Мәдениет

Композиторлар кеші

Кеше «Астана Опера» театрының камералық залында қазіргі заманғы отандық музыкаға арналған «Тұсаукесерлер кеші» өтті. Концерт Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазіргі заманғы композиторлар» циклы аясында ұйымдастырылды.

камералық зал

Көрермендер Кеңес Дүйсекеев, Балнұр Қыдырбек, Серік Еркімбеков, Төлеген Мұха­мед­жанов, Серік Әбдінұров сынды танымал композиторлардың және жас сазгер­лердің музыкасына құлақ құрышын қандырды.
Кештің бірінші бөлімінде жеке және аспаптық ансамбльдің сүйемелдеуімен музы­калық шығармалар орындалса, екін­ші бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Абзал Мұхитдинов жетекшілік ететін «Астана Опера» театрының Камералық оркестрі өнер көрсетті.
– Еліміздің тәуелсіздігіне биыл 25 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде талай музыкалық шығармалар жазылды. Егемен елдің шығармашылық кеңістігі де жас буын композиторларымен толықты. Бүгінгі заманның композиторлары шығармаларынсыз Қазақ­стан­ның музыка әлемін елестету мүмкін емес. Біздің мақсатымыз – танымал композиторлармен қатар жастарға да қолдау көрсету. Жалпы жас композиторлардың тырнақ­алды туындыларының «Астана Опера» театры сынды үлкен сахнада орындалуы олардың шығармашылығына үлкен мүмкіндік ашады. Аталмыш концерт жастарға шабыт беріп, шығарма­шылықтарының шыңдалуына сеп болды деп ойлаймын, – деген дирижер осындай концерттер отандық композиторлық мектептің, жалпы алғанда, қазақстандық музыканың қай бағытта дамып отырғанын көрсететінін жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button