Қоғам

Конверт алмайтын директор…

жүйедегі жемқорлық жойыла ма?

2007 жылы Тараз қаласындағы Әулие-Ата университетін мемлекеттік тілде тәмамдап, ұстаздық еңбек жолына қадам басуға өңірдегі білім мекемелеріне «жорыққа» шықтым. Бірақ ұстаз болуға ниетім бірден қайтып қалды. Өйткені білім мекемесіне жұмысқа тұру үшін қай жерге барсам да 800 АҚШ доллары қажет болды.

[smartslider3 slider=1556]

Бұл мәселені келесі жылға қалдырып, бір жылымды босқа өткізбейін деп Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеті мен «Қазақстан Тараз» телеарнасында уақытша спорт тілшісі қызметін атқардым. Сөйтіп, араға бір жыл салып, өз мамандығым бойынша (тарих және география пәнінің мұғалімі) тағы жұмысты белсене іздестіре бастадым. Конкурс, тест арқылы қабылданатын болғанда өтетініме еш күмәнданбадым. Сондықтан осы бағытта қызу дайындық жұмыстарын да жүргіздім. Өкінішке қарай, еш нәтижесін бермеді.

Тараздағы №9 мектебіне жұмысқа тұруға ортадағы «делдалдардан» ұсыныс түсті. Ауылдағы әкемнің «Гиссар» тұқымды 10 қойын сатып, мұғалім болуға бір қадам жасадым. Келісілген күні аталған білім ордасына 10 қойдың ақшасын қалтама салып бардым. Сөйтсем директор орынбасары «ставканы» сол күні сағат үште орталық саябақта бос орындар жәрмеңкесіне алып келуін өтінді. Мен дәл солай істедім. Бірақ «бос орындар жәрмеңкесіне келіп тұрып, қалай тегін жұмыс таппаймын?» деген ой келді. Ақшаны беруден бас тартып, тегін жұмысқа тұруға үмітімді үзіп келе жатқанда, орысша «в СШ №35 требуется учитель истории и географии» деген жазбаны көзім шалып қалды. Не болса да осыны көрейін деп шештім. Себебі сол мектеп мен тұратын үйдің дәл алдында орналасқан еді.

№35 мектепке бардым. Директор кабинетінің алдында толып тұрған кезек, өңшең жас қыздар екен. Кабинеттен директор шығып жалғыз ер азаматты көріп, мені кабинетіне шақырды. Жүрек дүрсілдеп, «бісміллә» деп кіре кеттім. Кірсем, кабинетіндегі қабырғада 2008 жылға жасалған үлкен күнтізбеде өзімнің және үш досымның суреті ілініп тұр. Бұл «Бауырсақтар» КТК (КВН) командасының құрамы еді. Студент кезде «жұлдыз» болғанбыз ғой. Күнтізбені жасаған университет бізді ұмытпағанына қуандым сол сәтте.

Директор «қай университетті бітірдің?» деп сұрады. Еш саспастан «қабырғадағы күнтізбедегі университетті» деппін ондағы өзімді көрсету мақсатында… Ақыры байқады ау, «мынау жігіт сенсің бе?» деді алдымен. Сосын «біздің мектеп – орыс мектебі. Орысша сабақ бере аласың ба?» дегенде, тағы саспастан «әрине, беремін» деп жауап бердім. Ондағы ойым – қалай болса да жұмысқа тұру. Тағы бірнеше сұрақ қойып: «мына құжаттарды жинап кел де, ертеңнен бастап жұмысқа кіріс» деп айтқанда, өңім бе, түсім бе екенін ажырата алмай қалдым. Қуаныштан кабинеттен қалай шыққанымды білмеймін. Ойыма бірден қалтамдағы 10 қойдың ақшасы түсе қалды. Ұят болмасын деген оймен тым болмаса 3 қойдың ақшасын берейін деп конвертке 300 долларды салып, қайта кірдім.

«Клара Исаққызы, мына хатты сізге ата-анамның атынан…» дей беріп едім, «хатты өзің оқы, жаңа оқу жылына дайындал» деп шығарып салды. «Ал керек болса, о заман да, бұ заман, мұндай да ғажайып болады екен ғой» деген ой мазамды алды. Қожағапанова Клара Исаққызындай мектеп директорын сол өңірде кездестіру өте сирек еді.

Бір күн өтпей бағанағы «делдалдар» мен №9 мектеп директорының орынбасары «Не болды? Алып келсейші» деп мазалап жібергенде: «Әпке, ренжімеңіз. Мен жұмыс таптым. Сіздерге бармайтын болдым» дегенімде, бірден «қанша бердің?» деген сұрақ қойды. Тегін жұмысқа тұрғанымды айтқанымда ешкім сенбеді.

Оңтүстік өңірі ғана емес, жалпы білім ордаларындағы осындай жиіркенішті жемқорлық жүйені қалай жоюға болатыны жөнінде айтар ұсыныстарыңыз болса, жаза отырыңыздар.

Елжан ӘСІЛБАЕВ,

Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицей

директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button