Мәдениет

КӨҢІЛДІ ТОЛҚЫНДАТҚАН КЕШ

1347858068_dsc_0749-kz

Астана қаласы Мәдениет басқарма­сының қолдауымен «Қазақстан» орталық концерт залында белгілі күйші-композитор Секен Тұрысбектің «Қазақ елі» атты өнер кеші өтті. Күйшінің төл перзенті – «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі сүйемелдеген қойылым баршаға сүйікті «Көңіл толқыны» күйімен ашылды.

Әрі қарай «Батыр Баян» көркем фильмінің музыкалық әрлеуіне қолданылған «Дарабоз», Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» шығармасы туындатқан «Аруана», өнердегі ағаларын аңсатқан «Жазғы қар», «Көк бөрі», «Ақ жауын» күйлерімен жалғасты. Сонымен бірге күйшінің ұстазы Малғаждар Әубәкіровтің «Талас», Секен ағамызға батасын берген Төлеген Момбековтің «Салтанат», Сейдолла Бәйтерековтің «Кішкентай» шығармалары мен Тілептің «Аққу», Жантөренің «Шалқыма», Ермұрат Үсеновтың «Кербез сұлу» туындылары күмбірлеп, сыбызғы күйлері орындалды. Күй төгілткен адамдардың арасында концерт иесімен консерваторияда бес жыл бірге оқыған белгілі күйші Айгүл Үлкенбаева да болды.

Секен Тұрысбек бірқатар танымал ақындардың сөзіне ән жазған екен. Әсіресе, Несіпбек Айтұлы екеуі біраз ән туындатыпты. Сол әндерді Дәлел Уашев, Клара Төленбаева, Ерлан Рысқали, Тамара Асар, Рамазан Стамғазиев сынды өнер жұлдыздары көрермендерге жеткізді. Ал, сөзі мен әнін күйші-композитордың өзі шығарған «Аққу сазы» әнін Гүлмира Сарина нақышына келтіріп орындады.

С.Тұрысбек кеште өзінің бұрын-соңды елге көрінбеген әншілік қырын да ашты. Ұлықбек Есдәулеттің өлеңіне жазылған «Аяқталады бәрі де» әнін үлкен толғаныспен шырқаған ол өмірдің өткінші екенін тағы еске салды. Мемлекеттік «Наз» би театры кешті бимен көркемдеді.

«Секен – бармағынан бал тамызған ұлы күйші». Бұл – мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың кеш соңында айтқан пікірі. Осыған келіспейтіндер де табылатын шығар, алайда, көбісі осы пікірге қосылатыны сөзсіз. Әсіресе, концерттен кейін досына жыр арнаған ақын Несіпбек Айтұлы бұл пікірді қоштайды.

Тек жыр ғана емес, күйшіге майлы бояумен салынған суреті де тарту етілді. Суретші Кәміл Моллашұлы Секен Тұрысбекке деген құрметін осылай білдірген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button