ЖаңалықтарЭкономика

Көнерген көлік – көлеңкелі нарық

Елімізде әбден тозығы жеткен ескі автокөліктердің көзін жоятын арнайы жоба дайындалып жатыр. Өйткені, соңғы уақытта сырттан келетін ескі көліктердің саны күрт артып, нәтижесінде еліміз ескі көліктер «қоймасына» айналуға шақ қалды.

01

Отандық өнеркәсіпті дамытудың жолы

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 5 миллионнан астам жеңіл көлік тіркелген. Тек соңғы 3 жылдың ішінде Қазақстанға шетелден 1 жарым миллионнан астам автокөлік әкелінген екен. Алайда, сол көліктердің жартысынан көбі, яғни, 60 пайызға жуығы ескірген. Керек болса, шығарылғанына 20-25, тіптен
30 жыл болған көліктер айналымда жүр. «Бұл – өз кезегінде тұтынушылардың қауіпсіздігі үшін жасалып отырған шара. Сондай-ақ отандық автоөнеркәсіпті дамытудың бір жолы. Өкінішке қарай біздің елде ескі автокөліктердің көзін жою әдісі әлі енгізілмеген. Мәселен, Германияда ескі көліктің көзі жойылмайынша, есептен шығарылмайды. Ал бізде керісінше. Есептен шығарады. Ал ескі қаңқамен не істесең соны істе деген түсінік қалыптасқан» дейді Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау.
Сондай-ақ, вице-министр елімізде жыл сайын өндірілетін автокөліктің санын 300 мыңға жеткізу көзделіп отырғандығын айтады. Егер авто­өне­кәсіп қарқыны осындай дәрежеге жетсе, жыл сайын бюджет 5 млрд дол­ларға толығады екен.
Сонымен қатар, ескі көліктердің шамадан тыс көптігі ең алдымен экологиямызға орасан зор зардабын тигізіп отыр. Ескі көліктердің кесірінен елімізде ауаға жылына шамамен 200 мың тоннадан астам улы газ таралады. Ресми мәліметтерге сәйкес, респуб­лика бойынша 2016 жыл­дың 3 айында 3570 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл оқиғалардың көбі сол ескі көліктерге қатысты.
Ушығып тұрған экологиялық мәселені айтпаған күннің өзінде жер қойнауындағы қазба байлықтарды үнемдеп пайдалануға мүмкіндік бермек. Өйткені, бір бойында металл атаулының сан түрін жинақтап алатын бір көлікті қайта балқытып, шикізатқа айналдырудың пайдасы да шаш етектен. Шынысы мен резеңкесі, әртүрлі химиялық құрамдағы пластмассалары тағы бар. Елімізде қоршаған ортаға орасан көлемде зиян келтіріп жатқан 4625 қоқыс полигонының жұмысы реттеліп, еңсесі көтеріледі. Сонымен қатар, утилизацияға тапсырылған ескі көліктің өзі ғана емес, ішіндегі химиялық сұйықтықтар, қозғалтқыш майлары да белгілі ережеге сәйкес жойылатын болады.

Ескі машинаға өтемақы

Жыл басында Үкімет жанынан элек­тронды түрде тіркелген барлық мәлі­меттерге мониторинг жасап, ескі көлік­терді бөлшектеп, шикізатты қайта өңдеу жұмыстарымен айналысатын «Өндірушілердің кеңейтілген міндет­темелері» деп аталатын оператор орталық құрылды. Жаңа жоба жос­пар бойынша, мерзімі өтіп, жарамсыз күйге түскен ескі көлігін арнаулы орындарға апарып тапсырғандарға шамамен 300-350 мың теңге аралығында сертификат түріндегі өтемақы бері­леді. Қазақстандық автобизнес қауым­дастығының президенті Андрей Лаврентьевтің айтуынша, төленетін қаржы көлемі нарықтағы сатылып жатқан ескі көліктердің құны негізінде бекітіліп отыр. «Қазіргі уақытта тозығы жеткен ескі көліктердің нарықтағы құны орта есеппен 1 мың АҚШ доллары болады. Сертификаттар құнын белгілеу барысында осы көрсеткішті негізге алдық. Бұдан бұлай олардың қожайындары дилерлік орталықтарға жүгініп, көлігін утилизацияға тапсыра алады. Сол жерде оның құны жазылған сертификат беріледі. Бұл сертификатпен кез келген автокөлік салонына барасыз да қалаған тұлпарыңыз үшін алғашқы жарна ретінде төлем жасай аласыз. Қалған сомасын қолма-қол санап беріп немесе әртүрлі мерзімге несиеге рәсімдеп алуға болады. Сондай-ақ, жаңа көлік сатып аларда бастапқы жарна ретінде бір емес, бір­неше сертификаттың басын бірік­тіруге мүмкіндік бар», – дейді Қазақ­стандық автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев.
Берілетін əр сертификаттың жеке нөмірі болады. Ол арнайы сертификаттар базасына енгізіледі. Бұл алаяқтық іс-әрекеттердің алдын алу мақсатында жасалып отырған шара. Тағы бір айта кетерлігі, бұл сертификаттарды отандық қана емес импорттық машиналарды сатып алуға да болады. Тек алатын көлігіңіздің құны 30-40 мың доллардан аспаса болғаны.
Осы мақсатта еліміздеи автомобиль­дерді қабылдап, бөлшектейтін үш зауыт салынбақ. Жоспар бойынша, бұл зауыттардың біреуінің өзі жылына 40 мыңға дейін ескі көлікті қабылдайтын болады. «Қазіргі кезде біз бір зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Ол еліміздің оңтүстігінде орналасуы мүмкін. Кейін тағы екі зауыт салу жоспарда бар. Ол үшін қазіргі таңда инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ескі көліктер дұрыс жолмен, қоршаған ортаға зиян келтірмей бөлшектенуі тиіс. Министрлік мұны мұқият қадағалайтын болады. Өйткені, бізде ескі көліктер өте көп» дейді Энергетика министрлігі қалдықтарды басқару департаментінің директоры Жан Нұрбеков.

Жоба қашан басталады?

Жоба осы жылдың шілде айының бірінен бастап іске асырыла бастауы тиіс болатын. Алайда, алдағы бірнеше жылдың ішінде ел нарығындағы ескі көліктердің 80 пайы­зын кәдеге жаратып, ел экономикасына айтарлықтай табыс әкеледі деп күтілген құжат белгісіз себептермен тоқтап тұр. Энергетика министрлігі бекітпей жатыр. «Бағдарламаның негізгі мақсаты экологияны жақсарту. Автокөліктерді қайта өңдеу кәсіпорындары жоқтың қасы. Осы ретте тозығы жеткен көліктерді жинақтайтын көлеңкелі нарық бар. Ол жерде ешқандай да экологиялық норма сақталмайды. Ескі көліктерден арылу арқылы Қазақстанның автопаркі де жаңарады. Және тозығы жеткен техникалардың қатысуымен болатын апаттар азаяды. Тозығы жеткен ескі көліктерді жоюдың бағдарламасын Инвестициялар және Даму және Энергетика министірлігі, сондай-ақ Қазақстанның автобизнес қауымдастығы мен «ҚазАвтоПром» компаниясы бірілесе отырып әзірледі. Қазіргі таңда құжаттың техникалық-сараптамалық жұмыстары аяқталуға жақын. Тек министрліктің бекітуін күтіп отырмыз. Негізгі құжат бекітілгеннен кейін бағдарламаны бірден іске қосамыз», – дейді ескі-құсқы «салдырлақтар» мен істен шыққан көліктерді қабылдау және əрі қарай пайдаға асыру жұмыстарын жүргізетін «Оператор РОП» компа­ниясының басқарушы директоры Рустам Темірбек.
Алайда, кейбір сарапшылар бұл про­цестің жақында бастала қоймайтынын, басталды деген күннің өзінде ұзақ уақытқа созылатынын айтады. Тәуелсіз автомобиль жүргізушілері одағының төрағасы Эдуард Эдоков еліміздегі ескі көліктердің барлығын қайта өңдеуден өткізу үшін 3 емес, кемінде 10 зауыт керектігін айтқан болатын. Оның айтуынша, Қазақстанда ескі көлік өте көп. Барлығын утилизацияға жіберу үшін кем дегенде 10 зауыт қажет. Ел нарығын көне көліктерден толық тазарту үшін жылына кем дегенде 220 мыңнан астам көлікті утилизациядан өткізу керек болады екен. Ал үкіметтің дәл қазіргі уақытта жоспарлап отырған шредерлік зауыт құрылысының қуаты жылына 30 мың автокөлікті жою жоспарланған.
Оның үстіне арнайы орталықтың қоятын талабы тағы бар. РОП Операторының арнайы бекеті немесе бағдарламаға қатысатын дилерлік орталықтарына тап­сыратын ескі көлігіңізді өткізіп, қажетті сомаңызды алу үшін тапсыратын тұл­парыңыздың бас-аяғы бүтін болуы тиіс.
Яғни бағдарламаға қатысатын ескі көліктің рама (шасси), мотор, қозғалтқыш қорабы (коробка передач), дөңгелектер, аккумулятор, орындық, алдыңғы панель өз орынында тұруы керек. Апатты жағдайдағы көліктер де осы негізде қабыл­данады. Алайда, көліктің шығарылған жылына ешқандай да шектеу болмайды.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button