КОНЬКИШІ КЕНЖЕШ
Кенжеш Сәрсекенова – елiмiздiң 1992-1996 жылдар аралығындағы дүркiн-дүркiн чемпионы, халықаралық дәрежедегi спорт шеберi. Ол сүйетiн спортта жеңiске жетiп жүрген қыздар баршылық. Бiрақ қазақтың қызы жоқ. Неге? Осы сұрақ менi жиi мазалайтын. Елiмiз тәуелсiздiк алғалы да жиырма жыл өтiптi. Ал ол болса, кеңестiк кезеңнiң өзiнде топты жарып, бiр емес, екi Олимпиадаға қатысты. Және қандай Олимпиадаға, анау-мынаудың қолы жете бермейтiн, қазақ бара бермейтiн қысқы олимпиадаға!
Бiздiң халық кенже балаларын өте жақсы көредi. Олар көбiнесе ерке болып өседi. Алдындағы аға-әпкелерiнiң үнемi қамқорлығында жүредi және ата-анасы да осы балаларын көзiнен таса еткiсi келмейдi. Ал бiздiң кейiпкерiмiз қандай едi?
Ол – он үш баланың ең кiшiсi. Алдында асқар таудай ағалары, аяулы апалары бар. Сексен алтыға келген, он бес құрсақ көтерген батыр анасы Фатиха балалары мен немерелерiнiң ортасында жүр. Оны спортқа алып келген ағасы Әзен болатын. Сол жылы ағасы оны сонау Семейден Алматыға алып кеттi. Осындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатта жеңiл атлетика бөлiмiне қабылдау жүрiп жатыр екен. Өкiнiшке қарай, емтихандар аяқталып, балалар толып қалыпты. Содан ағасы қарындасын қолынан жетектеп, басқа мектеп-интернаттың коньки бөлiмiне алып келдi.
– Сенiң мына қыздардан қай жерiң кем, кәне, мына конькидi байла да, анау бапкердiң айтқандарын iсте, қабылдансаң болды, кейiн желаяқтар бөлiмiне ауысасың, – дедi ағасы.
Жан-жағына қараса, бiр қазақ жоқ, өңкей орыс балалары, бұған «көрейiк әуселеңдi» деп мазақтап қарап тұрған сияқты.
– Аға, мен коньки кимек түгiлi, мұзда әрең жүрем ғой, мыналарға күлкi болмай тұрғанда кетейiкшi, – дейдi жалынып.
– Ауылға қайту қайда қашады дейсiң, көрсейшi.
Содан тiсiн қайрап, ана қыздарға бiр, мұзға бiр, мынадай «тозаққа» салып қойған ағасына бiр қарап, көзiнiң жасын сүрте-мүрте бәтiңкесiнiң бауын байлай бастады. Несiн айтасыз, сол жолы намысшыл қыз құлап-сүрiнiп жүрiп, конькимен жүгiру бөлiмiне қабылданды. Үйге келгенде қараса, тiзесi қанап қалыпты, аяғы iсiп кеткен. Бұл 1984 жыл едi. Содан соң мектеп-интернатта оқыды.
«Шынымды айтайын, сол кезде түк те қуанған жоқпын, өзiм жақсы көретiн жеңiл атлетикаға ауысқым келдi. Бiрақ неге екенiн бiлмеймiн, кейiн келе осы спортты жақсы көрiп кеттiм, өзiмнiң де кеткiм келмей қалды. Сабақтан қолымыз қалт етсе болды, құрбылармен «Медеу» қайдасың деп тауға қарай асығатынбыз. «Медеудiң» аты дүркiреп тұрған кез. Ондағы түрлi жарыстарды тамашалай жүрiп, iштей өзiм де сол спортшылардай болсам ғой деп армандайтын болдым.
Қалай болғанда, мен ағама ризамын. Себебi ол менiң бойымдағы спортқа деген құштарлықты уақытында байқай бiлдi, кенже бала болғаныма, қарындасы болғаныма қарамастан, менi аямады. Дер кезiнде дұрыс бағыт-бағдар бердi. Басымды тауға да, тасқа да соға жүрiп, мен қиындықты жеңудi үйрендiм. Өзiңiз ойлап қараңызшы, жыламай тамақ iшпейтiн қазақ ауылынан, қазақы ортадан келген кiп-кiшкентай баланы өзi мүлдем танып, бiлмейтiн, тiлi бөлек ортаға жалғыз тастап кеп жiбердi. Амал жоқ, көнуiме және көндiгуiме тура келдi, өзгелер жасымды көрмесiн деп түнде жастыққа бетiмдi басып, ұзақ жылап-жылап алатынмын», – дейдi ол сол күндердi еске алып.
Ол сол күннен бастап, спорт деген ұлы мектептiң кермек дәмiн татып, оның темiрдей қатаң тәртiбiне бағынды. Кенжеш ақжарқын мiнезiнiң арқасында жұртпен тез тiл табысты, еңбекқор болды, қиындықтан тайсалмады. Суық жерде, қыс демей, жаз демей даярлықта өзiн аямайтын, сондағысы – өзгелерге күлкi болмау. Осы қасиеттерiн көре бiлген алғашқы жаттықтырушысы Леонид Николаевич Ли бұл қызды одан сайын қайрап, шыңдай түстi. Ауыл алыста, ата-анасын, туған-туыстарын қанша сағынса да, оқуын жақсы оқып, спортта да алғашқы нәтижелерге жете бастады. Мұны көңiлiне медет етiп қана қоймай, алдына биiк-биiк мақсаттар қойды. Тынымсыз, тиянақты, төзiмдi, табанды, шеберлiгi күннен-күнге шыңдалып келе жатқан қазақтың жалғыз қызына осы саладағы мамандар да амалсыз, назар аудара бастады. Алғашында оқу-жаттығу жиындарына, кейiннен жарыстарға, сосын тәуiр нәтижелер көрсете бастағанда халықаралық iрi жарыстарға шыға бастады.
Алғашқы қатысқан Олимпиадасы 1994 жылы Норвегияның Лиллехамер қаласында өттi. Жарысқа көптеген елден сайдың тасындай спортшылар қатысты. Солардың қатарында Кенжеш те үш мың метрлiк қашықтыққа конькимен жүгiруден Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеттi. Бұл жолы Кенжеш он жетiншi орынға тұрақтады. Екiншi Олимпиадасы 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өттi. Мұнда ол бұрынғысынан жақсы көрiндi. Ал ең жақсы көрсеткiшi – 1999 жылғы Кореяның Кангванг қаласындағы Азия чемпионатындағы сегiзiншi көрсеткiшi. Мұның арасында әлем чемпионаттарына қатысты.
Әрине, жүлделi орындардың бiрiнен көрiнсе, бәлкiм, оның мерейi бұдан да үстем болар ма едi. Кiм бiлсiн?! Бiрақ, ол өкiнген емес. Себебi, сол кезде қазақ баласының үлкен айтулы додалардан көрiнiп, соның iшiнде Азия құрлығында үздiк ондыққа iлiгуiнiң өзi де зор табыс едi.
Қалай десек те, Кенжеш қызымыз осы уақытқа дейiн коньки спортында азды-көптi жетiстiктерге жеткен жалғыз қазақ қызымыз болып қалып отыр. Өйткенi әлi күнге оның жолын жалғастырып жүрген басқа ұлттың қыздары бар болса да, өзiмiздiң қаракөздерiмiздi көре алмай келемiз. Неге? Бұл сұрақты мен өзiме қойғанмын.
– Сiз бiлесiз бе, өкiнiшке қарай, бiздiң ағайын баласын қысқы спорт түрлерiне беруге қорқады. Қысқы спорттың қай түрiн алмаңыз, мейлi ол шайбалы хоккей болсын, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, шорт-трек, фристайл немесе бiздiң спорт болсын, ең алдымен жарақаты көп, денсаулыққа қауiптi спорт деп санайды. Рас, кез келген спорт түрi қаншалықты думанды, көзге көркем болғанымен, оның өзiндiк қиындықтары мен машақаты мол. Бiрақ спорттың аты – спорт. Спортқа келдiң екен, сен ең алдымен өз бойыңдағы үрейдi жеңе бiлуiң және табанды түрде еңбек етуiң керек. Мен де денем көкала қойдай болып, талай рет жығылғам, жылағам. Бiрақ менiң он бес жылым осы спортқа кеттi. Қолды бiр-ақ сiлтеп кете салуыма да болар едi. Бiрақ ата-ана, бауырларым, ұстаздарымның сенiмiн ақтауға тырыстым. Рас, менiң жолым ауыр болды. Бiрақ мен қолдан келгеннiң бәрiн жасадым. Ұзақ қашықтыққа жүгiру оңай емес, ал мен мұзда жүгiрдiм. Мен сол биiктiктi бағындырдым және әлi талай қыздардың мен жете алмаған жеңiстерге жетерiне сенемiн.
Кенжеш туралы ұзақ жылдар айтылмайды да, жазылмады да. Бiрақ ол ешқашан атақ қуған емес. Оның есiмi өткен жылғы Астана мен Алматы қалаларында өткен, бүкiл елiмiзге, жұртымызға қуаныш сыйлаған Азиада ойындары кезiнде қайтадан естiлдi. Себебi, ол халқымыздың беткеұстар, атақты спортшылары Серiк Қонақбаев, Әлия Юсупова, Владимир Смирновтың қатарында Азиада ойындарының жалауын көтеру құрметiне ие болды. Сол бiр ұмытылмас күндердегi Кенжештiң қуанышын көрсеңiз. Жылдар бойы төгiлген тер, аңсаған арманы орындалғандай. Бiз де қазақтың қарапайым қызының көзiне жас үйiрген сонау бақытты сәттiң куәсi болдық.
– Мен әлемнiң қаншама елдерiнде жарыстарда болдым. Сонда бiздiң Қазақ жерiнде осындай жарыс өтетiн күн туа ма екен деп армандайтынмын. Мiнеки, сол армандар да орындалып жатыр. Астана қаласында заманауи үлгiдегi, бүкiл халықаралық стандарттарға жауап беретiн «Алау» мұз айдыны салынды. Жұмыстан қолым қалт етсе болды, қызымды, құрбыларымды ертiп, сонда асығамын. Тамаша ғой. Жаның жадырап, бiр сергiп қаласың. Мұз айдынында алғашқы қадамын тәй-тәй басып жүрген қыздарды көрiп қуанып қайтам. Ендiгi үмiт – соларда. Тек жарты жолда тастап кетпесе екен. Жеңiс бiр күнде келмейдi, жеңiстiң жолы қашанда ауыр. Соны түсiнсе екен.
Өткен жыл мен үшiн сәттi жыл болды. Көп жылғы еңбегiм еленiп, Азия ойындарының ашылуына қатыстым. Астанадан екi бөлмелi пәтер алдым. Менiң спорттағы аздаған еңбегiмдi елеп-ескергенi үшiн бiздiң басшыларымызға, әрiптестерiме, ризашылығым шексiз. Қызым өсiп келедi, Жұлдызым биыл мектеп бiтiредi, – мұның бәрi менiң көңiлiме қуаныш сыйлайды және үлкен жауапкершiлiк жүктейдi, – дейдi Кенжеш саңлақ ағынан жарылып.
Кенжеш Сәрсекенова бүгiнде Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру iстерi агенттiгiнiң сарапшысы ретiнде спорт саласын дамытуға өз үлесiн қосып жүр. Реттi жерiнде өзiн толғандырар түйiндi мәселелер туралы пiкiрiн батыл жеткiзедi. «Нұр Отан» партиясының мүшесi ретiнде қоғамдық iстерге белсене араласады.
Оның мiнезi жайдары, әрқашан көңiлдi жүредi, достары көп, Кенжештi әрiптестерi де мақтан етедi. Қазақтың маңдайына бiткен, қатарынан екi Олимпиадаға қатысқан Кенжешiмiз мiне, осындай жан.
Дәметкүл ҚҰМАҚБАЙ,
журналист