Сұхбат

Көмірден де мұнай алуға болады

Ғылым жолын екінің бірі ермек үшін таңдамайды. Өйткені бұл саланың әуре-сарсаңға салар мехнаты көп. Тарихта да талай ғалым бір жаңалық ашуға тұтас бір ғұмырын арнап өткен. Тіпті өмірін арнаса да, оң нәтижеге қол жеткізе алмағандары қаншама. Ендеше ғылым – есі кеткендердің емес, нағыз жанкештілердің саласы. Сарапшылардың арасында «қазақ ғылымы қартайды ма?» деген пікірталас жиі туындап жатады. Иә, жас ғалымдарға жігер беру үшін соңғы жылдары бірнеше ірі жобалар жүзеге асуда. Осыған орай, біз Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Еламан Айболдиновпен әңгімелескен едік.

[smartslider3 slider=336]

– Жас ғалымдар кеңесі қандай бағытта жұмыс істейді?
– Кеңестің бірінші құрамы 2019 жылы құрылса, қазіргі екінші құрам биыл сәуір айынан бастап жұмыс істеуде. Кеңестің құрамында әртүрлі ғылым салаларынан 24 ғалым бар. Жас ғалымдар кеңесі Білім және ғылым министрлігінің сенім білдіруінің негізінде құрылған. Біздің мақсатымыз – ғылым жолындағы жастарды қолдау, кеңес беру, бағдар көрсету. Қазір Ғылым комитетімен және ғылым-білім саласындағы бақылау комитетімен тығыз жұмыс істейміз. Президент тапсырмасы бойынша жыл сайын жас ғалымдар арасында гранттық конкурстар өткізіледі. Соңғы екі жылда 315 жоба жүзеге асыпты. Сол гранттық жобаларды бермес бұрын министрлік конкурстық құжаттамалар әзірлейді. Осы құжаттарды жас ғалымдар кеңесі қарастырып, өзінің ұсынысын білдіреді. Әр жобаға жас ғалымдар шетелмен салыстыра отырып ой айтып, пікірталас жасап, сосын ортақ шешімге келіп, соны Ғылым комитетіне жолдап тұрады. Екінші жағынан ғылым-білім саласындағы мемлекеттік бағдарламаны дайындау кезінде де Жас ғалымдар кеңесі қатысады. Гранттық жобалардың нәтижелерін халыққа таныстырып отырамыз. Диссертациялық кеңестің жұмысы мен ғылыми дәреже алуға да ұсынысымызды айтамыз. Алдағы уақытта кәсіпорындардың тапсырысы бойынша жас ғалымдардың қандай жобалармен айналысып жатқанын анықтау ойымызда бар. Бүгінде ғылым саласын қай бағытта дамытуымыз керек? Кейбір дамыған мемлекеттер шикізат өз елдерінде өндірілетін нақты бірнеше бағытты терең дамытуға тырысып жатыр. Жас ғалымдардың көбі – шетелде білім алып келген, ғылым жолында жүрген кешегі докторанттар мен магистранттар. Біз осы потенциалды дұрыс қолдана алсақ, ғылымымыз алға басар еді.
Жол салуға жаңа материал жасаған
– Ал өзіңіз қандай жаңалық аштыңыз? Ғылыми жұмыстарыңыз не жайлы?
– Менің докторлық диссертациям «Табиғи қосылыстар химиясы» жайлы. Соның ішінде органикалық химия. Негізінде, жаңа гидроциклды қосылыстарды синтездеу, өсімдік құрамын зерттеуге бағытталған. Бұдан бөлек, басқа да «жасыл» технологиялар жасаумен айналысамын. Солардың бірі шетелдік әріптестерімізбен бірге көмірді, мұнай қалдықтары мен жаңғыш тақтатасты өңдеу технологиясын жасаудамыз. Яғни біз 15 доллар тұратын көмірден құны 500 доллар тұратын өнім алу технологиясын дайындадық. Көмірді тура жандырмай, пиролиз процесі арқылы өңдеп, энергия көзін алатын технология жасаумен айналысамыз. Тағы бір бағытымыз – өндіріс қалдықтарын қолдану. Мысалы, Қарағанды металлургиялық зауытының шлагтарын, боксит өндірісінің шламдарын, фостогипс деген қалдықтарды қолдану арқылы табиғи материал топырақты, әктасты қосып композиция алып, соның қасиеттерін зерттеумен де шұғылданамыз.
– Бұл өнімді қайда қолдануға болады?
– Қазір оңтүстіктен солтүстікке, батыстан шығысқа жол салынып жатыр. Жолды салған кезде астына щебень деген табиғи құрылыс материалы қолданылады. Соның орнына осы қалдықтардан жасалған композицияны пайдалануға болады. Бұл бір жағынан экологиялық тұрғыдан пайдалы болса, екінші жағынан жол салуға қолданылатын жаңа құрылыс материалы ретінде пайдалануға болады. Бағасы жағынан да арзан. Біз бұл жобаға патент алып үлгердік. Бірақ жоба ғылыми жағынан толық зерттелгенмен, бизнеске ұсынылуға сәті түспей жүр. Осы патенттелген құрылыс материалымен құрылысшылар жол саламыз десе, біз әрқашан келісеміз.
Шикізатты өңдеп сатсақ, құны артады
– Қазіргі кезде әлем елдері экологиялық мәселеге баса назар аударып жатыр. Бұған күннің қатты ысып, мұздықтардың еріп жатқаны да дәлел. Сіз зерттеген жобалардың ішінде экологиялық мәселелер де бар екен. Бұл туралы не айтасыз?
– Негізі, әлем бойынша экологиялық заңнама өте қатал. Дәл біздің елімізде жаңадан қабылданған экологиялық кодекс өз мәртебесін таппай, қолданысқа енген жоқ. Сіз айтып отырған жаһандық жылыну мен мұздықтардың еруіне көмірқышқыл газының шығуы алып келеді. Ал оны азайту керек екені ғылымда да дәлелденген. Кеңес Одағы кезінде 15 мемлекеттің электр стансаларының барлығы бір типте салынды. Күні бүгінге дейін олар жұмыс істеп келеді. Эстония мемлекеті сол электр стансасының шикізатын тура жандыр­май, химиялық процесс – пиролиз арқылы өңдеп, энергия көзі ретінде пайдаланып отыр. Ал Қазақстандағы электр стансалардың барлығы көмір жағады. Одан түтін, күл шығады. Біз жылу энергиясын да, электр энергиясын да осылай аламыз. Егер осы жерде жағу процесінің орнына пиролизді әкелетін болсақ, экологиялық проблемалар шешілетін еді. Қазір көмір жағатын ірі зауыттар орналасқан Теміртау, Қарағанды, Екібастұз, Павлодар, Өскемен, Семей сынды көп аймақтарды түтін басып, экологиялық жағдайы ушығып тұр. Пиролиз арқылы электр энергиясын алсақ, аймақтарда химиялық өндіріс, ферроқорытпа зауыттарын, бояудың құрамындағы пигменттерді алу сынды өндірістер де қосымша дамып, жаңа жұмыс орындары да ашылатын еді. Осы жұмыстармен айналысып, ғылыми негіздемесін жасауға тырысып жатыр­мыз. Мұндай зауыттардың салынуы тек ғылымның дамуына әсер етпейді. Еліміздің инвестициялық орталыққа айналуына жағдай жасайды. Өйткені әлемде энергия алатын осындай технологиялар аз.
Қоқыстан энергия алуға болады
– Өнертабыстарыңызға екі патент алыпсыз. Біріншісін жоғарыда айттыңыз. Екінші патентіңіз қандай?
– Екінші жоба «жасыл» технологияны пайдаланып, тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге арналған. Авторлық құқықты осы жоба бойынша алдық. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Қазір көп адам қалдықтарды дұрыс сұрыптамай, қаншама жерден экобелсенділік насихатталып жатса да, мән бермей қарайды. Бұл адамдардың ішкі мәдениетіне байланысты. Әр адамның артынан біреу жүріп «мынаны мында таста» деп айтпайды. Ең бірінші халықтың ішкі санасы ояу, жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Дегенмен қоқыс бір жерге түскенмен, оны қаланың шетіндегі өңдеу орталығына апарып, әрқайсысын жеке сұрыптайды. Тұрмыстық қалдық мәселесі шешілді деген қағида бар. Қағаз да, пластик те қайта өңделеді. Дегенмен мен айтқан пиролиз технологиясы осы тұрмыстық қалдықтарды да жоя алады. Өйткені органикалық негіздегі шикізатты қолданса болды. Оған машинаның шиналары да, қоқыс сақтайтын қоймадағы өңделмей қалған қоқыстардан да энергия алуға болады. Яғни бір зауыт жылына миллион тонна шикізат өңдей алады. Бұл жерде сұранысқа да қарау керек. Үлкен қалаға үлкен зауыт, кіші қалаға кішірек зауыт салу жайлы шешімді ғалымдар ұсына алады.
Мұнайдың пайдасын  шетелдіктер көруде
– Мұнайды қара алтын деп жатамыз. Болашағы қандай? Тиімді деңгейде игере алдық па? Бір сөзіңізде әлі де шикізатқа тәуелдіміз дедіңіз ғой. Мұнай біткенде не болады?
– Сарқылмайтын дүние болмайды. Мұнай – күннің көзі емес, мөлшері бар нәрсе. Мұнай өңдеу процесі қазір қиындап кетті. Бұрын екі-үш мың метрден мұнай өңдесе, қазір мұнай қойнауы төмен орналасқан. Технологиялары да басқаша. Бір баррелінің өзін өңдеу қымбатқа түседі. Мұнай бітсе, бізде көмір бар. Көмірден де мұнай алуға болады. Дәл мұнай сияқты жанады, бензин де ала аламыз. Бірақ мұнайдың біткенін күтіп отырмай оны өзіміз өңдей бастасақ, оның құны артар еді. Қазір 80 млн тоннаға жуық мұнай өндірілсе, одан миллиондаған тонна, құны биржада сатылатындай қосымша заттар алуға болады. Оның ішінде бензин мен керосинді санамағанда, түсті металды да, полимерлік заттарды да мұнайдан алуға болады. Мұнай-химия саласын қосымша технологияларды әкеліп дамытса, мемлекеттік деңгейдегі Қарашығанақ, Теңіз сынды үлкен жобалар іске асса, мұнайымыз көпке шыдар еді.
– Бір алаңдайтын жағдай мұнайды шетелдік компаниялар өндіреді. Бұл саладағы отандық кәсіпорындар аз. Бұған қалай қарайсыз?
– Мен жас ғалым ретінде кім өңдесе де, мұнайдың өңделгенін қалаймын. Мұнай өңдеу мәселесінде жай ғана оны жер қойнауынан алып шығу экологиялық мәселелер тудырып жатыр. Батыста мұнай төгілген жерді ешкім тазаламайды, әлеуметтік жаупкершілігін сезінбейді, мұнай құбырлары да сол күйінде қалады. Сондықтан топырақ эрозиясы жүріп жатыр. Қызылорданың да табиғаты мұнай шығарған отыз жылдың ішінде өзгеріп кетті. Қай компания мұнай өңдесе де, елімізге салық төлеп отыр. Дегенмен мұнайдың қызығын, таза табысын шетелдіктер көріп жатыр. Егер қазақстандық компаниялар инвестициялық жобалар мен технологияларды тартуға көңіл бөлсе, біздің де қолымыздан келер еді. Мемлекетіміздің ұстанып отырған саясаты ашық болғандықтан, Қазақстанды дамытуға инвесторлардың көптеп келіп жатқаны, шетелдік компаниялардың көп болғаны заңдылық деп ойлаймын. Сол себепті ол компаниялар еліміздің қойған талаптарын орындап, табысының 1 пайызын ғылымды дамытуға арнап, маман даярлап, жоғары жалақыда жұмыс беріп жатса қарсы емеспіз.
Ғылым саласы уақытқа бағынбайды
– Президент Жолдауында ғалымдарды шетелдік тағылымдамаға жіберу және грант бөлу туралы айтқан еді. Басқа елдермен салыстырғанда жас ғалымдарға қолдау қаншалықты деңгейде жасалуда?
– Биыл Президент тапсырмасымен 1000 грант, 500 шетелдік тағылымдамадан өту жоспарлы түрде жүргізілуде. 1000 грант бойынша Ғылым комитетінің конкурстық құжатнамасы дайындалды. Жас ғалымдар өз ұсынысын білдірді. Енді алдағы уақытта комитет конкурсты жариялайтын болады. Ал 500 шетелдік тағылымдама «Болашақ» бағдарламасының форматында жүзеге асуда. Тағылымдамадан өту бойынша конкурс басталды. Қазан айының соңына дейін жалғасады. Шынын айтқанда, қазіргі таңда ғылым саласына мемлекет тарапынан 83 млрд теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде 52 млрд-ы министрлік конкурс жариялау арқылы бағдарламаны мақсатты қаржыландыру арқылы үлестіреді. Қалған қаржыны еліміздің тоғыз мемлекеттік органы конкурс жариялау арқылы жүргізеді. Биыл Президент 1 қыркүйектегі Жолдауында гранттың жүру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін өсірді. Бұл – жас ғалымдарға үлкен қолдау. Себебі кейбір ғылым саласы уақытқа бағынбайды. Мысалы, жануарлардың жаңа түрін, картоп пен астықтың жаңа сортын алуға он жылдап уақыт кетеді. Ал кейбір жұмыстардың жетекшілері үш жыл біткен соң басқа конкурсты жеңіп алып жалғастырмаса, жоба аяқсыз қалып жатады. Сондықтан ғылым саласын дамытуға гранттың бес жылға бөлінгені өте орынды. Бұған дейін жас ғалымдарға арналған жеке конкурстар болмаған. Тек былтырдан бастап жас ғалымдарға ерекше көңіл бөліне бастады. Енді жастар қолынан келгенше елімізді экономикалық жағынан дамытуға бағытталған тың зерттеулер жасайтын болады.
 
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button