КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА – ҚОҒАМДЫ ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУДЫҢ ШЫНАЙЫ ҚАДАМЫ
Ата заңымызды күнделікті оқып үйрену, оның басты қағидаларымен мұқият танысу, оның әрбір әрпінің астарында аса зор мән-мағына барын көрсетеді. Өйткені, әрбір азаматтың міндеті Ата заңды және соның негізінде қабылданған Қазақстан Республикасы заңдарын бұлжытпай орындау. 1995 жылғы Конституция біздің мемлекетіміздің тарихындағы тұңғыш Ата заң емес. Қазақстан Республикасы өзінің егемен мемлекет ретінде қалыптасуында конституциялық-құқықтық дамудың бірнеше сатыларынан өтті.
Еліміздің Ата заңының қалыптасуына белсенді түрде үлес қосып, оны негіздеу жұмыстарына жетекшілік жасаған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміздің конституциясына қатысты: «Жалпы таным тәжірибесі және соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік-құқықтық дамуы елдің конституциялық қалыптасу тарихынсыз жаңа тәуелсіз мемлекеттің конституционализм теориясы да болмайтындығын үйретеді» деп жазды.
Кеңестік заң баптарының мән-мағынасы сол өмір сүріп отырған кезеңнің әлеуметтік-саяси жағдайымен тығыз байланысты болды. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік-құқықтық дамуында өз алдына егеменді мемлекет құруды аңсаған алаш зиялыларының саяси-құқықтық көзқарастарының маңызы өте зор. ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» партиясының жетекшілерінің конституциялық идеяларынан тәуелсіз мемлекет құрудың негіздерін байқаймыз.
Егеменді Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев алаш қайраткерлерінің негіздеген конституциялық жобасының маңызын атап өтеді: «Әр әрпінің демократизмімен белгілі 1937 және 1978 жылдардағы Қазақ КСР конституциясынан гөрі, Алаш Үкіметінің (1917-1919 ж.) конституциялық жобасында конституционализм көбірек екенін сенімді түрде ауыз толтырып айтуға болады».
1990-жылдардың басында Қазақ КСР-інде, содан кейін Қазақстанда 1978 жылғы Конституцияға өзгерту енгізген бірнеше заңдар қабылданды.1990 жылдың 20 қарашасындағы «Мемлекеттік билік құрылымын жетілдіру туралы» заң бойынша Конституцияға Президент атқарушы және басқарушы биліктің басшысы деген ереже енгізілді, Министрлер кеңесі Министрлер кабинеті болып қайта құрылды. Сонымен қатар мемлекеттің одан әрі дамуына қажетті бірнеше маңызды заңдар қабылданды. Солардың қатарында 1991 жылғы 15 ақпандағы «Жергілікті өзін-өзі басқару және Қазақ КСР-ның жергілікті Кеңесінің халық депутаттары туралы» заңды, 1991 жылғы 10 желтоқсандағы «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атын өзгерту туралы» заңды, 1991 жылғы 20 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» конституциялық заңды және басқаларды атап өтуге болады.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңды қабылдады. Бұл заңда Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде барлық аумағында толықтай билігін жүргізетіндігі, өзінің ішкі және сыртқы саясатын өзі анықтайтындығы бекітілді. Бұрынғы Қазақ Республикасының жер аумағы жаңа тәуелсіз мемлекеттің территориясы ретінде мойындалып, оның бөлінбейтіндігі және қол сұғуға болмайтындығы жарияланды.
Барлық ұлттардың азаматтары енді біртұтас Қазақстан халқын құрады. Мемлекеттік билік қазақ халқының еркіндігіне негізделді. Заң барлық азаматтардың ұлтына, шығу тегіне, лауазымына, тұрған жеріне қарамастан еркіндік пен құқыққа тең ие деп жарияланды. Заңда Қазақстан мемлекетінің құрылымы айқындалып, алғаш рет мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөлу принципі мойындалды.
1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі егеменді тәуелсіз мемлекеттің бірінші Конституциясын қабылдады. Конституция құрылымдық жағынан алғысөз,4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды. Конституция тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуда, азаматтардың тең құқылары мен бостандығын жариялайтын, еркін көрсететін мемлекеттік жаңа ұйымдарды құруда мәні зор болды. 1993 жылғы Конституцияның негізінде КСРО-ның бұрынғы одақтас республикаларының сол кезеңдегі жаңа саяси жағдайына басым көзқарасты парламенттік республиканың үлгісі жатты. Бұл Конституция өз уақытында қажетті қызмет атқарғанымен, мемлекеттегі көптеген мәселелерді атап айтқанда, меншік мәселесін, басқару жүйесіне қатысты мәселелерді, Жоғарғы Кеңестің шексіз өкілеттіктерге ие болуын және тағы басқасын толыққанды реттей алмады.
Осы орайда, қоғамдық өмірдің өзі конституцияны қайта қарау туралы мәселені күн тәртібіне қойды.Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жаңа Конституцияның жобасы әзірленіп, бүкіл халықтың талқылауына берілді. Конституция жобасын талқылау барысында көптеген ұсыныстар, ескертулер айтылды. Олардың ең қажетті, қисындылары ескерілді. Бүкілхалықтық дауыс берудің (референдумның) нәтижесінде 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.
Тарихи деректерге сүйенсек, ұдайы дамып, жетіліп, өзгеріп отыратын мемлекеттік құрылыс пен қоғам өмірі конституцияның дамуына әкеледі. Ал, конституциялық реформа – қоғам дамуы тұсындағы қажеттілік пен бұқараның құқықтық таным талабы бойынша үкімет әрекетімен және саяси-құқықтық шешімдердің тізбегімен дүниеге келетіні белгілі. 1998 жылғы 7 қазанда Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа өзгерістер мен толықтырулар қос палата қызметінің мерзімі, депутаттардың сайлануы, Үкімет мүшелерінің құзыреті шегінде анағұрлым кең дербестік беру, әкімдерді сайлау тәртібін бекіту мәселелеріне қатысты болды. Қазақстан саяси партиялардың пропорционалды өкілеттік негізінде партиялық тізім бойынша Мәжіліс сайлауына қатысуына мүмкіндік жасады.
Қазақстандық қоғам дамуы мен мемлекеттің жаңа жағдайдағы негізгі қырларын айқындау мақсатында халықаралық тәжірбиеге сүйенген конституциялық реформа жүргізу мәселесі көтерілді.
2007 жылғы мемлекетіміздің саяси жүйесіндегі құқықтық реформалар уақыт талабынан туындаған өзгерістер болатын. Президенттік басқарудан демократиялық сипаты басымырақ парламенттік жүйеге өту кезеңі келді. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік және тежемеліліктің тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталды. Біз-дің ойымызды адам мен азамат құқылары жөніндегі 1789 жылғы француз Декларациясындағы мына бір қағида бекіте түседі: «Құқық кепілдігі жоқ және билікті бөліске салмаған қоғамда конституция болмайды».
2007 жылғы 16 мамырда парламенттің қос палатасы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Конституцияға өзгерістер енгізу туралы ұсынысын қолдап дауыс беріп, 2007 жылғы 21 мамырда арнайы заң қабылданды.
Тәуелсіз Қазақстандағы саяси-құқықтық өзгерістердің нәтижелі болуын қамтамасыз етуге, қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың жаңа тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің қалыптасуына ықпал ететін конституциялық реформалардың маңызы зор.
Конституциялық реформа – мемлекетімізді одан әрі демократияландыру жолындағы маңызды тарихи кезең. Бұл реформалар саяси-әлеуметтік дамуға, экономикалық жаңару мен жаңғыруға үлкен серпін берді. Конституцияның жаңа үлгісімен мемлекетіміз ұзақ жылдар алға қойған үлкен мақсаттарды орындауға қадам басты. Конституциямызға енгізілген демократиялық өзгерістердің негізгі бағыттарын мыналардан көруге болады. Біріншіден, бірқатар билік уәкілетті Парламентке өтті, яғни құзыреттік міндеттер қайта бөлінді. Осылайша Парламенттің рөлі күшейіп, мемлекеттік басқаруға жаңа үлгі – президенттік-парламенттік басқару жүйесі бекітілді. Елбасының депутаттық корпуспен билік өкілеттігін бөлісу күшпен немесе қысыммен емес, Президенттің өзі қабылдаған шешім бойынша жүзеге асып отыр.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, Парламент жаңа өкілеттікке ие болудың арқасында Үкімет құрамын жасақтау, сондай-ақ қажет кезінде үкімет мүшелері – министрлерді кері шақырып алу және атқарушы билік органдарына бақылау жасау құқына ие болды. Заң шығарушы ұйым реформаларға тиісті заңнамалық база қалыптастырумен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға да бақылау жасайтын болды.
Мемлекеттік биліктің бірыңғай жүйесінде сот билігі өте маңызды орынды алады. Сот билігі адамдар мен ұйымдардың заңды мүдделері мен еркіндіктерін, Конституцияның, заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді. Сот билігі жазалап қана қоймай, ең алдымен, адамдардың құқылары мен еркіндіктерін қорғайды.
Реформаға сәйкес Әділет біліктілігі алқасы таратылып, Жоғарғы Сот Кеңесінің рөлі күшейтілді. Әр деңгейдегі судьяларды тағайындау тәртібі ауысып, енді Жоғарғы Сот Кеңесі барлық деңгейдегі соттардың судьяларын тағайындауға ұсыным жасайды. Осылайша республикадағы барлық судьялар бірдей мәртебеге ие болып, барлығы бір тәртіп бойынша тағайындалады. Жоғарғы Сот Кеңесі консультативтік ұйымнан жеке, тәуелсіз органға айналды. Конституциядан Жоғарғы Сот Кеңесінің құрамын реттейтін баптар алынып тасталып, бұл мәселелер заңның негізінде анықталады. Жоғарғы Сот Кеңесі соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ететін, соттарды конкурстық негізде іріктейтін, сот жүйесін жетілдірумен айналысатын болды.
Сонымен қатар конституциялық өзгерістерге сәйкес азаматтардың конституциялық құқыларын қорғауға кепілдік беретін маңызды мәселенің бірі – сот жүйесіне қамауға алуға санкция беру тетігі енгізілді. Бұл айыптаушы мен қорғаушының қатысумен жүзеге асырылады, әрі әділ шешім қабылдауға жол ашады. Мұны принциптік тұрғыда жаңашыл өзгеріс деуге болады.
Ата заңның жаңа нұсқасы негізінде Қазақстан өлім жазасын қолданбайтын елдердің қатарына қосылды. Бұл – мемлекет тарапынан қылмыстық саясатты гуманизациялауға сәйкес жасап отырған қадамдарының бірі.
Сот-құқықтық реформа – жетілдіру мен дамытуды қажет ететін кең ауқымды және ұзақ мерзімді үрдіс. Сондықтан реформалардың нәтижелерін талдап,оның ішкі мазмұнын толықтыруда көптеген жұмыс атқарылды.
Конституцияға енгізілген өзгерістер саяси тұрақтылық, ұлтаралық татулықты жетілдіруге бағытталды.Парламент депутаттарының саны көбейіп, Қазақстан халқы Ассамблеясына парламенттен орын берілуі осының айғағы. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстан халқы Ассамблеясын «БҰҰ-ның кіші Ассамблеясы» деп баға берген. Мұндай институт әлемнің бір де бір елінде жоқ.Мәжілісте бұдан бұлай 107 депутат орын алып, соның 98-і партиялық тізіммен сайланып, қалған 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесіне тиеді.Бұл көп ұлтты және көп конфессиялы Қазақстан Республикасы үшін салиқалы, салмақты және көрегендік саясат.
Жергілікті өзін-өзі басқару азаматтардың құқылары мен еркіндіктерін қамтамасыз ететін халық билігінің институты болып саналады. Нақты бір жердің әлеуметтік, экономикалық және басқа мәселелерінің шешілуі жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуымен тығыз байланысты.
Мәслихат рөлінің артуы, облыс әкімдерін мәслихаттың келісімін алып тағайындауы біздің саяси-құқықтық жүйедегі ерекшелікті көрсетеді. Мәслихаттар әкімдердің аймақтағы ісіне бақылау жасау мүмкіндігіне ие болды.Олар аймақты дамытуға қатысты бағдарламаларды дайындауға және қабылдауға, сонымен қатар бюджеттің орындалуын бақылауға қатысады.
Қазіргі таңда елімізде Ата заңымыз бен ұлттық заңдарымыз адамдардың шығармашылық, жасампаздық қуатын күшейтіп, кәсіпкерлікке шабыттандыруда. Бұл сөзімізге, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы Сұлтан Сартаевтың «Біз конституциялық кеңістікте өмір сүрудеміз» деген пікірі дәлел бола алады.
Енді болашақта Қазақстанның конституциялық дамуы мен өзгеруі ұлттық мемлекеттің арқалаған міндеттерін шеше алатын конституциялық принциптермен және мемлекеттік-құқықтық институттармен тығыз байланысты болмақ. Еліміз мүше болған Кеден одағының дамуындағы мәселелердің рөлінің маңызы арта түспек. Ұлттық деңгейден жоғары тұратын ұйымдар құру кезінде конституциялық заңдылық мәселелері өзекті болады.
Елбасы Ата Заңның дайындалуы барысында саяси көрегенділікпен: «Мен жұмыс барысында қоғамның бір орнында тұрмайтынын, жаңа сан қилы сапалық деңгейлерге көтерілетінін, кез келген мемлекеттік шешімдер мен құжаттар да ерте ме, кеш пе, бәрібір уақыт талабынан қалып қоятынын ойладым. Ондай кептен қоғам мен мемлекет өмірінде болып жатқан шын өзгерістерді бейнелеуге тиісті Конституцияның да қашып құтыла алмайтындығы даусыз. Сондықтан да кез келген елдегі конституциялық процесс Конституцияның қабылдануымен тоқтап қалмайды. Әлеуметтік-экономикалық және саяси процестердің құқықтық кепілдемесі қоғамдағы өзгерістер қарқынына ілесіп қана қоймай, алға озып отыруға тиісті» деп, алдағы уақытта ірі реформалар мен қоғамдағы өзгерістердің болатынын, оған алдын ала дайын болу керектігін дәл болжап берді.
Елімізде кезең-кезеңмен өткізілген конституциялық қайта құрулар мемлекеттік құрылымның тиімді дамуына, демократиялық қағидаларға сүйеніп азаматтық қоғамның мүдделерін қамтамасыз етеді.Қазіргі қазақстандық жүйе биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталған.Жалпы, конституциялық реформа Қазақстанды шынайы демократияландыруға қарай жасалған нақты қадамдардың бірі болды деп нық сеніммен айта аламыз.
Жамаладен ИБРАГИМОВ, Қазақстан Республикасы Заң шығару институтының
жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты