Әлеумет

Компьютерге көгенделген келешек

Кейінгі кездері күйіп тұрған отбасы мәселесінің бірі – баланың компьютер ойындарына тәуелділігі. Кеңес дәуірінде жеткіншектерге арналған түрлі тегін үйірмелер мен аула клубтарының орнын компьютер клубтары басқалы қашан. Кейбір ата-ана баласының бос уақытында компьютерлік клубтарға баруына рұқсат береді. Дәрігерлер мен психолог мамандардың жан айқайы түптің түбінде баланың «наркомания» сияқты бұл тәуелділіктен де арылуына мезгілдің өте кеш болатынын ескертеді.

Астанадағы психологиялық жәрдем беретін дағдарыс орталығына қиын баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар жиі жүгінеді. Көбі баласының сабаққа барғысы келмейтінін, тіпті, «мектепке кеттім» деп алдап, таңертеңнен кешке дейін қыдырып жүретініне алаңдайды. Зерттей келе, мұндай балалар қара кешке дейін компьютер клубтарында бас алмайтыны белгілі болып отыр.
Мамандардың айтуынша, бала компьютерлік ойындардың қызығына 4-5 жасынан бастап үйренеді. Егер, осы бастан жүгендемесе, бұл есейгенде  құмар ойындарына түбегейлі тәуелділікке апарады. Олай дейтін себебіміз, бұл орталыққа «тәуелділіктен» арылуға жәрдем сұрап келгендердің қатарында жоғары сынып оқушылары, студенттер, тіпті букмекерлік кеңседен қалай құтылудың жолын сұраған атпалдай азаматтар да бар. Яғни, ХХІ ғасырдың «жетістігі» барлық жастағыларды өзіне баурап алған. Бұл өз кезегінде бүлдіршіндердің психологиясына кері әсер етсе, мектеп оқушылары қажетті білімді игеруде артта қалғаны былай тұрсын, тәрбиесі тым төмендейді. Ал ересектер соңында ақшасынан, жұмысынан, тіпті отбасынан да айырылып жатады.
Бұл мәселеге ата-аналардың бей-жай қарамағаны жөн. Компьютер ойнайтын баланың психологиясында көп өзгеріс болады. Бойында іштей қарсылық, көңіл күйінде ауытқушылық, ырықсыздық пен агрессияшылдық билейді. Сондықтан, баласының болашағын ойлайтын ата-аналардың бәрі қауіпті дерттің алдын алған жөн. Баланың бос уақытын тиімді пайдалану үшін ақыл-ойды дамытатын үйірмелер мен білім беру орталықтарына жаздыртқан абзал. Әйтпесе, «батпаңдап кірген аурудан» құтылу қиындық тудырмасына кім кепіл болмақ.

Маман мінбері

Лимана Қойшиева,
Психологиялық жәрдем беру орталығының психологы:
«АТЫС-ШАБЫС БАЛА БОЙЫНДАҒЫ МЕЙІРІМДІЛІКТІ АЗАЙТАДЫ»

– Бала ойындарының негізгі түрі –  атыс-шабыс, төбелес. Бұл олардың мінез-құлқына қалай әсер етеді?
Ойынның бас кейіпкері болған бала үнемі ұта бермейді. Бірде жеңеді, бірде жеңіледі. «Жығылған күреске тоймайды» дейді қазақ. Ұтылған сайын оның сол ойынға құмарлығы арта түседі. Сол әлемнің батыры болуға ұмтылып,  дүниені ұмытып, соғыс алаңында жүргендей болады. Мұндай кезде баланың жүйке жүйесі тез бұзылып, ашу-ызаға жол береді. Жеңіліп қалса, көңіл-күйі түсіп кетеді. Айналасындағыларға мән бермейді. Стратегиялық ойындарға әуес баланың бойында мейірімділік, ізеттілік азая береді.
– Ғаламторға кірген бала ең алдымен не іздейді?
– Бірнеше мысал келтіруге болады. Интернетте «Чат» атты достармен әңгімелесетін бірнеше сайт бар. Бұл чатқа бала өз атымен немесе өзі қалауынша ат қойып, өмірбаянын немесе келбетін өзгертіп шығады. Достарымен әртүрлі адам болып сөйлеседі. Кейбір жеткіншектер өзіндік «менін» бірнеше рет өзгерту арқылы, соңында психикалық ауытқушылыққа ұшырайды. Екінші салдары – бала интернеттен мағынасы жоқ ақпараттарды жанталаса жинай береді. Бұл – мақсатсыз «интернет кезу» арқылы қажетсіз ақпараттарға бой алдыру.
– Баласының ойынға деген қызығушылығын тоқтату үшін орталыққа келетіндер көп. Сонда ата-ана өзі тосқауыл бола алмай ма?
– Бірнеше ай бұрын біздің орталыққа келген ата-ана ұлын бір әскери стратегиялық ойынмен «ауыратынын» айтты. Баласы бұл ойынсыз өмір сүре алмайтын дәрежеге жеткен. Қанша шара қолданса да бас тарта алмаған. Психолог пен педагогтан бөлек, баланың жағдайына көмектесу үшін психиатр-дәрігердін де қатысуы қажет болды. Міне, көрдіңіз бе, мұны ауру деп айтқан дұрыс па білмеймін,  бұл мәселе арнайы білім мен үлкен зерттеуді қажет ететін сияқты. Ойын баланың шынайы өміріне «шабуыл» жасап, басқа нәрсеге қызығушылығын жоқ қылады. «Өмірі тәуелді» болып тұрғандықтан, мұны есірткіге құмар есалаңмен салыстыруға болады.  Ал тосқауыл болу үшін, өзіңіз байқағандай ата-ана түгілі біреше маманның жәрдемі қажет болды.
Бала тәрбиесі оңай емес. Оған  компьютер пайдалануға мүлдем тиым салуға болмайды. Сондықтан, баланың әрдайым бос уақытын қадағалаған дұрыс, пайдалы істермен айналысуына жол ашу керек.  Немесе бұл мәселе жайында психологтан кеңес алуына да болады.
– Бала үшін компьютердің «сиқырлығы» неде?
– Өз тәжірибемнен айтайын. Маған келген қабылдаулардың нәтижесін сараласам, компьютер жасөспірімдерге қажет деген барлық эмоцияны береді.
Бұл аса кең спектр – қалыпты сезімнен бастап, жағымсыз, яғни: масаттану, рахаттану, әуесқойлық, құмарлық, өкініш, ыза, кек, қаһар, тітіркену сезімдерін бастан кешіртеді. Оның екінші қыры – бала ойында әлемді билейді, компьютер тышқаны – әлемді билеуге көмектесетін сиқырлы таяқша, сол арқылы баланы  бұлдыр әлемге жетелейді.

Астана қаласы Психологиялық жәрдем беру
дағдарыс орталығының сенім телефоны: 77-93-38

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button