Конкур – сәйгүліктер сайысы

Республика күнінде «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде конкурдан республика чемпионаты өз мәресіне жетті.
Ел чемпионатының жүлдегерлерін Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов, Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев және республикалық Ат спорты федерациясының президенті Дәурен Асхат құттықтады.
Елдің түкпір-түкпірінен 80-ге тарта жиналған үздік спортшы түрлі биіктіктегі 8 бағытта өз шеберлігін көрсетті. Ел чемпионатының алғашқы күнінде 40-қа жуық спортшы мен сәйгүлік өнер көрсетіп, жүлде алды.
– Ат спортының бұл түрінен турнир Астанада алғаш рет өтіп отыр. Бұған дейін Алматы қаласында ғана ұйымдастырылатын. Чемпионатта үздік нәтиже көрсеткен шабандоздар ұлттық құрамаға қабылданып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды, – деді Ат спорты федерациясының президенті Дәурен Асхат.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 26 миллион теңгені құрады. Чемпионат қорытындысы бойынша 140 сантиметр биіктікте елордалық спортшы Нұрила Тұрысбекова «Кандинский» есімді сәйгүлігімен жеңіске жетті. Дәл осы бағытта Астана қаласының тағы бір спортшысы Азамат Хасенов «Фандорин» атымен күміс медальді қанжығасына байлады.
Кедергілердің биіктігі 145 сантиметр болатын «Top Score» бағытында Астана қаласының спортшыларына медаль бұйырмады. Бұл сында бірінші орынды Қырғызстаннан келген Камиль Сабитов «Фигаро» атымен алды. Екінші және үшінші орынды алматылық Ясмин Ибрагимова («Ирвинг Де Дам») және қырғызстандық Андрей Тряпицин
(«Флоризель») өзара бөлісті.
Кедергілердің биіктігі 150 сантиметр болатын гран-приде Қырғызстан шабандоздарының бағы жанып, алтын және күміс медаль алды. Қола медальді алматылық Ислам Исламов «Диаз VIII» атты сәйгүлігімен еншіледі.