Мәселе

Көмірдің кірісі Қашағанмен  қашан теңеседі?

 Әлемдік нарықтағы ірі көмір өндірушілердің ондығына кіретін Қазақстан көмір қоры бойынша Қытай, АҚШ, Ресей, Австралия, Үндістан, Украина елдерінен кейінгі ірі көмір өндіруші ел саналады. Ал ТМД елдері арасында көмір қоры бойынша үшінші, көмір өндіру бойынша, екінші және халықтың жан басына шаққандағы көмір өндірісі бойынша бірінші орында тұр. Алайда биыл көмір мәселесіне жұрттың көңілі күпті. Себебі Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр, ал жұрт көмір таппай қиналып отыр. Оның үстіне баға да шарықтап барады. Көмірдің үстінде отырған Қарағандының өзінде көмірдің тоннасы 20 мың теңгеден асып түскен.

[smartslider3 slider=664]

Кен де, көмір де көп

Әлемдегі көмір қорының 3.8 пайызын ұстайтын көмір – еліміздегі өндіріске шығарылған алғашқы пайдалы қазба. Сондықтан ел тарихымен етене жатқан өндіріс көзі десек те болады. Қазақстанда 300 көмір кен орны мен 10 үлкен көмір бассейні анықталған. Солардың ішінде Қарағанды көмірі, Екібастұз көмірі, Қаражыра көмірі, Торғай көмірі сапасы және сақталған қоры жағынан әлемге әйгілі десек, Қазақстанда ең алғаш ашылған Қарағанды көмір кені 1833 жылы табылып, 1855 жылы іске қосылды. Мұндағы көмірдің бәрі кокс көмір болғандықтан, әлемдегі сапалы көмірлердің бірі саналады. Жалпы аумағы 3600 шаршы шақырымды құрайтын бұл кеннің көмірі көбінде ішкі нарықтан сырт, Ресей мен Украинаның, көршілес Орталық Азия елдерінің металлургиялық зауыттарына жіберіледі.

Қарағанды көмірінен кейін қоры жағынан екінші орында тұратын Екібастұз көмірі еліміздегі ең маңыз­ды энергетикалық көмір болып есептеледі. Яғни Қазақстандағы энергияның бір бөлімі осы көмір арқылы өндірілсе, 40 пайызға жуық көмір Ресейге жөнелтіледі. Ал Қаражыра көмірі болса, Өскемен мен Семейдің, Моңғолия мен Ресейдің, Қырғызстанның жылу станцияларына тасымалданады. Қостанай алқабындағы Торғай көмірі Ресейдің Орал аймағы мен Қостанай өңірін отынмен қамтамасыз етеді.

Экспорт екпін алды

Соңғы 10 жылда еліміз жыл сайын 15-25 миллион тонна көмір экспорттап келеді. Яғни біздің көмір Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай сынды көрші елдерден сырт, Румыния, Польша, Түркия, Эстония, Украина, Чехия, Ұлыбритания елдеріне дейін жеткізіліп жатыр. Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецтің айтуынша, 2021 жылғы қаңтар-тамызда Қазақстан 20,6 млн тонна көмір экспорттаған. Бұл 2020 жылдың осы ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10,1 пайызға артық (18,7 млн тонна). Дегенмен, бізде көмір көп, шетелден сұраныста бар болғанымен, оны жеткізу мәселесі көмір экспортының адымын аштырмай тұр. «Бұл мәселені шешу үшін» дейді Николай Радостовец «Теміржол секторында бәсекелестік болуы керек. Жалғыз Қазақстан теміржолы біздің талаптан шыға алмайды. Демек, Қазақстанға бәсекелестік жасай алатын әрі тасымалдау бағасын төмендетуге қауқарлы сенімді жекеменшік тасымалдаушы қажет. Бұған қоса, жүктерімізді Ресей арқылы Еуропаға тасымалдау үшін «жасыл» дәліз керек. Сондай-ақ бізге Ресей порттарында логистикалық ғимараттар салуға рұқсат міндетті түрде болуы тиіс».

Баға неге жоғары?

Бізде көмір көп, көмір өндірісі де жақсы дамығанымен, қарапайым халық үшін қара отынның бағасы тым жоғары. «Соңғы жылдары еліміздегі көмір бағасы жыл сайын 20 пайызға өсіп келеді. Кеннен қазып алынған көмірдің бағасы тұтынушыларға жеткенше 10 есеге дейін қымбаттап кетеді» дейді сарапшылар. Биыл солярка бағасының шарықтауы да көмір бағасына әсер етті. Шалғай ауылдарда көмір бағасының 30 мың теңгеге дейін жетуі – соның айғағы. Бірақ көмірі көп елде неге көмір жетпей жатқаны түсініксіз. «Көмір бағасын қымбаттату үшін көмір тапшылығын қолдан жасап отыр», «Көмірді неше мың вагонмен Қытайға тасып жатыр екен» деген сөз ел арасында желдей еседі. Ал құзырлы орындардың өкілдері болса, шетелге 20,6 млн тонна көмір экспортталды дейді. Оның нақты себебін айтып, мәселені шешуге тырысып жатқан Үкімет жоқ. Астанаға газ келгенде, енді көмір сатылмай, кеншілердің күні қиын бола ма десек, қазір керісінше көмір сатып алудың қиындасып кеткеніне «апам да аң-таң, мен де аң-таң» дейтіндей жағдайда отырмыз.

Дей тұрғанмен, көмірдің тапшылығы мен бағасының жоғарылығы тек біздің елде ғана емес, көрші елдерде де байқалады. Мәселен, Қытайда да биыл көмір тапшылығы қатты сезілді. Қара отынның жетіспеуінен ішкі Қытайдың кейбір өлкелерінде электр энергиясы жетіспей, жарық жиі өшсе, біздің елмен іргелес жатқан Шыңжаңда көмірдің тоннасы 40 мың теңгеден асып түсті. Осыған қарағанда көмірдің көбі Қытай асқаны рас та шығар деген ойға да келесің.

Жалпы көрші елдерде дизель, көмір бағасының жоғары болуы біздің ішкі нарықтағы көмірдің бағасына да әсер етіп тұрғаны жасырын емес. Екінші жақтан, «Басқасының бәрінің бағасы өскенде көмірдің бағасы неге өспесін» деген идеямен көмір бағасын қолдан қымбаттатып жатқан жағдайдың бар екенін ешкім жоққа шығармаса керек. Оның үстіне, тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің көмір өндірісі дағдарыс үстінде. Табиғи газ өндірісінің ұлғаюына ілесе, ортаның ластануына айрықша ықпал жасайтын көмірдің тұтыну аясы барған сайын тарылып келеді. Кейбір елдер қоршаған орта тазалығын жақсарту үшін көмір жағудан бас тартып жатыр. Осының салдарынан көптеген көмір кен орындары жабылып, кен жұмысшыларының жұмыссыз қалу қаупі күшейді. Бұл жағдай Қазақстан кеншілерінің де басында бар. Әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан сынды ірі қалалардың газға қосылып, көптеген аймақтардың көгілдір отынға көшуі кеншілердің күдігін тіпті күшейтіп жіберді. Яғни Қазақстанның ішкі нарығындағы көмірдің көбі отын мен жарық энергиясын өндіруге жұмсалса, болашақта орта сапасын жақсарту үшін Қазақстанда да көмірден «бас тарту» процесі басталғалы тұр.

Жаңаша бағыт керек

2021 жылы қаңтардан шілде айына дейін еліміздің көмір өндіруші компаниялары 62,8 млн тонна көмір өндірген. 2020 жылғы қаңтар-шілдеге қарағанда бұл көрсеткіш 0,5 пайыз төмен. Ал 2020 жылы елімізде 113,4 млн тонна көмір алынған, бұл 2019 жылға қарағанда 1,4 пайызға аз. Көріп отырғандарыңыздай, Қазақстанда 2013 жылдан бері көмір өндіру қарқынының азаюы байқалады. Оның үстіне, энергетика өндірісі саласындағы көмірдің үлесі 2030 жылға қарай 50 пайызға, 2040 жылы 40 пайызға азаяды деген болжам бар. Сондықтан, Қазақстанда көмір өндірісіне жаңа бағыт керек. Өйткені көмірмен үй жылытып, электр өндірудің күні өтіп барады. 21 ғасыр туғалы әлемде көмірден мұнай және басқа да химиялық өнімдер өндіру жұмысы қарқын алды. Еліміз де бұл «ағымнан» қалыс қалмауы тиіс. Былайша айтқанда, елімізде көмір өндіру ішкі нарықтағы сұраныстан әлдеқайда артық болғандықтан, әлемдік трендтерді, сондай-ақ Қазақстанның жасыл экономикаға көшу қадамын негізге ала отырып, көмір химиясын дамытуға өткір қажеттілік туындады. Бұл бағыт өнімді тұтыну қасиеттерінің сапалы өзгерістерін, сәйкесінше, оның нарықтық құнын арттыруды қамтамасыз етуі мүмкін. Мамандардың мәліметінше, көмір қалдықсыз өнім болып табылады және қайта өңдеу саласында маңызы мол шикізат. Қара отынды өндіру кезінде ұшқан шаң мен ұнтақ көмірді де қажетке жаратуға болады. Яғни көмір шаңы мен ұсағын сығымдап, брикеттелген көмір шығаруға болады. Аталмыш өнім түтін мен газды аз бөлетіндіктен, экологиялық жағынан да тиімді.

Энергия демекші,

қазіргі таңда республиканың көмір өнеркәсібі Қазақстандағы электр энергиясы өндірісінің 74  пайызын (кейбір деректерде 87 пайыз делінеді) қамтамасыз етеді.

Экологиялық және экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл үлкен шығын деп айтуға болады. Ендеше, көмірден мұнай өндіріп, қалдықтарынан химиялық қоспалар жасамай, көмірден түсетін кірісті еселеп арттыра алмаймыз.

Қазақстанның көмірді синтетикалық мұнайға айналдырудың мүмкіндіктерін зерттеп жатқанына біраз уақыт болды. Өткен жылы Ордабасыда көмірден мұнай айыратын зауыт ашылды. Онда Еуро-5 стандартына сай АИ-92 маркалы бензин, дизель жанармайы мен бензол, толуол, ксилол және үлгілі мазут өнімдері шығарыла бастады. Бұл – өте жақсы бастама. Егер біз көмірден мұнай өндіру жұмысын қарқын алдырсақ, бір тонна көмірден 600-700 литр шамасында синтетикалық мұнай өңдеуге болады екен. Бұл деген сөз 50 миллиард тонна көмір қоры бар Торғай бассейнінің көмірінен кіретін кірістің өзі – Қашаған мұнай кенішінен асып түседі деген сөз. Бұл еліміздің мұнай-газ саласындағы үлкен мүмкіндік ғана емес, көмірді еселеп ақшаға жаратудың және көмір өндірісін тұралатпаудың ең тиімді тәсілі екенінде талас жоқ.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button