Қала мен Сала

Колледжді кімдер таңдайды?

Елордалық колледждерге оқуға өтініш қабылдау жалғасып жатыр. Қабылдау комиссиясы жұмыс күндері сағат 9.00-18.00 аралығында жұмыс істейді. Ал сенбі күндері 13.00-ге дейін ашық болады.

[smartslider3 slider=3500]

– Құжаттарды қабылдау ресми түрде 25 маусымда басталды. Бірақ біз 20 маусымнан бастап болашақ студенттер мен олардың ата-аналарына кеңес беруді бастадық. Себебі оларға оқытылатын мамандықтар бойынша оқу процесін түсіндірдік. Кеңес беру кезінде көптеген ата-ана бірнеше колледжді таңдау мүмкіндігі туралы білмейтінін байқадық. Яғни талапкерге бір колледж негізгі, қалған үшеуі қосымша ретінде таңдалады. Біздің колледждегі сұранысқа ие мамандықтар – техникалық қызмет көрсету, автомобиль көлігін жөндеу және пайдалану, ғимараттарды қалпына келтіру және қайта жаңарту, сондай-ақ дизайн. 11-сыныптан кейін оқуға түсуге болатын бір ғана мамандық бар – мехатроника, – деді Astana Polytechnic College қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Дина Рахымжанова.

Оқуға тапсыру кезінде «Дизайнер» мамандығына түсетіндер ғана шығармашылық емтихан тапсырады.

Колледжге құжаттар негізгі орта білім бойынша 18 тамызға дейін, жалпы орта білім 20 тамызға дейін, педагогикалық және медициналық мамандық бойынша 15 тамызға дейін қабылданады

– Грантты бөлу кезінде қазақ тілінің (орыс) және бейіндік пәннің жалпы балы ғана ескеріледі. Көбісі ауыл квотасы туралы сұрайды. Егер құжатта аудан, ауыл деп жазылса, онда квотамен түсе алады. Ерекше қажеттілігі бар талапкерге, сол отбасының мүшелеріне де арнайы квота бар, – деп түсіндірді жауапты хатшы.

Биылдан бастап барлық колледжде кәсіпорындардың өтінімі бойынша кадрларды арнайы даярлау енгізілді. Яғни колледж бітіргеннен кейін студент тапсырыс берушінің компаниясына жұмысқа орналасады.

– Біздің колледжде де осындай кадрларды даярлау енгізіле бастады. Бұл студенттер үшін ғана емес, мұғалімдер үшін де тиімді мүмкіндік деп санаймын. Өйткені келісім жасалғаннан кейін студенттер серіктес кәсіпорынның базасында тағылымдамадан өте алады. Оқу қорытындысы бойынша кәсіпорын студенттерден қорытынды емтихан қабылдайтын болады, – деді Astana Polytechnic College директоры Болат Рысқалиев.

Директордың стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Ғалия Куликованың айтуынша, мұндай серіктестікке ниет білдірген кәсіпорындар кадр даярлауға өтініш беруі керек. Олар талапкерлерді іріктеуге де қатысады. Содан кейін колледж, студент және кәсіпорын арасында үшжақты келісімге қол қойылады.

– Бұдан басқа, кәсіпорын студенттердің практикасын ұйымдастыру бойынша өзіне міндеттеме алады. Олар өздерінің базаларында тағылымдамадан өтеді, ал оны аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасады. Айта кету керек, педагогтар серіктес кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтеді. Өйткені олар студенттерді қажетті бейіндік пәндер бойынша оқытатын болады, – деп бөлісті Ғалия Куликова.

– Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар үшін мамандықтар тізбесі айқындалады және олардың білім беру мүмкіндіктеріне сәйкес жеке бейімдеу бағдарламалары әзірленеді, – деді директордың стратегиялық даму жөніндегі орынбасары.

Грантқа түскен студенттердің тізімі 19-22 тамыз аралығында жарияланады. Қорытындысын құжат тапсырған колледждердің сайтынан білуге болады.

Баян Асылбекова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button