Басты ақпарат

КОНСТИТУЦИЯ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗІ

Қолданыстағы Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 27 жыл болады. Бұл құжаттың басты ерекшелігі – онда құқықтық, демократиялық мемлекеттің қалыптастырылу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде жеке адамның жан-жақты еркіндігі, қоғамның идеологиялық және саяси әр алуандағы, экономикалық қатынастардың орнығуы әлемдік талаптарға сәйкестендірілген.

[smartslider3 slider=3834]

 

Мемлекет бас­шысы Қ.Ж.Тоқаев осыдан екі жыл бұрын ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысып айтқанындай: «Конституция Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапты».  Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның мазмұны уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отыратынын, оның заңды құбылыс екенін айтты. Бүгінде бүкіл әлемнің кескін-келбеті өзгеріп жатыр. Осындай кезеңде Қазақстан да көштен қалмай, қарқынды дамуда. Сондықтан қалыптасқан жаңа ахуалға сай Ата заңның мәтініне қосымша құқықтық тетіктер мен нормалар енгізіліп отырады. Ата Заңымыз қабылданған ширек ғасыр ішінде үш конституциялық реформа жасалды. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам кең көлемде атсалысты. Бірақ олардың барлығы тек Парламенттің шешімімен ғана жүзеге асырылды. Биылғы, төртінші конституциялық реформаның ерекшелігі – ол бүкілхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылып отыр.

Түзетулердің алғашқы блогы суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді қамтамасыз етеді. «Біріншіден, Президент өз өкілеттігі кезеңінде ешқандай саяси партия құрамында болмайды. Бұл тыйым Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, сондай-ақ ҚР жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне қолданылады. Түзетудің артықшылығы – саяси бәсекелестікті күшейту және барлық саяси партиялардың дамуы үшін тең жағдай жасау. Екіншіден, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды. Үшіншіден, Президенттің аудандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босатуға құқығы болмайды» деп түсіндірді ҚР Мемлекеттік хатшысы (қазіргі Мемлекеттік кеңесші) Ерлан Қарин.

Түзетулердің екінші блогы бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуге бағытталған. «Біріншіден, Сенаттағы президенттік квота 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарады. Бұл ретте олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болады. Екіншіден, Сенат Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Сот Кеңесі төрағаларының қызметіне Президент енгізетін кандидатураларды мақұлдай алады. Үшіншіден, Конституциялық сот құрылады. Конституциялық сот 11 судьядан тұрады – бұл қазіргіден төрт адамға көп. Оның құрамы былайша құрылады: 6 судьяны Парламент тағайындайды, төрт судьяны Президент тағайындайды, Конституциялық Соттың Төрағасын Сенат келісімімен Президент тағайындайды. Төртіншіден, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылады. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында есеп береді. Мұндай шара депутаттардың бюджетті бақылауын кеңейтеді» деп түсіндірді Ерлан Қарин. Түзетулердің үшінші блогында Парламент пен оның палаталарының рөлі мен мәртебесін арттыру туралы айтылады.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа ауыстырылып, 9 депутаттан 5 депутатқа дейін қысқаратынын еске салды. Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланатын болады. Мәжілістің 30%-ын бір мандатты депутаттар құрамақ. Бұл барлық азаматтардың құқықтарын толық ескеруге мүмкіндік береді. «Мәжіліске заң қабылдау, ал Сенатқа оларды мақұлдау немесе мақұлдамау ұсынылады. Бұл саяси жүйедегі кедергілер мен тепе-теңдік тетігін нығайтады» деп атап өтті Ерлан Қарин.

Конституцияға енгізілетін түзетулердің төртінші блогы халықтың ел басқару ісіне көбірек қатысуын көздейді. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке Президент осы өңірдің барлық мәслихаттары депутаттарының келісімімен ғана тағайындайтын болады. Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, олар бойынша дауыс беру өткізіледі. Ең көп дауыс алған кандидат лауазымға тағайындалады. Түзетулердің бесінші блогы азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге бағытталған. «Біріншіден, Конституциялық сот азаматтар өтініші бойынша ҚР құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады. Екіншіден, өлім жазасын конституциялық деңгейде жою туралы шешім түпкілікті бекітіледі. Үшіншіден, прокуратураның жұмысы Конституциялық заңмен белгіленеді. Бұл жүйелі құқық қорғау қызметін және мемлекет атынан ел аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды күшейтеді» деді ол. Төртіншіден, адам құқықтары жөніндегі уәкіл иммунитетке және қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға тәуелді болмау және есеп бермеу кепілдіктеріне ие болады. Оның Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы болады.

 

Ата Заңымыз қабылданған ширек ғасыр ішінде үш конституциялық реформа жасалды. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам кең көлемде атсалысты. Бірақ олардың барлығы тек Парламенттің шешімімен ғана жүзеге асырылды. Биылғы, төртінші конституциялық реформаның ерекшелігі – ол бүкілхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылып отыр

 

Қазақстан Конституциясының басты тарихи маңызы еліміздің ұлттық бірлігін нығайту мен қоғамымызды одан әрі демократияландыруға ерекше көңіл бөлуі дер едік. Оған елімізді мекендеген жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің барлық мүдделерінің қорғалып отыр­ғандығының нәтижесі дәлел болып отыр. Қазақстан халықтарының біртұтастығы, ұлтаралық келісімі, мемлекеттікті одан әрі нығайту, дамыту аясында ерекше маңызды орын алады. Түрлі ұлыс­тардың өкілдері тұрып жатқан ел халқының басын біріктіру, оны күнделікті жүзеге асыру Конституция тұжырымдамалары мен баптарында жан-жақты қарастырылған. Өткен XX ғасырда Қазақстанда бес Конституция қолданыста болды, олар: Қазақ АКСР-нің 1926 жылғы Конституциясы, Қазақ КСР-нің 1937 жылғы Конституциясы, Қазақ КСР-нің 1978 жылғы Конституциясы, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы және қазіргі қолданыстағы 1995 жылғы Конституция. Қазақстанның конституциялық құрылысының бұрынғы табыстары мен жетістіктері, сонымен қатар олқылықтары мен сәтсіздіктері де бүгінгі таңда бірдей бағалы дүниелер. Егеменді еліміздің 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданған алғашқы Конституциясы мемлекет тәуелсіздігін бекітіп, оның негізіне парламенттік рес­публиканың билігін қалап, ішінара президенттік басқару нысанын орнықтыр­ды. Бір қарағанда, ол Конс­титуция демократиялық мемлекет пен нарықтық экономиканы қалыптастыру үшін қажетті заңдық негіздерді құрды, бірақ екінші жағынан – заң шығарушы және атқарушы биліктердің өкілеттігі, жерге жекеменшік және азаматтық, мемлекеттік тіл және т.б. туралы мәселелер шешімін тиісті деңгейде таппаған болатын. Дегенмен де отандық конституциялық доктринаның қалыптасуына 1993 жылғы Конституцияның оң ықпал еткені даусыз, оның көптеген кемшілігi мен шикі тұстары сол мерзімдегі объективті себептердің салдары болды деп білеміз. Сөйтіп, бұл бірінші Ата Заңның елеулі жетіспеушілігі мен кемшілігі де бар еді. Оған басты себеп – бұрын еркіндік билігі қолына тимеген, оның дәмін татпаған, оған тиісті әзірлігі болмаған елде Ата Заңды асықпай, терең және жан-жақты байыппен қарап қабылдауға белгілі бір уақыт қажет еді. Осыған қарамастан Конституциялық заң жүйесін қалыптастыруда, ондаған, жүздеген жылдар бойы тәжірибе жинақтаған өркениетті елдердің өткен жолдарын біздің жас мемлекетімізге аса қысқа уақыт ішінде жүріп өтуге тура келді. Сондықтан егемен елдің бірінші Конституциясын жасауда асығыстыққа жол берілді. Нақтылап айтсақ, бірінші Конституцияны жасау барысында ел ішінде болып жатқан саяси-экономикалық және әлеуметтік т.б. процестерді бірден ой елегінен өткізу, мемлекетіміздің мүмкіндіктері мен жоспарларын ғылыми тұрғыдан нақты айқындау әлі мүмкін болмады. Осыған байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» деген еңбегінде былай деп жазған болатын: «Еліміздің алғашқы Конституциясы 1993 жылғы қаңтар айында күшіне енген бойда-ақ, өзінің кемшіліктерін, әлеуметтік-экономикалық және саяси процестердің шын ахуалынан аулақ жатқандығын көрсетті». Конституция жобасын жасаушылар көп жағдайда «еркіндік» сөзінен туындаған асқақ сезімнен шыға алмады. Оның үстіне бұған біздің қоғамның тарихында осы уақытқа дейін орын алған коммунистік қиялдар мен қағидалар да өзінің едәуір ықпалын тигізді. Осындай себеп-салдарға байланысты жас тәуелсіз мемлекеттің жаңа Конституциясын қабылдау қажеттілігін уақыттың өзі алға тартты. Осылайша, елімізде конституциялық реформа жүргізу қажеттілігі туды, парламенттік дағдарыс, 1995 жылдың көктемінде Үкіметтің орнынан түсуі жаңа Конституция қабылдауға әкелді. Жаңа Конституция жобасының негізіне адам және азаматтардың бос­тандықтары мен құқықтарының үстемдігі, берік конституциялық мемлекет құру тұжырымдамалары салынды. Өзінің құрылымы мен заңдық техникасы жағынан еліміздің жаңа Конституция­сы белгілі дәрежеде Француз Рес­публикасы, АҚШ, Корей Республикасы, Ресей Федерациясы сияқты, яғни демократиялық өзгерістерді іске асыру мақсатында халық пен мемлекеттің мүдделерінің бірлігіне ең жоғары кепілдік үшін биліктің барлық салаларын үйлестіруді қамтамасыз ететін елдердің дәстүрлі Конституцияларына ұқсас болып шықты. Соның негізінде Қазақстанның президенттік республика жолына түскені айқын байқалды. Барлық басты билік Президенттің қолына шоғырланды. Президент конституциялық негізде Парламентті шақыру немесе тарату және заң шығару бастамашысы құқығына ие болды. Сонымен бірге Президент Конституция талабына сәйкес заң шығарушы, атқарушы және сот биліктері арасында өзара өкілеттілікті, олардың ара-қатынасын үйлестіреді.  Президенттік республиканың 1995 жылы құрылған саяси жүйесі 2000 жылдардың екінші жартысына қарай өзінің тарихи міндетін толық көлемде орындап шықты. 1995 жылғы Конституция Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігінің негізін салды. 1998, 1999, 2007, 2017, 2022 жылдардың конституциялық реформалары саяси билік институттарын ары қарай жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы қатынастарды реттеп, қазіргі заман талаптарына сәйкестікке келтіруге бағытталған. Сонымен қатар Конституцияда тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің халықаралық беделін жоғарылатудағы тарихи маңызы ерекше атап көрсетілген. Онда біздің егеменді мемлекетіміздің әлем қоғамдастығы алдындағы мән-мағынасы, рухы мен бүкіл болмысы, оның өркениетті даму кезеңінің ерекшеліктері, әлемдік демократиялық құндылықтары жан-жақты көрініс тапқан. Ата Заңда қоғамда қолданылып жүрген жаңа ұғымдар мен атаулардың ғылыми және күнделікті айналымға енгізілгенін байқау қиын емес. Соның арқасында жаңа кезеңдегі нарықтық термин атаулары арнаулы, түбегейлі теориялық және қолданбалы салаға ауысты, қоғам тұрмысының ажырамас бөлігіне айналды. Бұл – Конституцияның сөзсіз жаңашылдығы. Ата Заңның ерекшелігі – ол билік тармақтарының ешқайсысына, мемлекеттік лауазым иелеріне конституциялық құқықтарды бұзуға жол бермеуінде. Мейлі, ол елдің Президенті немесе қатардағы қызметкер болсын, негізгі конституциялық құқықтарды, соның ішінде адам құқықтары мен бос­тандығын аяққа басуға жол бермейді. Бұрынғы Ата Заңда көрсетілген, бірақ жете тиянақталмаған көптеген маңызды мәселелердің түйі­ні Конституцияда жаңаша шешілген. Конституцияда республиканың азаматтығы туралы талас-тартысқа біржолата нүкте қойылған. Осыған байланысты Қазақстан Конституциясында қос азаматтық болмайтыны заң жүзінде бекітілді. Қазақстан жаңа Конституцияны қабылдау арқылы дүниежүзілік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын алды. Қазіргі Ата Заң – еліміздің өтпелі және одан әрі алға даму кезеңіндегі маңызды тарихи құжат. Сондықтан республиканың әрбір азаматы оның мазмұнын жете біліп, талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті.

Ата Заңымыздың негізгі қағидаларына сүйене отырып, соңғы кездері мемлекетіміздің басшылығы әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше күш салуда. Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде қабылданған бағдарламалық-стратегия­лық құжаттардың негізгі мазмұны әрбір қазақстандыққа деген қамқорлықтан тұрады. Қазақстан егемендік алуымен байланысты қазақ халқының рухани өмірінде де жаңа процестер кеңінен өріс алды. Халыққа білім беру, ғылым мен мәдениет өз дамуының кең жолына шықты.  Қорытып айтқанда, жоғарыда баяндалған маңызды шаралардың барлығы мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтауға, республика халқының бірлігін нығайтуға, оның әлеуметтік-тұрмыс жағдайын, денсаулығын, тіршілік сапасы мен деңгейін арттыруға бағытталғанын жан-жақты ашып көрсетеді. Осының барлығына біздің қолымыз Ата Заңымызда көзделген тарихи ережелерге сүйене отырып, оған 2022 жылғы референдумда енгізілген аса маңызды саяси, түбегейлі демократиялық өзгерістерді жүзеге асыру, атап айтқанда: Жаңа Қазақстан қоғамының экономикалық, саяси және рухани жаңғыруын қамтамасыз ету, ғылым мен білімнің инновациялық жүйесін дамыту арқылы қолымыз жетеді.

Талғатбек ӘМИНОВ,

Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, қауымдастырылған профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button