Имантаразы

Конфессияаралық келісім – әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың негізі

Азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар мұндай мәселеге жауаптылықпен қарап, заңсыз миссионерлердің қандай да бір әрекетін байқаса, өзінің құқығын қорғап немесе елдің заңнамаларын көпе-көрінеу аяқасты етуші адамдарды және оған жол берушілерді көрген жағдайда немқұрайдылық танытпай, құзырлы органдарға дер кезінде хабар берсе қоғамды іштен ыдыратар кей факторлардың алды алынар еді.

Дінсіз адам болғанымен, дінсіз қоғам болмайды. Адамзат баласы жаратылысынан бері тылсым дүниеге, көзге көрініп, қолмен ұстауға келмейтін жаратылыс иелеріне және ғаламдағы жаратушы бір күштің бар екеніне сеніп келді. Тарихтан бүгінгі күнге дейінгі діндер санын нақты айту мүмкін емес. Алайда буддизм, христиандық және ислам діні әлемдік дін статусына ие. Дін саласында жүргізілген зерттеу қорытындыларына сәйкес жаһан жұртының 33 пайызы христиан, 19,6 пайызы ислам, 13,4 пайызы индуизм, 6,4 пайызы қытай этникалық діндерін, 5,9 – буддизм, 3,6 пайызы этникалық және 1,7 пайызы жаңа азиялық діндерді ұстанады.

Қазақстанда 2011 жылғы дерекке сәйкес, 46 конфессиядан тұратын 4551 діни бірлестік тіркелген. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қайта тіркеу нәтижесінде діни бірлестіктер 17 конфессияға жіктеліп, саны бойынша 3088-ді құрады. Яғни, қайта тіркеу жұмыстары нәтижесінде діни бірлестіктердің үштен бірі қысқарды. Оның ішінде Астана қаласындағы діни бірлестіктер саны 55-тен 47-ге азайды. Атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты – 7 мешіт, Орыс православиелік шіркеуіне қарасты – 5 діни бірлестік, католиктік – 4, протестанттық – 28, иудаизм – 1, бахаи – 1 және кришнаиттік – 1 діни бірлестік тіркелген.

Аталған діни бірлестіктердің 28-інде құлшылық ғимараттары бар, өзгелері офис, пәтер, т.б. жалға алып, ғибадат рәсімдерін өткізеді. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 9-бап, 2-тармағына сәйкес биыл 2 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту және «Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 745 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» № 320 қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекіту туралы шешім беру жергілікті әкімдіктердің Ішкі саясат басқармаларының құзырына енгізілді. Қазіргі таңда аталған қаулыға сәйкес жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету мәселелері пысықталуда.

Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орында, қойнауы табиғи ресурсқа бай, халқы кең пейілді еліміз 130-дан аса ұлт пен ұлыстың басын қосып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын біртұтас қоғам құруды басты бағдар етті. Елорда төрінде дүние жүзіндегі діндер мен мәдениеттердің қақтығысын дәлелдейтін түрлі гипотеза мен фобияға соққы беріліп, өркениеттер мен діндерді үнқатысуға жетелейтін алқалы басқосулар өткізіліп келеді. Мұның айқын дәлелі ретінде 2003 жылдан бастап әр үш жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келетін «Әлемдік діндер мен дін көшбасшыларының дәстүрлі съезін» айтуға болады. Елбасы 2006 жылы 12 қыркүйекте өткен Әлемдік діндер мен дін лидерлерінің ІІ съезінде «Халықты саяси жұмылдыру үшін дінді пайдалану – бұл тарихта сан рет қайталанған қадам. Әрдайым қасіретпен аяқталған қадам. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің айрықша жауапкершілігі мынада, діни уағыздар саяси жанжалдарға бастамасын, оларды мемлекеттік құрылымдар мен астыртын ұйымдар өздерінің құдірет ісінен алыс міндеттерін шешу үшін пайдаланбасын» деді. Расында да дін атын жамылған кейбір топтар азаматтарды елдің басшылығына, заңдарына қарсы қоюда. Алқалы басқосуға қатысушылардың барлығы келешекте де бейбітшілік үшін тізе қосып қызмет ететінін, жаһан жұртының ынтымағын ту ететінін айтып, соңынан ерген өз жамағаты мен әлем халқын бейбітшілікке ша­­қыруда. Астана тө­­ріне жи­нал­ған әлем­­­дік дін ли­­дер­­­­­­­­ле­рі­ бей­­біт­­­шіл­ си­­­пат­­­­та­ жа­­­һан­ жұрт­­­шы­­­лы­­­ғына үн қатты. Ғасырлар бо­йы қырғи-қабақ болып келген кей­бір дін өкілдері бір үстелдің басына отырып, кикіл­жіңді қойып, ын­­тымақтасуға уағдаласты. Бұл отанымыздың имиджіне оң әсер етіп қана қоймай, әлемдік татулықтың нығая түсуіне де серпін берді.

Тәуелсіздіктің жиырма бір жылында діни бірлестік пен шет елдік миссионерлердің саны күрт өсті. Тұралаған экономикалық жағдайды жақсарту жұмыстары дін таратушылардың жолын бөгеуде кенжелеп қалуымызға себеп болды. Түрлі жолмен шет ел асып, жылдар бойы жат жұртта діни іліммен қаруланған азаматтарымыз елге оралып, коммунистік жүйенің дінсіздендіру саясатының құрбанына айналған азаматтар санасын сан-саққа бұрды. Бұлардың көбісінің арқасында түпкі мақсаты айрандай ұйып отырған мемлекеттің тұтастығына селкеу түсіріп, өз мүддесін іске асыруды көздейтін жымысқы топтар тұр еді. Діни алауыздық пен дәстүрден ауытқушылық қоғамды іштен ыдыратып, ғасырлар бойы жалғасып келген отбасы институтының бекемдігіне сызат түсірді. Діни ақпараттардың еркін таралуы, ол ақпараттың көбінесе жастарға бағытталуы буынаралық байланыстың әлсіреуіне себеп болды.

Көзі қарақты азаматтар соңғы жиырма жылда дінді ұстанушылар санының күрт өскенін, оның басым бөлігі жастар екенін жақсы біледі. Жаһандану үрдісінде тасқындай ағылған ақпараттар легі жаңа технологияны еркін меңгеріп, жаңашылдықты білуге құштар жастарымыздың санасына интернет желісі арқылы әсер етуде. Буыны бекіп, әлеуметтік ортада толыққанды қалыптаспаған кісіге қандай да бір идеяны сіңірудің оңай екендігін тарих ғылымы әлдеқашан дәлелдеген. Діни еркіндіктің соңы дін атын жамылып, ел азаматтарын өз отанына, оның зайырлы заңнамаларына айдап салушыларға мүмкіндік сыйлады.

Діни экстремизм мен терроризм, азаматтардың рухани тұрғыдан радикалдануы – мемлекеттің тұтастығына сызат түсіретін ең үлкен қауіп. Бұл дертпен күресті нәтижеге жеткізетін, теріс пиғылды идеялардан құтқаратын негізгі жол – тұрғындар арасында сауатты сана қалыптастыру. Дін атын жамылған теріс идеология мен экстремистік ақпараттар тасқынынан тиімді жүргізілген профилактикалық шаралар арқылы қорғануға болады. Бұл ретте, Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы дін саласындағы мемлекеттік қоғамдық мекеме өкілдерімен бірлесіп Елордадағы діни ахуалдың жақсаруы үшін қызмет атқарып келеді.
Теріс пиғылды ағымдармен күресетін мамандардың кәсіби сапалы, интеллектуалдық, ғылыми және коммуникабельдік тұрғыдан озық деңгейде болуы қажет. Осыған орай, Елордада ағымдағы жылдың бірінші жартысында дін саласында қызмет атқаратын мемлекеттік, қоғамдық мекеме қызметкерлері және діни бірлестік өкілдеріне арналған бірқатар біліктілікті арттыру шаралары ұйымдастырылды.

Экстремизм мен терроризм ойларының алдын алу, тұрғындар арасында сауатты сана қалыптастыру жолында бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі айрықша. Медиа кеңестікті дұрыс қолдану арқылы жат пиғылды идеяларға соққы беріп, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Сондай-ақ, халықтың көзі, құлағы және һәм тіліне айналған баспасөз өкілдерінің дін саласында барынша сауатты, мәселенің проблемалық және заңнамалық қырларын жетік білуі қажет. Осы орайда, үстіміздегі жылы 30 сәуірде «Бейбітшілік және келісім сарайында» Астана қаласының әкімдігі және Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігінің ұйымдастыруымен діни тақырыпта маманданған республикалық БАҚ өкілдеріне арналған семинар-тренинг өтті. Шара соңында 40 кісіге арнайы сертификат табысталды.

2012 жылы 15 наурызда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының Дін істері департаменті және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында «Астана қаласында конфессияаралық келісімді нығайту, дін саласында ақпараттық-ағарту жұмыстар жүргізу бойынша өзара ынтымақтастық туралы» үш жақты меморандумға қол қойылған болатын. Аталған меморандумның негізінде, үстіміздегі жылы 2-4 мамыр күндері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында «Діннің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі мен орны» атты біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Қазақ және орыс тілдерінде жүргізілген курсқа дін саласында қызмет етуші мемлекеттік мекеме, қоғамдық ұйым және діни бірлестіктерден жалпы көлемі 100-ге жуық кісі қатысты. Үш күнге созылған біліктілікті арттыру курстары диалог негізінде, аса тартысты өтті. Шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар мен ақпараттық материалдар табыс етілді.

Елорда көлемінде 2013 жылдың бірінші жартысында жоғары оқу орындарының жастары, елді мекен тұрғындары арасында экстремизм мен терроризмге қарсы профилактикалық шаралар да өз жалғасын тапты. Бұған мысал ретінде биылғы сәуір-мамыр айларында елордада орналасқан 14 жоғары оқу орны мен бірнеше елді мекенде кездесулер өткенін атап өтуге болады. Шараға «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық Партиясы жанындағы «Қорғаныс қабілетін арттыру және қауіпсіздікті нығайту» бағыты бойынша сараптама тобының елімізге белгілі, өз ісінің маманы ретінде танылған Қ.Сүлейменов, Ж.Жарасов, М.Әзілханов, Т.Айжұлов, К.Адамбеков, Е.Қалиев, С.Темірболатов сынды мүшелері мен Қ.Сұлтанов, С.Сейдуманов, Ж.Дәуренов, Е.Смағұлов және Т.Козырев сияқты мемлекеттік қызметкерлер мен сарапшы-мамандар қатысып, жастармен келелі кеңес өткізді. Кездесу барысында жастарды алаңдатқан әртүрлі сауалдарға жауап берілді.

Биыл Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының жанынан «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік мекемесі құрылды. Қазіргі таңда мекеменің құрамы тәжірибелі дінтанушы, заңгер, психолог мамандармен толығып, өз істеріне кірісіп те кетті. Бұл мекеменің іске кірісуімен келелі істер жалғасын табады деп күтілуде. Дінтанушы, психолог мамандардан құралған мекеме деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық, ақпараттық және құқықтық көмек көрсетіп қана қоймай, ғылыми-зерттеу және талдау орталығына айналатын болады.

Қорытындылай келгенде, дін саласында, конфессияаралық келісімді насихаттау, елдің рухани кемелденуі мен азаматтардың діни бостандығын қамтамасыз ету мәселесі бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Бұл мәселе белгілі бір мекеменің немесе осы салада қызмет етуші санаулы азаматтың бас ауыртатын мәселесі болмауы тиіс. Елдің тыныштығы, сан ғасырлар қорған болып, бүгінгі ұрпаққа ата-бабадан мұра болып жеткен қастерлі отанымыздың тұтастығы, елдің ауызбірлігі, азаматтардың бас амандығы – баршамызға ортақ іс. Азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар мұндай мәселеге жауаптылықпен қарап, заңсыз миссионерлердің қандай да бір әрекетін байқаса, өзінің құқығын қорғап немесе елдің заңнамаларын көпе-көрінеу аяқасты етуші адамдарды және оған жол берушілерді көрген жағдайда немқұрайдылық танытпай, құзырлы органдарға дер кезінде хабар берсе қоғамды іштен ыдыратар кей факторлардың алды алынар еді.

Болат ТІЛЕПОВ,
Астана қаласы Ішкі саясат
басқармасының басшысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button