Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр
Астанада қар жауып, коммуналдық қызмет мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
21 қараша күні таңертең қала көшелерін қардан тазартуға 2,6 мыңнан астам жол жұмысшысы және 1,3 мыңнан астам арнайы техника шығарылды.
Қатты жауын-шашын кезінде елорданың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бірінші кезекте қоғамдық көліктің кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін негізгі магистральдар тазартылады. Әрі қарай орташа қозғалыс қарқындылығы бар учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар қардан тазартылады.
20-сынан 21 қарашаға қараған түні полигондарға 1041 рейспен 14 мың текше метр қар шығарылды.
Қыс мезгілінің басынан бері қаладан барлығы 538 мың текше метр қар шығарылды, бұл 42 423 ауыр жүк көлеміне тең.
Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.
Төтенше жағдай туындаған кезде “112” телефонына хабарласыңыз.