериментін іске қосуға бас­тамашылық жасадық. Оның қолданылуы сынақтан сәтті өтіп, республиканың бүкіл аумағында іске асыруға дайын екенін көрсетті. Жүйелі проблемаларды шешуге бағытталған қолданыс­тағы заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде 10-нан астам ұсыныстар Бас прокуратурамен қолдау тапты. Құқық қорғау органдарының түп қазығы – прокуратура органдары үшін ұрпақтар сабақтастығы ерекше маңызға ие. Аға буын жас мамандарға тәлімгер болып, өз тәжірибелерімен бөлісуі аталған нәтижелерге әкелуде. Осылайша тәуелсіздік жетістіктерін қорғау­дағы ізгі миссияны бұлжытпай орындау өнегелік маңызы бар іс деп есептеймін.

Ернат СЫБАНҚҰЛОВ, Қазақстан Республикасының ­Бас көлік ­прокуроры,

3-сыныпты ­мемлекеттік әділет кеңесшісі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button