Мәдениет

Көне заманнан – бүгінге дейін

Астана қаласының мемлекеттік мұрағатында  ҚР Ата Заңы күніне орай «Ғасырлар елегінен өткен Қазақстан Конституциясы» атты көрме ашылды.

05

Онда Қазақ хандығы дәуі­рін­­дегі заңдар жиын­тығы, пат­ша­лық Ресей заманын­дағы дала заңдары, қазақтан шыққан тұң­ғыш заңгерлер тура­лы мәлі­мет­тер, «Алаш орда» пар­тия­сының бағдар­ламасы, Кеңес кезеңінің заңна­ма­лық актілері мен ше­тел­дік автор­лардың Қазақстан жөнін­дегі еңбек­терінен тұратын құнды құжаттар қосылды.
Көшпенділер заманынан тәуелсіз Қазақстан мемлекеті құрылғанға дейінгі кезеңді қамтып, еліміздің заңдық-құқықтық қалыптасуы мен дамуын көрсету мақсатында ашылған көрмеден Тәуке хан­ның «Жеті жарғы» заңының үзіндісінен бастап, Қазақ ханды­ғының картасын көре аламыз.
«Қазақтан шыққан алғашқы заңгерлер кімдер? Көрмені көруге келсеңіздер, бұл сұраққа да жауапты таба аласыздар. Ресейдің үздік жоғарғы оқу орындарында білім алып, бірнеше шақырылымдағы Мем­лекеттік дума депутат­та­рының құрамында ұлттық мүддені қорғаған тұңғыш қазақ заңгерлері туралы мұрағат құжаттары бұл көрмені айшықтап тұр. Аталмыш құжаттардың біразы ел назарына алғаш рет шығарылып отырғанын айта кетейін. Ахмет Бірімжанов, Жақып Ақбаев, Тұрар Рысқұлов, Жанша Досмұхамедов, Әлихан Бөкейханов, Уәлитхан Танашев, Барлыбек Сыртанов, Абдолла Теміров, Сәлімгерей Жантөрин, Айдархан Тұрлы­баев сынды Алашорда қайрат­кер­лерінің құжаттары, олар­дың «Айқап» журналында жа­­рия­ланған мақалалары көп­ші­лікті қызықтырары сөзсіз» дейді қалалық мұрағат­тың мұра­ғатшысы Шара Батталғазиева.
Бұл құжаттарға қоса, «Алаш орда» партиясының бағ­дар­ламасы мен 1917 жылы Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ съезінің нәтижесінде қабыл­данған партияның хаттамасы мен қарары, ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының фотосуреттері де орын алған. Көрмеде сол заман тынысынан хабар беретін басқа да мәліметтер молынан қамтылған.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button