Басты ақпаратҚала тіршілігі

Көмір тапшылығы болмайды

Бұдан былай қатты отын тапшылығы болмайды. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев еліміздегі көмір отынының мәселесіне  қатысты жиында мәлім етті.

Энергетика министрлігінің мәжіліс залында Бақытжан Жақсалиевтің төрағалық етуімен өткен жиынға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері мен «Шұбаркөл көмір» АҚ, «Қаражыра» АҚ жетекшілері және жергілікті атқарушы билік өкілдері қатыс­ты. Сондай-ақ, жиын барысында Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарының жауапты мамандары онлайн режимі арқылы аталмыш өңірлердегі қатты отынның мәселесі туралы баяндама жасады. Олардың баяндамаларына қарағанда, қа­зіргі уақытта аймақтарда отын тапшылығы жоқ. Алматы облы­сына қарасты Есік қаласындағы көмір мәселесі тұрақталған көрі­неді. Министрліктегілер әлеу­меттік желілерде тараған қатты отын төңірегіндегі тұрғындардың дүрліккені туралы ақпараттар мен бейнежазбалар көрші елдерде түсірілгенін айтады.
– Қаңтардың қатты аязында еліміздің бірқатар аймақтарында, әсіресе, оңтүстік өңірлерде көмір тапшылығының болғаны рас. Бірақ қазіргі уақытта жағдай реттелді. Оңтүстік өңірлердегі көмір тапшылығы қазір қатаң бақылауда. Енді бұл жөнінде мәселе болмайды, – деген ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев жұртшылықты WhatsАpp әлеуметтік желісі арқылы тараған бейнежазбаларға, әркімнің қауесет сөздеріне сенбеуге шақырды.
«Қаражыра» АҚ-тың коммерция­лық атқарушы директоры Әсет Сыдықов та тілшілерге берген сұхбатында өткен аптадағы аязды күндер аталмыш компанияның көмір өндірісін 30 пайызға арттырғанын атап өтті.
– Жаңа технологиялардың арқасында 2017 жылы 7 млн тонна көмір өндірдік. Оның алдындағы 6 жыл ішінде 6 млн тоннадан аспаған болатынбыз. Биыл бұл көрсеткішті 8 млн тоннаға жеткізсек деген жос­парымыз бар. Сонымен қатар, сыртқа шығаратын экспорт көлемін де ұлғайтсақ деп отырмыз. Қазірдің өзінде Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Украина, Беларусь мемлекеттеріне шығаратын экспорт көлемі 300 мың тоннаға көбейді, – дейді Ә.Сыдықов.
Айта кету керек, Астана қаласы Кәсіпкерлік және өндірістік басқармасының 26 қаңтардағы мәліметіне сүйенсек, елордада 60,5 вагон, яғни 4180 тонна көмір қоры бар.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button