30 тамыз - Конституция күні

Конституция көшесінде тұрамыз…

Елорданың оң жақ жағалауында орын тепкен, көне көшелердің бірі – Конституция көшесі. Еліміздің басты құжаты – Ата Заңның құрметіне аталған көшенің тарихы және қазіргі жағдайымен жергілікті тұрғындар бөлісті.

[smartslider3 slider=3844]

Конституция көшесі Ақбұғы көшесінен басталып, Сыдық Мұхамеджанов, Аманқарағай, Шабал Бейсекова, Үшқара, Әбубәкір Диваев, Күләш Байсейітова көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1261,1 м.

Қаладағы көне деп саналатын көшенің ғасырлық тарихы бар. Сонау 1936 жылы Сталин Конституциясы қабылданғаннан кейін Кеңес Одағы құрамындағы елдердің көптеген көшесі осы айтулы оқиғаның құрметіне аталды.

Нұр-Cұлтан қаласының мемлекеттік архивінің мәліметінше, қазіргі Конституция көшесі бұрын сталиндік Конституция көшесі деп аталған. Ақмола қалалық депутаттар кеңесінің атқару комитеті отырысының 1956 жылғы 10 ақпандағы хаттамасына сәйкес, сталиндік Конституция көшесін Кеңестік Конституция деп қайта атау туралы шешім қабылданды.

40 жылдан астам уақыт өткен соң, Ақмола қалалық мәслихатының 1997 жылғы 5 қарашадағы шешімімен Кеңестік Конституция көшесі Конституция көшесі болып өзгертілді.

Ата заң қабылдағаннан кейін Конституция аты берілген көшенің бүгінде ғимараттары да, үйлері де ескінің бейнесі іспетті.

Жиырма жылдан аса осы көшеде тұрып келе жатқан Наталья есімді қала тұрғынының айтуынша, бұрын барак түріндегі үйлер болған. «Біздің көшеде «Восход» кинотеатры мен ГазБанк ғимараты болған. Кейін олар бұзылып, бес қабатты кірпіш үйлер салынды. 1970 жылы салынған көне үй әлі де бар» деді қала тұрғыны.

Сондай-ақ бұл көшеде №26 мектеп-гимназия мен Көлік және коммуникация колледжі орналасқан. 2019 жылы қаладағы ең үздік колледж деп танылған оқу орнынан жылда төрт жүзден аса жас маман түлеп ұшады. Тұрғындардың айтуынша, колледж бұрын теміржол мектебі болған.

«Аудандық атқару комитеті де болған. Онда АХАЖ бөлімі болатын. Күйеуім екеуміз сонда некемізді қидық. Бұл жерде шағын базар болды. Шерулер өтіп, жәрмеңкелер ұйымдастырылып, киіз үйлер тігілетін еді» деп еске алды Наталья.

Көше бойында «Жас батыр» спорт кешені бой тепкен. Былтыр спорт кешені аумағында қазақтың тұңғыш кәсіпқой балуаны – Қажымұқан Мұңайт­пасұлының 150 жылдығына орай жасалған тас мүсін бой көтеріп, қазірде менмұндалап тұр.

2000 жылдардың лебі сезілетін Конституция көшесі бүгінгі таңда абаттандырылған. Алайда қала тұрғыны Жәния Садық жөндеу жұмыстарының сирек жасалатынын алға тартады.

– Аулаларда балалар ойнайтын алаңқайларды жаңарту қажет. Немерелерім ойын іздеп басқа үйлердің ауласына кетеді. Біраз жыл бұрын қойылған темір қайық пен пойыздың тозғаны соншалық, балалар талай құлап жарақат алған.

Қойнауы құтты, тарихы тереңде жатқан, Ата Заңның аты берілген көшенің жайы – осы. Тұрғындардың басым бөлігі үшін бұл көше ыстық болып келеді. Дегенмен, қаланың көркеюі көшенің келбетіне байланысты. Сондықтан «Конс­титуцияның» жаңғырғанын көпшілік армандап отыр.

Индира Бержанова

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button