ЖаңалықтарПрезидент пәрмені

Коммунистер пікірлерін білдірді

Бұрнағы күні Қазақстанның Орталық комуникациялар қызметінің брифингіне қатысқан Парламент Мәжілісіндегі «Халық коммунистері» депутаттық фракциясының жетекшілері Владислав Косарев, Жамбыл Ахметбеков, Айқын Қоңыров Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сын-ескертпелеріне байланысты көзқарастарын білдірді.

Халықты жұмыспен қамту ісі тиісті деңгейде жүргізіл­мейтінін айтқан коммунистер еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің тұралап қалғанын сөз етті. Ауыл шаруашылығы саласындағы олқылықтарды атап өтті. Соның ішінде ет пен сүт өндірісімен айналысатындарға мемлекеттің қолдауы қажеттігін айтты. «Ауыл шаруашылығына қаншама қаржы құйылып жатыр. Алайда, сала министрі жұмысты сергіте алмады. Үкімет аграрлық кешеннің орасан зор мүмкіндігін тиімді пайдалана алмай отыр. Ауыл шаруашылығының шұрайлы жерлерін латифундистер алып қойған» деген Ж. Ахметбеков әрі қарай мемлекеттік бюджеттің игерілмеуін сынға алды. «Биылғы игерілмеген қаржы былтырғы игерілмеген қаржыдан үш
есе артық. Сонда бұл Үкіметтің дамуы ма, әлде кері шегінуі ме?» деді ол.
Халық қалаулылары мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандардың салынуына да көңілдерінің толмайтынын айтты. Тұрғын үй саясатына келгенде өз ұсыныстарын енгізді. Олардың пікірінше, әр шаршы метрі 3-5 мың доллар тұратын элиталық үйлерді салудың орнына шаршы метрі 500-750 доллар көлеміндегі халыққа қолжетімді баспана тұрғызылса, ел банктердің жеміне айналмас еді.
Сонымен бірге Мемлекеттік сатып алудағы жемқорлықты жоятын заңнама керектігін, коммуналдық тарифтердің өсуін тоқтату қажеттігін айтқан коммунистер аталған кемшіліктерді жөндейтін нақты ұсыныстарды әзірлегенін жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button