Ресми бет

Комплаенс жемқорлықтың жолын кеседі

Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық дерті дендеген саланың бірі – білім беру. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың небір жаға ұстатарлық фактілері (лауазымды тұлғаның қызмет бабын асыра пайдаланып туған-туыстарын заңсыз жұмысқа қабылдау, бюджеттің ақшасын жымқыру, мемлекет мүлкін талан-таражға салу, пара алу немесе пара беру және т.б.) мектептерде де кездесетіні жасырын емес.

[smartslider3 slider=997]

«Адамдар бұрынғыша жоғары оқу орны, колледж, тіпті мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып, шағымданады. Жемқорлық азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте. Президент мұндай қылмыстармен күрес тиімді жүргізілуі үшін қоғамда жемқорлықтан жаппай жиренуге қол жеткізуіміз қажеттігін қадап айтты.

Мемлекет басшысы атап айтқандай, азаматтардың бойында адалдық идеологиясы қалыптасуы үшін жемқорлыққа төзбейтін санамыз болуы тиіс. Сыбайлас жемқорлық қылмысты әлеуметтік зұлымдық, мемлекеттің күйреуіне әкеліп соғатын қауіпті құбылыс ретінде түсінуіміз керек. Сол кезде ғана саналы түрде қоғамның жегіқұртының қатерінен құтыламыз. Қазіргі кезде еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру бағытында заманауи құралдар қолданыла бастады. Соның бірі – мектептегі комплаенс қызметі. Елордамыздағы № 91 мектеп-гимназияда биыл қазан айыңан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі енгізілді. Мектеп директорының бұйрығымен мен компаленс қызметіне жауапты тұлға (комплаенс офицер деп те атайды) болып бекітілдім. Бұдан бөлек, мектебімізде «Адал ұрпақ» ұйымы құрылып, сол жобаның аясында әртүрлі челленджтер, букроссинг, сурет байқауы, «Адал кітапхана», «Адалдық дүкені» сияқты іс-шаралар өткізіліп келеді.

Енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің негізгі мақсат-міндеттеріне тоқталайын. Түсінікті тілмен айтсақ, комплаенс қызметінің басты міндеті – сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алу, мүдделер қақтығысын болдырмау, Іскерлік этика кодексінің талаптарын бұзу, жемқорлық және өзге де заңға қайшы іс-қимылдар фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарау. Бұдан бөлек, ISO 37001 стандарты бойынша комплаенс қызметінің міндеттеріне: сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын әзірлеу және іске асыру, жауапты адамдар тобын құру, сыбайлас жемқорлық қылмыс тәуекелдерін талдау мен бағалау, мектеп қызметкерлері мен серіктестерін тексеру, кадрларды оқыту және қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету, жемқорлық қылмысты болдырмайтын «Жедел желі» қызметін енгізу және мүдделер қақтығысын бақару, ішкі аудит, кадр жұмысындағы кемшіліктерді дер кезінде түзету кіреді.

Қазір біз ISO 37001 халықаралық стандартының құрылымымен және артықшылықтарымен жақын танысып жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқарудың тиімді жүйесін құру. ISO 37001 стандарты комплаенс қызметі енгізілген әр мекемеге қажетті талаптарды бекітеді, парақорлықпен күрес жүйесін құру, енгізу және жетілдіру бағытында нақты ұсыныстар береді. Мәселен, біз мектепте комплаенс қызметі туралы ережені әзірлеп, бекіттік. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалды. Комплаенс қызметін құру туралы бұйрық № 91 мектеп-гимназияның сайтында жарияланып, барлық қызметкерлерге таныстырылды. Осы құралдың қолданылуын барлық мүдделі тараптарға жеткізіп, «Сенім телефонын» аштық. Комплаенс қызметінің мүшелері мектеп қызметкерлерінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауды қамтамасыз етіп, осы бағыттағы іс-шаралардың жүзеге асырылуына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Әр тоқсан сайын атқарылған жұмыс туралы есебімізді Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасына жібереміз. Жыл сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-шы күніне қарай есеп мектеп сайтында жарияланады.

Мемлекет басшысы дер кезінде қылмыстың алдын алу және ескерту жұмысы жүргізілмесе, жемқорлық атты кесел көп адамның жарқын келешегіне балта шабуы әбден мүмкін екендігін ескертті. Сыбайлас жемқорлық қоғамның тұрақтылығына, әлеуметтік әділдікке ғана төнген қауіп емес, ол сондай-ақ тұтас мемлекеттің құлдырауына бастайтын дерт. Мұндай кеселмен саналы түрде, адалдық қағидатымен әр адам, қоғам және мемлекет болып бірігіп күрессек қана жеңеміз. Соның ішінде, комплаенс қызметі жемқорлықтың жолын кесетін құрал екенін атап айтқым келеді. Жемқорлық деген жегіқұрттың тамырына балта шабамыз десек, қоғамда өмір сүретін әр адам жемқорлыққа төзбей, оны болдырмаудың амал-тәсілін жасауы тиіс. Қоғамдық бақылау күшейіп, адалдық қағидаттары сана-сезімімізге әбден сіңген кезде тиімді жолды табамыз. Біз мектепте енгізілген комплаенс қызметі адал, әділетті, парасатты және ашық қоғам құруымызға бірден-бір тиімді құрал бола алатынына кәміл сенеміз.

Салтанат АЙТБАЕВА,

Нұр-Сұлтан қаласындағы №91 мектеп-гимназияның

кітапханашысы, комплаенс-офицер

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button