Елорда тынысы

Конституциялық реформа – келешек кепілі

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Конституция» залында конституциялық реформаларды түсіндіру сұрақтары бойынша республикалық қоғамдық қолдау штабы мүшелерінің елордалық зиялы қауым өкілдерімен және мәдениет ұйымдарының қызметкерлерімен кездесуі өтті.

[smartslider3 slider=3004]

Жиынды Бас редакторлар клубы қоғамдық бірлестігінің президенті, белгілі журналист Бибігүл Жексенбай жүргізіп отырды. Кездесуде алғашқы болып сөз алған штаб жетекшісі, Қазақстан мәслихаттар депутаттары республикалық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев конституциялық референдум өткізуге екі аптадай уақыт қалғанын еске салып, ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай, белсенді қатысу әрбір азаматтың басты міндеті екенін атап көрсетті.

«Бұл күн – келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Қазіргі күнде қарқынды жұмыс жүргізіп жатқан штабтың мақсаты – референдумның мән-маңызын бұқара халыққа барынша сауатты түрде жеткізу, халықты ақпараттандыру. Қазіргі болып жатқан реформалардың бәрі де Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасының логикалық жалғасы. Президент ұсынған конституциялық реформа еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси дамудың жаңа сатысына көтерілгендігін көрсетеді» деді ол.

Әрі қарай дөңгелек үстелде сөз кезегін алған зиялы қауым өкілдері ел тағдырына елеулі өзгеріс әкелетін саяси, тарихи қадам – бүкілхалықтық референдум төңірегінде тіл тиегін ағытып, өздерін толғандырып жүрген өзекжарды, көкейкесті мәселелерді ортаға салды. Қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы Есберген Алауханов халық арасында референдум не үшін керек болды деген заңды сұрақтың туындап отырғанын, осыған байланысты түсіндіру жұмыстарының өзекті екенін айта келіп, кешегі қаңтар оқиғасынан кейін заман өзгергенін, соған сәйкес заңға да өзгерістер еніп жатқанын еске салды.

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қыдыр үштен біріне жуық мәтіні өзгеріске түсетін, соның нәтижесінде қайта түлеп, жаңаратын Ата Заң «Жаңа Қазақстанның» тірегіне айналып, тиімді реформаға жол ашатынына тоқталды.

Журналист Алма Сайлауқызы балаларымыздың болашағы қалай болады деген күдікке толы көңілдерге үлкен үміт сыйлаған референдум бастамасын толық қолдайтынын айта келіп, «Менің замандастарымды қуантқаны – еліміздің суперпрезиденттік жүйе­ден классикалық президенттік жүйеге ауысуы. Президентіміз біраз өкілеттігінен бас тартып, қоғамның дамуына сәйкес әрекеттерге көшкені көңіл сүйсінтеді. Бір адамның айналасына барлығын матап тастаған ескі жүйеге өзгерістер еніп, ешкімге заң алдында артықшылық берілмейтін жаңа жүйеге алмасып жатқанымыз да оң өзгеріс. Біз жүздеген қадамның алғашқы қадамын жасауға дайын отырмыз, осының өзі – үлкен жетістік, қоғамға жаңа леп келіп, жаңа өзгеріс болып жатқаны да зор медет» деді.

Жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел осы жиынның мән-маңызына тоқтала келіп, референдум өткізу өте дұрыс таңдау болды деп санайды.

«Бұл саяси науқанда өте маңызды мәселелер көтеріліп отыр. Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жол ашатын, оңды серпілістер мен сілкіністер әкелетін үлкен саяси реформа болайын деп тұр. Мемлекет басшысының осы саяси реформаны Ата Заңға өзгерту мен толықтырулар енгізуден бастағаны құптарлық қадам деп айтуға болады» деді ол.

Ерлан МАЗАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button