Тағзым

КӨНЕЛІКТІҢ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТКЕН

КӨРНЕКТІ АРХЕОЛОГ-МАМАН КЕМЕЛ АҚЫШЕВТІҢ ТУҒАНЫНА – 90 ЖЫЛ

Кемел Ақышев

«Тарихнаманың анасы – археология» деген тәмсіл қай ғұламаның аузынан шыққаны тап қазір есімде жоқ. Әйтеуір, топырақ қабаты, қорым ақыры, қоныс табанында «араша» қалып, сан ғасырларды араға салып мына бізге жеткен бұлың-бұлың заманалардың жәдігерлерін іздеп табу, ізерлей қалпына келтіру оңай шаруа емес. Жазбаша түпнұсқалардан айырмашылығы – тарихи уақиғалар туралы куә-дүр әңгіме айтып, көзақы баян таратпағанымен, көместік мұ­нарындағы көне кезең, өткен тарих туралы ой-тұжырымдарға заттай айғақ тартады. Әсіресе, ой сауқатын таңбалап, тасқа қашап жазу машығы әлі шықпаған дәуірлерді немесе әліппе құрап, әріп ежелеп көрмеген халықтар тарихын тәпсірлеу үшін археология ерекше қаделі деген пікір қалыптасқан. Жазу машығы шамамен 5000 жылдай бұрын ойлап табылған, ал адамзат баласының оның алдындағы 2 миллиондай жылға пара-пар тарихы тек осы «айғақшы ғылым» арқасында ғана белгілі болған дейді ғалымдар. Әйтсе де, сол ежелгі жазба ескерткіштердің өздері – мысыр иероглифтері, желілі грек жазбалары, бабыл саз тақташалары, көне түрік құйындары, т.б. археологиялық қазба жұмыстарының арқасында «аузымызға түскен жеміс» екенін қайда қоямыз. Тіпті, алысқа ат терлетпей-ақ, төл жазуымыздың тарихын көк түрік­терден әріге, сақ дәуіріне дейін ысырып тастаған сына жазулы күміс тостағанды атақты Есік обасына қазба жұ­мыс­тарын жүргізу барысында тапқан атақты археолог-маман Кемел Ақышев емес пе еді!?.  Айтпақшы…

Әлемдік ғылым тарихындағы ең жарқын жиырма уақиғаның санатына іліккен, Д.Г.Мессершмидттің – 1722, Г.Шлиманның – 1869 және 1876, Г.Картердің – 1922, Т.Хейер­далдың 1947 жылдары ашқан жаңа­лықтарымен иық теңестіре ала­тын аса құнды археологиялық олжаны – әлмисақ абызы саналған «Алтын адамды» тауып, ғылыми дәлел­демелерін түзу негізінде түп­нұсқасын қалпына келтіруге көз­майын сарыққан көрнекті ғалым, білікті маман, тарих ғылымының
докторы, қазақ археология ғылы­мының негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышевтың туғанына биыл 90 жыл толды.

1924 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген ол бесіктен белі шықпай жатқанда жетімдіктің тақсіретін тартып, жастық шағын екінші жаһандық соғыстың жалынына шарпытады. Қиындыққа болаттай суарылып, құрыштай шы­ныққан Кемел оқу-білімге құмар­тып, алдына өрталап міндет қояды. Қан майданнан оралған бетте Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1950 жылы бітіріп шығады. Содан соң КСРО ҒА Археология институты Ленинград бөлімінің аспирантурасында оқып, 1953 жылы Эрмитаждың Ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғайды. Студент кезінен археологиялық қазба жұмыстарынан қалмай, қайла-күрегін бөктере «дала кезіп» жүрген Кемел Ақышұлы тұрақты ғылыми-зерттеу жұмыстарына табан тірейді. 1955 жылы Қазақ КСРО ҒА Тарих, архео­логия, этнография институтының археология бөлімінің меңгерушісі, содан кейін Әлкей Марғұлан атындағы ҚР ҰҒА Археология институтының бас (негізгі) ғылыми қызметкері болады. 2000 жылы Астана қаласына көшіп келіп, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде археологиялық реконструкция зертханасын жасақтайды.

Отандық археология мектебінің негізін салып, күллі Еуразия кеңіс­тігіндегі, дүйім Орталық Азия өр­кениеті жүйесіндегі көне Қазақ­стан­ның өзіндік орнын тың тұжырым, соны байламдарға негіздеген оның жарты ғасырға татырлық ғылыми ізденістері жолында сақ дәуірінен қалған жұрнақ – Бесшатыр обасы (б.з.б. VІ-V ғасырлар) мен ілкі қазақ тайпалары мәдениетінің заттай айғағы – Отырар қаласының (б.з. Х-ХІІ ғ.) табанын тауып, жәдігерліктерін әлемге танытуы өз алдына бір төбе болса керек. Әсіресе, ол жетекшілік еткен экспедиция мүшелері Есік қорғандарынан тауып алған теңдессіз олжа – «Алтын адам» жалпақ жаһан жұртшылығына қазақ елін танытып қана қойған жоқ, әлемдік археология жәдігерліктерінің қатарын ерекше дерекпен байытып, еуроұйық пайымды малданған, «дала өркениеті» деген ұғымға жартылай тағылықтың, тұрпайылықтың тұғырындай қарайтын сыңарезу, астам көзқарастарға күйрете соққы бере білді. Ұлтымыздың сан ғасыр­лық санаткерлігінің бастауында тұрған сол «Алтын адам» киімін­дегі сақ дәуіріне тән әр алуан әдіптегі ою-өрнектер мен бейнелі безендіру нақыштары қазіргі тәуелсіз тұрмыс, бостан бол­мысымыздың ызық нышандары, қастерлі бел­гі­лері ретінде мемлекеттік рә­міздер бөлігіне еніп, шынайы мақтанышымызға айнал­ға­нының өзі неге тұрады?!

Есейгеннен егде тартқан шағына дейін ерте және орта ғасырлар мәдениетін шұқ­шия зерттеп, Еуразия архео­логиясында жаңа ағым саналатын сатылы-тұрпатты үрдістегі «дала өркениеті» тұжырымын дәйектеу мақ­са­тында Қазақстанның да­ла­лық аудандарындағы көне қалалардың ғылыми жіктемесін жасап, кезеңдік сатыларын анықтау қамымен жүргенде, дәлірегі, 1998 жылдың күзінде Кемел Ақышев басқарған археологиялық экспедиция Астана қаласынан 5 шақырым жер­дегі Бұзықты көлінің жаға­ла­уы­нан (Қорғалжын жолы бойынан) байырғы мекен – Бозоқ қаласының жұртын тапты. Келесі жылы қазба жұмыс­тары басталып, бірегейлік си­па­тымен салынған Бозоқ қаласы – ежелгі Қазақстанның далалық жа­зықтарында да отырықшы тайпалар мекендеп, өркениетті тұрмыс кеш­кендігінің нақты дәлеліне жарады. Әсіресе, оның ерекше сәулеттік құрылымына: қоныс ендігінің үш бөліктен тұратынына, солтүстікте – тұрғын  жайлар мен өндіріс шайлалары, оңтүстік бөлігінде қорым орналасып, онда Алтын Орда зама­нының сорпа бетіне шыққан сарабдал тұлғалары жерленгеніне, тіпті, шетел ғалымдары да айрықша назар аударды. Көненің көзіндей, өткеннің өзіндей осынау ғажайып орта ғасырлық мәдениет ескерткіші – Бозоқ қаласының жұртынан табылған сәулет жұрнақтарын су шайып, жел үрлеп кетпес үшін қорық-музей ұйымдастыруға талаптанып,  шеті мен шегі жоқтай кабинеттерді жағалай, ірілі-ұсақты шенеуніктердің алдынан өтіп жүргенінде, 2003 жылы өзі  дүниеден озды.

Міне, енді артына әр алуан ауқымда жазылған екі жүзден аса ғылыми еңбек, он бес іргелі моно­графия қалдырған, аты-жөні «Қазақ­стан­ның құрметті Алтын кітабына» енген атақты археолог-маман, тарих ғылымының докторы Кемел Ақышұлының туға­нына 90 жыл толып отыр. Бұл, шын мәнінде, дара тұлға, жеке бір әулеттің ғана емес, әлемге танылған отандық археология мектебінің, бүкіл қазақстандық ғылыми ортаның мерейлі тойы. Осыған орай бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің №1 көрме залында археолог-ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған көрме  ұйымдастырылып, көзі тірісінде тапқан таңғажайып археологиялық олжалары, тұтынған заттары, фотосуреттер мен деректі материалдар қойылады. Ондағы мақсат – соғыс ардагері, көне тарихтың көкжиегін кеңейтуге ересен еңбек сіңірген ізденімпаз ғалымның аса бай мұрасы арқылы жас ұрпақ – жеткіншек буынның санасына елжандылық пен отаншылдық сәулесін түсіріп, табандылық пен талапшылдық рухына тәрбиелеу.

Сондай-ақ, осынау мерейтойлық шаралар аясында Қазақстанның бел­гілі ғалымдары – О.Ысмағұловтың, С.Жауымбаевтың, З.Самашевтің, М.Хабдулинаның, Ә.Төлеубаевтың, А.Бейсеновтің, В.Зайберттің, В.Варфоломеевтің және т.б. қаты­суымен дөңгелек үстел мәжілісі өтеді.

Зина ШАДАЕВА,

ҚР Ұлттық музейі Ақпараттық-имидждік жұмыстар орталығының редакторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button