Білім

КОЛЛЕДЖДЕГІ ОҚЫТУДЫҢ ТЫҢ ЖҮЙЕСІ

IMG_5756

Қазтұтынуодағының Сауда-экономикалық колледжі Дүниежүзілік банктің «Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту» жобасы бойынша өткізілген конкурсқа қатысып, 380 мың долларлық грантты жеңіп алды. IMG_5765Бұл байқауға еліміздің 137-ге жуық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қатысқан болатын. Соның ішінде астаналық осы колледждің білікті маман даярлаудағы институциалдық даму жоспары озық деп танылды.

м

IMG_5725Модульдік оқыту – мамандықты терең меңгеру

Басқа салалар секілді, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне де тың технологияларды енгізуге үлкен мән беріліп жатыр. Оқу процесінде жеке тұлғаның білікті IMG_5677маман етуге бағытталған оқыту тәсілдерін озық тәжірибемен сабақтастыру бүгінде күн тәртібіне шықты. Өйткені, белгілі бір оқу орнын бітіріп шыққан түлектің алған білімі жұмыс берушінің талабымен сәйкес келе бермейді. Ақыры, сол маманға мұқтаж болып отырған жұмыс беруші жас кадрды қайтадан даярлап, оқытуға мәжбүр. Ал оқу орнын жаңадан бітірген түлектің біліктілігі жұмыс берушінің талабына дөп келу үшін не істеу керек? Әрине, алдымен дәстүрлі оқыту жүйесіне өзгерістер енгізу қажет. Соның бірі – оқытудың модульдік технологиясы. Бұл – белгілі бір кәсіпті жан-жақты меңгеруге икемделген оқытудың жаңа жүйесі. Онда студенттер нақты бір мамандықтың шегінде шығармашылығын жетілдіреді, теориядан  гөрі тәжірибеге ден қояды. Оқу қабырғасында жүріп-ақ болашақ мамандығының қыр-сырына қаныққан жастар ертең жұмысқа дайын маман болып барады. Еуропалық білім беру жүйесінің тәжірибесі көрсеткендей, оқытудың бұл тәсілі студенттердің таңдаған мамандығы бойынша терең білім алып қана қоймай, оқу орны мен жұмыс берушінің қоян-қолтық жұмыс істеуіне дәнекер болатыны дәлелденген.

Оқытудың модульдік технологиясын Астанадағы Сауда-экономикалық колледжі 2009 жылдан бастап тәжірибесіне енгізе бастады. «Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім жүйесіндегі әлеуметтік серіктестігі» халықаралық Еуроодақ жобасы бойынша қолға алынған модульдік оқыту барысында эксперимент ретінде «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығы таңдалып алыныпты. Енді осы жүйе бойынша оқығандар үш мамандық алып шығады. Біріншісі – екінші курстан кейін ЭЕМ операторы, үшінші курстан кейін – техник, үшіншісі – техник-бағдарламашы. Бұл дегеніңіз – екінші курстан кейін-ақ жас маман ЭЕМ операторы болып жұмыс істей алады деген сөз. Модульдік оқытудың дәстүрлі білім беру жүйесінен артықшылығы сол, мұнда еңбек нарығында қандай мамандыққа сұраныс көп екендігі қатаң ескеріледі. Кезекті модульдік оқудан өткеннен кейін бірнеше мамандықты игеруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ оқу орнымен тығыз байланыста жұмыс істеген жұмыс беруші болашақ маманға өз талабын қоя алады. Студент өз кезегінде теориядан гөрі практикаға көбірек жүгініп, таңдаған мамандығына бейімделе бастайды.

Колледж студенттері модульдік оқыту бойынша «Республикалық техникалық және кәсіптік білімді дамыту және біліктілік беру ғылыми-әдістемелік орталығы» АҚ-да өткен емтиханнан сүрінбей өтіп, бұл жүйенің мықты кадрлар даярлауға тиімді жүйе екенін дәлелдеп шықты.

 

Қаржы қайда жұмсалады?

Білім беру жүйесін жаңғырту үшін колледж ұжымы алдымен институциалдық даму жоспарын жасап шығарған. Оқу орнының бұл қадамын Дүниежүзілік банк те жоғары бағалап, құны 380 мың доллар тұратын грантты бергенін жоғарыда айттық. Келесі кезекте әлеуметтік серіктестік жүйесін дамытуды қолға алып, «ArtaSoftware» ЖШС, «DAUR Technologies» ЖШС, «НАТ Казахстан» АҚ, «Лайн» компаниясы» ЖШС сынды серіктестерімен тығыз жұмыс жүргізе бастапты.

Ал Дүниежүзілік банк бөлген грантты колледж ұжымы тек оқу үдерісіне қажетті құрылғыларды сатып алуға,  бағдарламалық қамтамасыз етуге, педагогикалық қызметкерлердің білімін жетілдіруге, оқу-әдістемелік материалдарды игеруге жұмсалуға тиіс. Қомақты қаржыны колледж ғимаратын жаңартуға, жекелеген нысандар салуға, оқытушылардың жалақысын көтеруге, көлік сатып алуға шығындауға болмайды. Оның жұмсалу барысын Дүниежүзілік банктің өзі қатаң қадағалайтын болады. Егер келесі жылдың желтоқсан айына дейін қаржы игерілмесе, онда шарт бойынша қаржы кері қайтарылатын болады.

 

Біліктілік пен жаңашылдық – басты ұстаным

Оқытудың тың жүйесі бойынша грантты ұтып алу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерекше табыс. Бұл – Мырзабек Күжім басқаратын ұжымның еселі еңбегі. Еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды даярлауды бас­ты нысанасына алған ұжым 57 жыл ішінде 21 мыңнан астам маман даярлап шығарған. Олардың бәрі де шағын және орта бизнесте, коммерциялық мекемелерде, банктерде, сауда үйлерінде, министрліктерде, оқу орындарында абыройлы еңбек етіп жүр.

Оқу үдерісінде жаңашылдыққа ден қойып, үнемі ізденіс үстінде жүретін колледждің еңбегін биыл Астана қаласының әкімдігі де елеусіз қалдырмай, 50 орынға шәкіртақысымен қоса, мемлекеттік тапсырыс берген еді.

Биыл колледж оқытатын «Есеп және аудит», «Қаржы», «Маркетинг», «Құқықтану», «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйелер» мамандықтары қатарына «Туризм», «Бағалау», «Қонақ үй шаруашылығында қызмет көрсетуді ұйымдастыру», «Аударма ісі» деген төрт мамандық қосылды. Мұның өзі  оқу орнының инновациялық бағытқа қарай өркендей түскенін аңғартса керек. Материалдық-техникалық базасы толыққанды колледжде 7 компьютер сыныбы, ақпараттық-білім орталығы, 9 интерактивті тақта, оқырман залы, спорт залы, спорттық алаңдары және 400 орындық жатақханасы бар. Жастарға ғаламтор қолжетімді болуы үшін кітапхана мен ақпараттық-білім орталығында Wi-Fi желісі орнатылған.

«Модульдік оқыту жүйесі оқу орнымыздың техникалық базасын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік берді» дейді колледж директоры Мырзабек Күжім. Студенттер оқудың бастапқы кезеңдерінің өзінде жұмыс беруші кәсіпорындарда ғана емес, колледж базасында ашылған оқу шеберханасы, зертханалық орталық пен «Фемида» студенттік-оқу құқықтық кеңес орталығында тәжірибеден өтуді үрдіске айналдырған.   Мысалы, «Есеп және аудит» мамандығы бойынша «Студент» атты оқу-зертханалық орталығы жұмыс істейді. Онда студенттер ұжымда жұмыс істей алу қабілетін шыңдаумен бірге, бухгалтерлік есепті жүргізу, жеке кәсіпкерлікті қалай ашып, жабатынын меңгереді. Сондай-ақ, нарықтың жағдайына, оның даму сипаты мен деңгейіне  сараптама жасауды меңгеріп, бизнес-жоспар құруды, сатушылармен тіл табысуды, «1С: кәсіпорын» бағдарламасында жұмыс істеуді игере алады екен.

Біліктілік пен жаңашылдықты бас­ты ұстанымына айналдырып, модульді, дуальді және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тәжірибесіне енгізген колледж енді біліктілігін өзгелерге де үйрете бастамақ. Бұл салада біліктілігі жоғары колледждің бұған толық құқысы бар. Оқу орынның педагогикалық қызметкерлерінің алды шет мемлекеттерде оқып, білімін жетілдіруде. Ендеше, өзге әріптестерін оқытып, қолдарына сертификат ұстататын күн де алыс емес.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button