ӘлеуметБасты ақпарат

Колледждер трансформациясы кезек күттірмейді

Білім беру жүйесінде кәсіптік бағдар берудің маңызы күн өткен сайын артып отыр. Себебі экономикалық өсімге қол жеткізу үшін нарыққа кәсіби мамандар қажет. Ал ел экономикасын қуатын көтеретін бірден-бір қозғаушы күш – техникалық және кәсіптік білім беру саласы. Осы тұста елордалық технологиялық колледж директоры, Астана қалалық мәслихат депутаты Ләззат РАЗБЕКОВАМЕН жұмысшы мамандықтары бағытында оқитын жастардың қатарын арттыру және кәсіптік білімнің сапасын көтеру тақырыбында сұхбаттасқан едік.

– Ләззат Мұратқызы, 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» ретінде жариялануы бір демде туған шешім болмағаны анық. Бұл осы салада шешімін күткен мәселелер барын және қара нардай болып жүрген қарапайым жұмысшылардың қоғамдағы орнын, мәртебесін көтеру әлі де өзекті екенін көрсетеді. Атаулы жылдан сіз қандай өзгеріс, нәтиже күтесіз?

– Бірнеше жыл бұрын басталған колледждердің трансформациясы биыл өз жемісін беруі керек деп есептеймін. Өйткені шын мәнінде кәсіптік білімге көңіл бөлінбей, еңбек адамының мәртебесі, абыройы көтерілмей, еліміздің экономикасы алға жылжымайды. Жалпы ел экономикасын дамытатын драйвер – қарапайым жұмысшылар, адал еңбек етіп жүрген жандар.
Жақында колледждердегі бірқатар мәселелерді Сенат қабырғасында көтердім. Оның бірі – колледждердің қаржылық дербестігі.

Қызмет көрсету саласында білім беріп отырған колледждер өздері дайындаған өнімді емін-еркін нарыққа шығара алмайды. Оған кедергі – заңнамадағы қарама-қайшылықтар. «Білім туралы» заң колледждерге өз қызметінен түскен кірістерді пайдалануға мүмкіндік берсе, ал «Кәсіпкерлік кодекс» оған шектеу қояды. Ал елордадағы технологиялық колледж – елу жыл бұрын елімізде тұңғыш рет «Наубайшы» мамандығын ашқан бірден-бір оқу орны. «Жас маман» жобасының арқасында ашылған құзыреттілік орталығымыз халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Еліміздегі хас шебер наубайшы мамандар аталған колледжде жұмыс істейді.

Студенттеріміз соңғы 5 жылда қалалық, республикалық WorldSkills чемпионаттарында топ жарып, халықаралық сайыстарға шығып жүр. Осындай үздік шеберлердің күнделікті дайындаған өнімдері нарыққа шыға алмай, өнім ысырап болып жатыр. Мұндай мысал жетіп артылады.

Ал егер өз өнімімізді сатып, түскен табысты колледждің дамуына жұмсасақ, бюджетке де үлкен жеңілдік болар еді… Өкінішке қарай, біз өнімімізді сатпақ түгілі, жалға беріп пайда таба алмай отырмыз. Орта есеппен, еліміздегі 772 колледж өнімдерін нарыққа шығаратын болса, мөлшермен жылына 20 млрд теңгеден астам қаржы мемлекеттік бюджетке түсер еді.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің айтуынша, колледждердің өз өнімдерін сатуы әділ бәсекелестікке кедергі келтіреді-мыс. Алайда бұл мәселе әлі де тереңінен зерттелмеген. Әр колледждің, әр өңірдің потенциалы, мүмкіндігі, материалдық базасы әртүрлі. Мысалы, Астанада 150-ге жуық наубайхана болса, наубайшы мамандарын дайындайтын колледждің саны небәрі екеу-ақ. Екі колледж қандай бәсекелестік тудырады? Ал біздің колледжге студенттер тек наубайшы мамандығын таңдап келмейді, мәселен, аспаз боламын дейтіндер болашақта кәсібімді дөңгелетіп, мейрамхана ашсам деген арманмен келеді. Сондықтан студенттер кәсіп ашып, өз өнімін өзі сатып, нарықтың тенденцияларын жетік білу секілді дағдыларды колледж қабырғасында үйренбесе, басқа қайдан меңгеріп шығады?!

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл мәселені қайтадан саралап қарастыруы керек деп есептеймін. Колледждерге қаржылық дербестік бергенде, мұның коммерциялық бағытқа түскені дұрыс деп ойлаймын.

– «WorldSkills» чемпионаты – үлкен мүмкіндік алаңы. Біздің елімізде бұл қозғалыс қаншалықты деңгейде бағаланады?

– «WorldSkills» қозғалысы Қазақстанда бұрыннан бері бар, десе де енді ғана дамып келе жатыр. Әлі де болашағы бар деп сенгіміз келеді. Себебі нағыз кәсіби әрі майталман мамандарды дайындауға тигізетін септігі орасан. Әлемдік деңгейде мойындалған чемпионатта тек жүйріктердің жүйрігі ғана анықталады. Кәсіби тұрғыда ғана емес, адами тұрғыда жас мамандарды шыңдауымен құнды. Бірақ елімізде халықаралық чемпионатқа қатысушы студенттердің шетелге баратын іс-сапар шығындарын өтелуі көзделмеген. Өз басым, биыл қалалық деңгейде өтетін «WorldSkills» қозғалысын қаржыландыру мәселесін мәслихатта көтердім, депутаттар тобы мені қолдады.

Былтыр чемпионаттың халықаралық деңгейі Францияның Лион қаласында өткен еді. Сол кезде ел Президентінен бастап, бүкіл қоғамның оған баса мән беріп, көңіл бөліп, қызу дайындалуы біз үшін таңсық болды. Елімізде де чемпионаттың танылып келе жатқаны қуантады. Орта Азия елдері ішінде Қазақстан – бірінші орында. Өткен жылы Астана қаласы да республикалық деңгейде топ жарып, үздік атанды.

– Дуальды оқыту жүйесі арқылы жас мамандарды жұмыспен қамту жолға қойылған ба?

– Дуальды оқытудың кәсіби маман даярлаудың ең тиімді құралы екендігі белгілі. Мәселен, Германия, Австрия, Швейцария сияқты дамыған елдерде бұл жүйе нәтижелі жұмыс істеп, еңбек нарығын білікті мамандармен қамтамасыз етіп отыр. Ал бізде ірі кәсіпорындар колледждермен жұмыс істеуге ынталы емес. Олар студенттерді қайта дайындап, уақыт пен қаржы жұмсағанша, дайын мамандарды HeadHunter немесе OLX секілді арнайы платформалардан ала салғанды жөн көреді. Әрине, бизнес тұрғысынан оларды да түсінуге болады.

Президент осыдан 3 жыл бұрын отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде: «Ірі кәсіпорындар колледждерге қамқорлық жасап, олардың қамқоршылық кеңестеріне кіруге, жастарды практикаға алуға, зертханалар мен шеберханаларды жабдықтауға қатысуын қамтамасыз ету керек» деп айтқан еді. Сондықтан осы мәселемен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінген едік. Алайда ашығын айтқанда, «Атамекеннің» колледждерге көмегі өз дәрежесінде болмай отыр. Екі арадағы байланыс көбіне қағаз жүзінде қалып жатады. Палата өзінше бір бақылаушы болып, бізден есеп талап етіп отыр. Ал негізгі миссиясы бізге кәсіпорындарды тарту емес пе?! Бірақ мұндай жұмыс мүлдем жоқ.

Сондықтан, бұл мәселеде бірқатар ұсынысты Сенатта айтып өттім. Біріншіден, жергілікті атқарушы органдарда кәсіпкерлерді қолдауға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар қажет. Мәселен, колледждерге қамқорлық жасаған кәсіпкерлерге жеңілдетілген субсидия, гранттар беруге басымдық берілсе деймін. Екіншіден, колледждер мен кәсіпорындар арасында әріптестікті күшейту үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы нақ осы мәселеге қатысты жүйелі жұмыс істесе деген ұсынысым бар. Егер де аталған мәселелер шешімін тапса, дуальды оқытуға ірі кәсіпорындардың да көзқарасы өзгерер еді.

Технологиялық колледж қызмет көрсету саласында білім беріп отыр­ғандықтан, студенттеріміздің 100 пайызы жұмыспен қамтылып отыр. Десе де, бұл көрсеткіш барлық колледжде бірдей емес.

– Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін реформалау салаға серпіліс әкеле ме?

– Қоғам колледждегі білімге екінші деңгейлі білім ретінде қарайды. Кәсіптік білім беру жүйесіндегі қордаланған мәселелер баршылық. Сондықтан колледждердің трансформациясы бір реттік науқан емес, білім беру жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелуі тиіс.

Технологиялық колледж имиджі күннен күнге артып келеді. Білім алуға ынтасыз студенттердің орнына шынымен оқығысы келетін жастар көп, біз соларды тартуға мүдделіміз. Оқу сапасын арттыру тұрғысынан талап та күшейтілді. Біз халықаралық салалық аккредиттеуден өтуге тапсырдық. Елорда бойынша мұндай мүмкіндікке тек 3-4 колледж қол жеткізді. Тексеріс бірнеше сатыдан тұрады, қатаң жүргізіліп жатыр. Егер бұл талаптардан мүдірмей өтсек, колледж дипломы халықаралық стандартқа сай саналады. Осылайша, студенттеріміз тек Қазақстанда емес, шетелде де еш қиындықсыз жұмысқа орналаса алады. Осы бағытта жұмыстарымызды тәуекел деп, бастап кеттік. Себебі кез келген өзгеріс қоғамда, ортада, мемлекетте өздігінен болмайды, егер де ол өзгеріс санадан басталмаса…

– Еңбек адамына деген құрмет қайтсе артады?

– Кез келген еңбек қадірлі. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді. Қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру үшін бірінші кезекте олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуымыз керек деп есептеймін. Әсіресе, колледждерде жан басына шаққандағы қаражаттың көтерілуі маңызды. Мәселен, балабақшаларда бұл артып отырса, колледждерде кенжелеп қалды. Сол секілді мектеп мұғалімдерінің жалақысы өссе, колледж мұғалімдері үшін көтерілген жоқ. Осындай дүниелерде колледждердің сырт қалып жатқаны бар.

Биыл жұмысшы мамандарына арналған «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасы басталды. Алайда бағдарламаның талай тұсы шикі.

Мәселен, «Астана тазалық» ЖШС қызметкерлерімен кездестім. Бұл жерде 2 мыңнан аса жұмысшы маман бар. Таңғы сағат 4-5-тен қаланы тазалап, аула сыпырып, жұмысқа кіріседі. Нағыз еңбек адамдары. Бірақ дәл осы коммуналдық қызметкерлер «Отбасы банк» жариялаған тізімге ілікпеген. Сонда бұл кісілер жұмысшы маманға жатпаса, кімдер жатады? Дәл осы ипотекалық бағдарламаға үмітті болған 2000 маманның арманы осылай көкке ұшып отыр. 3 ай зу ете шықты. «Жұмысшы мамандықтары жылының» әрбір күні осы салада жүрген мамандар үшін маңызды. Әлбетте, мемлекет үшін маңызды. Бірақ осындай шикіліктер жанға батады.

Бар-жоғы 2 мыңнан аса адам жеңілдетілген несиеге ілігеді екен. Оның ішінде мүмкіндік тек депозитке жинаған шоты бар, қаражаты көп мамандарға ғана беріледі деседі. Сонда талай жыл маңдай терімен еңбек еткен қарапайым жұмысшылар қайда қалады? Ендеше несіне «Жұмысшылар ипотекасы» деп жарияға жар салып жатырмыз?

Бұл жыл жай ғана өте шығатын науқан болмауы тиіс. Президент пәрменінің сапалы орындалуы үшін әрбір мемлекеттік орган, әсіресе «Отбасы банкі» халықты ақпараттандырып, жүйелі жұмыстар атқаруы керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button