Басты ақпаратМәдениет

Көмейден бұлақ құйған

Биыл асқан әнші, композитор, ұстаз, ҚазКСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына – 110 жыл. Осыған орай елорданың «Астана» концерт залында «Әнші дауысы» концерті өтті. Әншінің немересі Меруерт Құрманғалиева ұйымдастырған кешке композитордың шәкірттері бастаған еліміздің әр аймағынан өнерпаздар жиналды.

Ғарифолла Құрманғалиев – қазақ опера өнерінің бастауында тұрған тұлғалардың бірі. «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Дудар-ай», «Біржан-Сара», «Абай» сынды ұлттық операларда, «Евгений Онегин» сияқты классикалық шығармаларда күрделі партияларды орындады. Өмірінің отыз екі жылын осы өнер түріне арнады.
Одан кейін жиырма жылға жуық ұстаздықпен айналысты. Бірнеше буын шәкірттерді тәрбиеледі. Олардың өздері белгілі, белді әншілерге айналып, соңынан шәкірттерін ертіп келе жатыр. Солардың бірі – Қазақстанның халық әртісі Қажыбек Бекбосынов «Ғарифолла Құрманғалиевтен 28 жыл бойы тәлім-тәрбие алған адаммын. 1965 жылы талай адамның бағын ашқан Алматыдағы эстрада-цирк студиясына, Ғарекеңнің алдына оқуға келдім. Содан бастап бұл кісі өмірден өткенше қасында жүрдім. Өнерді түсінген адам ұстаздың қадірін біледі. Бүгінгі кешке Құдай бұйыртып, дәм тартып, сонау түкпірдегі Түркістаннан келіп қатысқаныма мың да бір шүкір деймін» дей келе, концертті бастап берді.
Ғарифолла Құрманғалиевтің репертуарында опералық партиялар, Мұхит Мерәліұлы сынды халық композиторларының шығармалары, халық әндері, Батыс Қазақстан әншілік мектебінің биік әндерімен қатар өзінің төл туындылары болды. Сондай «Асыл жан» атты әнін тағы бір шәкірті – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қапаш Құлышева шырқап берді.
Жалпы бұл концертте бірнеше шәкірті мен Ғарифолла дәстүріндегі өнерпаздар ұстаздары шыр­қаған және жанынан шығарған «Айнамкөз», «Үлкен айдай», «Ақ кербез», «Ісмет», «Боз жорға», «Он алты қыз», «Ақ Жайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін туған өлкемді», «Әнші дауысы» әндеріне салды. Олардың қатарында Қатимолла Бердіғалиев, Дәуренбек Мәмбеталин, Гүлмайдан Сүндетова, Мейрамгүл Орашева, Қайрат Кәкімов, Айгүл Қосанова, Сәуле Таудаева, Күлімхан Жұмалиева, Ырысты Сүлейменова т.б. болды. Гүлмира Сарина мен Ажар Сейтенова аса көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтің өлеңдеріне жазылған арнау­ларын шырқады.
Мәдениет және спорт министр­лігінің тарапынан сый-сыяпаттар жасалды. Ғарифолла Құр­ман­ғалиев­тің үзеңгілесі Жүсіпбек Елебековтің шәкірті, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосынов естелік айтып, концертті түйіндеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button