Басты ақпарат

Конституциялық реформаны халық қолдайды

Қазіргі кезде Қазақстан өз ­тарихының жаңа парағын ашуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты референдум өткізуді ұсынды. Ата Заңға енетін өзгерістер мен толықтыруларды бекіту үшін референдум өткізуді халық жаппай қолдауда. Мұның өзі мемлекет тағдырына, елдің өркендеуіне әр азаматтың жауапты екенін түсінуі азаматтық ұстанымын айқындауы деп қабылдаймыз. Бұл – билік пен қоғам байланысын жақындата түсетін үлкен мүмкіндік. Осы мүмкіндік біздің алдағы даму болашағымызға да оң бағдар болары сөзсіз. Бүгінгі «Еlorda club» айдарында еліміздің белгілі заңгерлері референдумға қатысты өз ойларын ортаға салады.

[smartslider3 slider=3035]

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, заңгер, қоғам қайраткері:

– Ата Заңымызда бұрын «Жер мәселесін мемлекет шешеді» деп жазылса, ендігі жерде бұл мәселені халықтың өзі шешеді. Жерден үлкен мәселе жоқ! Жер, жер байлығы, су және т.б. байлығымыздың кімге тиесілі болатынын халық шешеді. Халыққа сондай мүмкіншілік береміз. Меніңше, бұл мәселе бекерден бекер Ата Заңымызға жазылып отырған жоқ. Мұның астарында не барына назар аударайық.

Қазір еліміздегі жер байлығының (мұнай және т.б.) 50 пайызы – шетелдіктердің қолында. Сол байлығымызды болашақта ұлттық компания­ларға беру керек. Мәселен, «Теңізшевройл» сияқты алып компаниялар Қазақстанның байлығын сорып отыр. Кезінде көп нәрсеге көңіл бөлмей, құжаттарға қол қойдық. Соның арқасында 30 жылдай ұлттық байлығымызды шетелдіктер алды. Осы байлығымызды өзімізге қайтаруымыз қажет. Егер мүмкіндік болып жатса, бұрын қол қойылған құжаттардың бәрін қайта қарауға тиіспіз. Жерден, жерді пайдаланудан түсетін табыс, салық, түсімдердің бәрін халыққа бөліп беретін кез келді. Жерге байланысты мәселе Ата Заңымызда осыған орай жазылып отыр деп ойлаймын.

Ең үлкен мәселенің бірі – Конс­титуциялық Соттың құрылуы. Заңгер ретінде осы өзгерісті түсіндіріп берейін. Мысалы, Ата Заңымыздың 7-бабының 1-тармағында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Осы тармаққа қатысты мәселені ешкім түсіндірмейді. Егер болашақта осы мәселе қаралып, «Біздің елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ресми тіл дегеніміз – қолданыстағы тіл. Оны мемлекеттік тілмен теңестіруге ешқандай қажеттілік жоқ» деген Конституция­лық Соттың шешімі шығуы мүмкін. Жаңадан құрылатын Сотта шешілетін мәселенің бірі осы деп санаймын. Сол кезде қазір Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса көтеріп жүрген тілге қатысты мәселенің бәрі өзінен-өзі шешіледі.

– Референдум – халық билігінің айқын үлгісі. Әрбір қазақстандықтың өз азаматтық ұстанымын білдіру арқылы «Жаңа Қазақстанды» құруға тікелей үлес қосуының жарқын көрінісі

Ата Заңымызда жазылғанмен, соңғы 8 жылда орындалмай келген баптың бірі – сайлау­ға және сайлануға қатысты мәселе. Бір анығы, еліміздегі әрбір адамның сайлауға және сайлануға құқы бар. Осылай деп жазып қойдық. Бірақ партиялық тізіммен кіру деген өзгеріс енгізіп, Конституциядағы осы қағидатты өзіміз бұздық. Турасын айтсақ, Ата Заңға ешкім қараған жоқ. Мысал керек пе, айтайын. Конституцияда жазылғандай, сайлану үшін ең алдымен, бір партияның мүшесі болуың керек. Ал мен ешқандай да партияның мүшесі болғым келмейді. Мені мажоритарлық жүйеге неге жібермейді? Көптен бері халықты ойландырған осы мәселе референдумға шығарылды. Енді, міне, әр адамның сайлауға және сайлануға құқығы бар, ол бұзылмайды.

Бұдан бөлек, бұрын Конституциялық Кеңеске депутаттардың бестен бір бөлігі ғана ұсыныс бере алатын еді. Ал қарапайым халықтың құзырлы органға арыздануға, ұсыныс жолдауға құқы болмаған. Референдумда халық осы өзгерісті қолдаса, онда кез келген адам Конституциялық Сотқа арыздануға құқылы болады. Меніңше, бұл да – үлкен жетістік.

Марат БӘШІМОВ, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры:

– Бүгінгі таңда елімізде үлкен тарихи оқиғалар болып жатыр. Президенттің  Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі барлық бастамалары өзекті және дер кезінде болып отыр. Оны қоғам күтіп тұр, ол болашаққа үміт сыйлайды. Тағдырымызбен тамырлас, тарихымызбен тағдырлас тау суындай арынды да сарқылмас құдіретті күш бар, ол – ұлтжандылық пен отансүйгіштік. Отансүйгіштік – халықтың тәлім-тәрбиелік дәстүрге жүргізілген ұлттық тәрбие негізінде қалыптасып тектілікке жеткізер рухани күш, адам мен қоғамның алға қойған ортақ мақсаттарына қол жеткізер киелі қасиет. Тәуелсіздік белгілерін қадірлеу, мақтаныш тұту – біздің басты міндетіміз! Еліміздің рәміздері, Конституция.

   Конституцияның барлық ережелерінен біздің ерекше қазақстандық қолтаңбамыз, біздің халқымыздың өресі мен дәстүрлеріне және болашақтағы перспективасына сәйкесетін өз болмысымыз байқалады. Конституцияның соңғы мәтініне қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі жолындағы экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекеттік өмірдегі барынша маңызды мәселелерді демократия­лық тәсілдермен шешу сияқты Қазақстан Республикасының базалық принциптері қосылды.

Мемлекет басшысы бастамашылық еткен конституциялық реформа қоғамда мүдделі және сындарлы түрде талқылануда. Талқылау барысында жұртшылық конституциялық реформаның барлық тармақтарын, соның ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қатысты жекелеген нормаларды Конституцияда алып тастау туралы түзетулерді де қолдады. Бұл – Тұңғыш Президенттің қатарынан екі реттен артық сайлану құқығы туралы норма және оның мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және Конституциялық заңмен айқындалады деген норма.

Сондықтан Конституцияға түзетулер жобасын әзірлеген жұмыс тобының кейбір мүшелері Мемлекет басшысына Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін негізгі заңнан алып тастау туралы ұсыныс жіберді, сондықтан ол ешқандай құқықтық жүктеме көтермейді. Н.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болғаны тарихи фактінің өзі ерекше заңдық тұрғыдан бекітуді талап етпейді.

Қорытынды отырыстың нәтижелері бойынша Конституциялық Кеңес Конституцияға түзетулер жобасының конституциялылығы туралы шешім шығарды. Осылайша, түзетулер жобасына сәйкес, Тұңғыш Президент, оның мәртебесі мен өкілеттігі туралы барлық нормалар Конституциядан толығымен алынып тасталады. Бұл жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның демократиялық бағытын тағы да көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы сөз жүзінде емес, іс жүзінде өзінің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына берік ұстанымын тағы да растады.

Өзгерістің барлығы халыққа керек, олар оны күтіп отыр. Конституцияға енгізілген өзгерістің барлығы – тарихи дүние. Ол құқықтық, саяси жағдайдың бәрін өзгертеді. Бастысы, оның халыққа пайдасы болады.

Сара ЫДЫРЫСОВА, заң ғылымдарының докторы, профессор:

– Референдум – халық билігінің айқын үлгісі. Әрбір қазақстандықтың өз азаматтық ұстанымын білдіру арқылы «Жаңа Қазақстанды» құруға тікелей үлес қосуының жарқын көрінісі. Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстанды», екінші республика құру идеясының референдум өткізуден бастау алуы –  тарихи оқиға. Өйткені бұл – 27 жылдан кейін өткізіліп отырған екінші референдум. Бұған дейінгі Конституцияға өзгерістер Парламентте талқыланып, енгізіліп келген. Өткізілгелі отырған референдумның тарихи мән-маңызы – ол тұтастай ұлттың тағдырына қатысты мәселелерді халықтың талқысына шығару, оның мемлекеттік билікке тікелей қатысуын қамтамасыз ете отырып, демократия негіздерін орнықтыру.

Қазір баспасөз беттерінде болсын, әлеуметтік желілерде болсын әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Ең бірінші, біз мынаны түсінуіміз керек. Қазір Конституцияның 33-бабына 56 өзгеріс енгізіліп отыр. Ал бұл өзгерістер болмаса, бізге алға жылжу жоқ. Біз жақсы өмір сүргіміз келеді, «Жаңа Қазақстанның» азаматы болғымыз келеді. Дұрыс. Сол үшін де осы өзгерістер ауадай қажет.

Мен Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесімін. «Неге асығыстық танытып жатырсыңдар?» деген сауалдар қойылады. Рас, жаңадан Ата Заңды қайта жазатын болсақ, кем дегенде бір жыл уақыт кетер еді. Ал оны бүгінгі қоғамдағы қордаланып қалған жағдайлар күтпейді. Сондықтан осыны жете түсініп, Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев ең шекті бір ай уақытты таңдап отыр.

Көпшілікке айтарым, бізге, біздің қазіргі уақытқа, қоғамға оңтайлы, жеделтетілген жаңарулар ауадай қажет. Сондықтан қолда бар Конституцияны толықтырып жатырмыз. Былай қарасақ, бұл да аз жетістік емес. Ата Заңның үштен бірі өзгерейін деп тұр.

Мен сіздерге айтайын, Мемлекет басшысы бұл жерде уақыт тығыз болса да, халықтың пікірімен санасып отыр. Референдум бұл – тікелей демократиялық институт. Сондықтан халық шешсін, бұқараның даусы маған маңызды деп отыр.

Егер заң маманы ретінде айтар болсам, бұл толықтырулар мен өзгерістер де халыққа қажет, елде саяси-экономикалық реформа жасауға мүмкіндік беретін нормалар баршылық.

Әрине, біз бәрін бірден бола қалсын дейміз. Ал мойындасақ, бәрі бірден бола қалмайды ғой. Менің өзімнің осы Ата Заңға қатыс­ты он шақты ұсынысым болды. Бірақ олардың бәрін ескеріп, өткізуге мына күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелер тұрғанда мүмкіндік болмай тұр.

Жалпы алғанда, саяси даму жолы демократиялық бағытты ұстанған Қазақстан жаңа белес­ке көшуде. Елдің барлық даму салалары бойынша өзгерістерге мұрындық болар саяси бағытта реформалар басталып та кетті. Парламенттің өкілеттігін арттыру, сайлаудың мажоритарлық түріне көшу, президенттің туыстарына мемлекеттің шешуші басқару тұтқаларына ие болуына шектеу қою, тағы басқа да толып жатқан  бастамалар жүзеге асырыла бастады. Ендігі жерде сөзсіз, Ата Заңымыздағы осы өзгерістер мен толықтыруларды қолдау халық өкілеттігін шынайы түрде арттыруға, өмір тұрмысымыздың жақсаруына  әкелуі керек.

Абзал ҚҰСПАН: заңгер:

– Референдум деген сөздің өзі – талқылау, әркімнің ой-пікірін білу, әрқайсымызға таңдау жасауға мүмкіндік беру деген мағынаны білдіреді. Біз бүгін жаңару, жетілу жолындамыз. Сондықтан кешегінің қателіктерін қайталамай, одан сабақ алу үшін Президент Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді халық талқысына салып отыр. Референдум шын мәнінде аса маңызды демократиялық институт екенін жұртшылық жақсы біледі.

Қазақстанның тарихында бес конституция болыпты. Оның үшеуі – Қазақстан Кеңестер Одағының құрамында болған кездегі конституциялар. Алғашқысы – 1926 жылы, одан кейін 1937 жылы, сосын 1978 жылы. Бірақ бұл конституциялардың заңдық құны жоқ. Тек тарихи құжат ретінде сақталған.

Ал енді еліміз Тәуелсіздік алғасын 1993 жыл мен 1995 жылы қабылданған Конституциялардың жөні бөлек.

Біреулер «1993 жылғы конституцияны неге қайтармайсыздар?» деп жатады. Жоқ, заңгер ретінде айтайын ол Ата Заң да біздің бүгінгі талаптарымызға толық жауап бере алмайды. Өйткені қазір бізде заман басқа, заң басқа, мемлекеттік құрылым басқа.

Басқасын былай қойғанда, даулы екі бөліміне тоқтала кетейін. Біріншісі – жерге меншік құқын беру туралы. Ал не болды, айналып келгенде, жер шетелдіктерге сатылмасын деп бес жыл айқайласып сол бапты әрең бекіттірдік. Екіншісі, парламентке үлкен өкілдіктер берілді. Менің ойымша, 1993-1995 жылдары шекарамыз әлі бекімей, белгілі бір құжаттармен рәсімделмей тұрғанда парламентке артықшылық құзыретін беру қауіпті еді.

Ал енді 1995 жылы бұл қателіктер түзетілді. Алайда 1995 жыл мен 2019 жылдың аралығында Конституцияға бес рет өзгеріс енгізілді. Сол өзгерістің барлығы да сол кездегі Президент ­Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін күшейтуге қатысты болды. Соның нәтижесінде ол суперпрезидент болып, шексіз билікке қол жеткізді.

Ал мына референдумға енгізіліп отырған өзгерістердің бір ең басты жаңалығы және көпшіліктің қолдауына ие болып отырғаны – ол 91-баптың 2-тармағындағы Елбасы мәртебесінің алынып тасталуы. Міне, осы бап тұрғанда біз өзгеру туралы, жаңару туралы ешқандай сөз айта алмас едік. Нақтырақ айтсақ, бізде шетелге шығарылған қомақты активтер бар. «Халықтың байлығы қайда кетті?» деген сауалдар қойылып жатыр. Міне, осыған жауап беру үшін біз Ата Заңды түзеп алуымыз керек. Халықаралық заңнама талаптары бойынша сол шетел асқан активтерге қылмыстық іс қозғалмаса, біз оны қайтара алмаймыз. Сондықтан бұл өзгерістерді мен қуана қолдаймын.

Енді бір адамдар «конституцияға тек жеңіл-желпі (кометикалық) өзгерістер енгізіп жатыр. Оның халыққа берері жоқ» деп наразылық білдіреді. Менің ойымша, бұл адамдар – делитанттар.

Мен сізге айтайын: мына жерде Елбасы мәртебесін жойып, Президенттің өкілеттігін шектеп, Парламенттің құзыретін кеңейтіп отыр. Алғаш рет адам құқын қорғайтын омбудсмен институты енгізілді. Жерге жекеменшік құқы жойылмақшы. Конституциялық кеңес толыққанды Конституция­лық сотқа айналмақшы. Бұдан артық қандай өзгерістер керек? Мұны ғылым тілінде институционалды өзгерістер дейді.

Бұл ұсынылып отырған өзгеріс­тердің әр бабы жіті талқыланып, іріктеліп барып халық назарына ұсынылды деп ойлаймын. Оны қоғам, жалпы халықтың көпшілігі түсініп, қолдайтыны сөзсіз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button