Мәдениет

Көне мен жаңаны жалғаған

«Қазақстан» орталық концерт залында Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына қарасты «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблінің «Тәуелсіздікке арнау» атты концерті өтті. Кеш атауы айтып тұрғандай, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйым­дастырылды.

[smartslider3 slider=1179]

Аталмыш ансамбльдің көркемдік жетекшісі Бауыржан Ақтаев – ұлттық аспаптарды еркін меңгерген мультиинструменталист музыкант. Осы концерт тізгінін ұстаған ол сыбызғы, шаңқобыз сияқты аспаптарда ойнап, өнерін де көрсетті. Өнер ұжымы құрамында да талантты өнерпаздар жиналған. Мәселен, таяуда өткен Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы халық аспаптарында орындаушылардың VІІІ республикалық байқауында «Астана сазының» әртістері жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, Ардақ Елеусіз (домбыра) бас жүлдені, Аида Әбдуғали (прима қобыз) екінші орынды, Гүлнұр Рақымжан (қылқобыз) үшінші орынды алды. Ардақ Елеусіз жақында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты да атанды.

Ал Тәуелсіздік мерейтойына арналған концерт барысында Алтайдан Атырауға дейінгі кең-байтақ даламыздың музыкалық мұрасы әуеледі. Көрермендер сазсырнай, шертер, прима қобыз, қылқобыз, шаңқобыз, бас домбыра, ұрмалы аспаптар үніне құлақ құрышын қандырды. Көне мен жаңаның арасын жалғаған ансамбль Тоғжан Жахин, Әлқуат Қазақбаев сынды қазіргі композиторлардың ұлттық бояуы қанық шығармаларын тарту етті. Кеш қонақтары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін, «Қазақконцерт» солисі Дінисламбек Жайлаубаев Иса Байзақовтың «Желдірмесін» шырқады.

Кеш соңында Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры, белгілі әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы тәуелсіздіктің қадірі туралы айтып, тамаша кеш сыйлаған ансамбль мен көрермендерге алғыс білдірді. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Надежда Лушникова, танымал әнші, композитор Қанат Айтбаев, талантты театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, осы кешке еліміздің түкпір-түкпірінен келген көрер­мендер ыстық ықыластарын жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button