Басты ақпарат

«КОНГРЕСС-ХОЛЛ» ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

Кезінде Астананың ең үлкен залы болған Конгресс-холл 2010 жылы Астана Мемлекеттік академиялық филармониясына берілгені белгілі. Енді ғимараттың маңдайшасындағы бұрынғы атауы «Астана» концерт залы» болып өзгермек. Осыған байланысты нысанның қасбетіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

????????????????????????????????????

Конгресс-холл бұрын Тың игерушілер сарайы болғанын байырғы тұрғындар жақсы білсе керек. Кейін жаңа шаһардың бітім-болмысына байланысты 1998 жылы қайта түрленіп, Астананың айшықты нысандарының біріне айналды. Тіпті «Конгресс-холл» атауымен мемлекеттік мекеме де құрылды. Алайда 2010 жылы осында Астана Мемлекеттік филармониясы көшіп келуіне орай екі мекеме бірігіп, соңында «Конгресс-холл» жеке мекеме ретіндегі қызметін мүлде тоқтатты. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде бұл ғимарат түгел – филармонияның еншісінде.
«Конгресс-холл» деген мәжілістер, ресми жиындар өтетін орын деген мағынаны білдіреді. Ал мұнда көбіне әншілердің, өнер ұжымдарының концерттік бағдар­ламалары ұйымдастырылып жүр. Филармонияның концерті де осында өтеді. Бірақ жұртшылық кейде филармонияның қайда екенін білмей, шатастырып алатыны бар. Сондықтан ғимараттың маңдайшасындағы жазуды өзгертпекшіміз. Бұл туралы қала әкімінің қаулысы шықты. Ал нысанның қасбетіндегі үлкен экранға «Филармония» деген жазу тұрады, айналасы қазақтың ою-өрнегімен көркемделетін болады» дейді Астана Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры әрі көркемдік жетекшісі Сәкен Абдрахманов.
Иә, ғимараттың атауы өзгергенімен, Астана Конгресс-холсыз қалмайды. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрме аумағында жаңа Конгресс-холл ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы жақында жаһандық көрменің дамуына орай өткен жиында айтылды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button