Мәдениет

КӨҢІЛДІ КИЛОМЕТРЛЕР

Бұл ойында ереже екеу-ақ. Бірі – мәреге жеткеніңде үстіңде бояу жұғылмаған жер қалмау керек, ал екіншісі  – шара бойы көтеріңкі көңіл-күйді еш жоғалтпауға тиіссің. Әңгімеміздің өзегі «Жарқын кросс» атты дәстүрлі қайырымдылық марафоны екенін ә дегеннен түсінген шығарсыздар?! 

Аталмыш уақиға сенбі күні Астаналық саябақта өтті. Елорда әкімдігіне қарасты ішкі саясат, спорт және мәдениет бас­қармаларының мұрындық болуымен ұйымдастырылған марафонға бір жарым мыңға жуық адам қатысты.
– Осындай игі шараға атса­лысып жатқаныма қатты қуа­ныш­тымын. Әсіресе, біз­дер, яғни, жастар үшін қа­йы­рым­дылыққа жол ашатын нәрселермен айналысу – зор мәртебе. Марафон жарнасына төленген қаржының бәрі Астанада ағаш отырғызуға жұм­­салатынын естідім. Туған қаламыздың көркеюіне тыр­нақтай үлес қосудың өзі үлкен ғанибет қой, – деп ағынан жарылды еріктілердің бірі, Поли­техникалық колледждің студенті Әли Сапарбеков.
Ал елордадағы «Посади де­­­ре­­­во» қоғамдық бірлестігі директорының орынбасары Земфира Низамутдинова биылғы «Жарқын кростың» су үнемдеуге де бағытталғанын айтты. Бұқараға су туралы тиімді ақпарат беру мақсатында брошюралар таратылды.
Шараға жиналған жұрт­шы­лықтың жүзінен шат-шадыман эмоцияны аңғару қиын емес-ті. «Сөреге келіңдер!» деген хабарды тағатсыздана тос­­­қан олар кеуделеріндегі рет­тік санға сай қаз-қатар тұра қалысты. Белгі беріле са­лы­­сымен алға ұмтылып, «кемпірқосақ әлеміне» қарай асыға жүгірді. Ойын шарты бойынша, қатысушылар бес шақырым жолды еңсеруі қажет. Жолай бес бекет орналасқан. Онда еріктілер бес түрлі бояу­­ды әзірлеп тұрып, өтіп бара жатқандардың үстінен қызылды-жасылды «жаңбыр» жауғызады. Көз алдың – қып-қызыл, сап-сары, көкпеңбек… Құдды бір мультфильмнің ортасына түсіп кеткендейсің. Түрлі түсті «түтіннің» ішімен мәреге табан тірегенде, миссия толықтай орындалады.
Айтпақшы, бояу дегеннен қорықпаңыздар. Ол – табиғи қоспалардан дайындалған ұн­тақ. Теріге еш зияны жоқ. Абайсызда мұрын мен ауызға кіріп кетсе де, түк ыңғайсыздық тудырмайды.
Шара тамаша флешмобпен тәмамдалды. Марафоншылар өздеріне үлестірілген бояу ұн­тақ­ты уыстап, бірдей уақытта көкке шашқанда, әлгі аумақтың үстінде түрлі түсті бұлт пайда болды. Акцияның ең айрықша әрі есте қаларлық бөлігі де осы болғаны даусыз.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button